Accessibility links

Судья президент жарлығын бұзды деп айыпталған Болатбек Біләловтың кінәсі жоқ деп тапты


Өткен аптада Астана қаласының әкімшілік сотында басталған азамат Болатбек Біләловтың ісі бойынша дүйсенбі күні сот қаулысы жария етілді.

Бұл адам тамыз айының 27-күні Астананың орталық стадионы маңында жұртшылыққа ақпарат парақшаларын таратқаны үшін жауапқа тартылған болатын. Енді осы сот ісіне қатысқан радиомыздың тілшісі Кенжебек Нұрқасенұлының хабарына ден қойыңыздар.

Қыркүйектің 22-күні Астана қаласының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Сәуле Сәменбетова азамат Болатбек Біләлов Қазақстан Республикасының заңын бұзған жоқ деп тапты. Бұл күнгі сот отырысына прокуратура өкілдері қатысқан жоқ.

Прокуратура Болатбек Біләловті Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы наурыздың 17-індегі «Бейбіт жиын, шеру және пикет өткізу тәртібі туралы» заң күші бар Жарлығын бұзды деп айыптап, оған ең төменгі айлық есептік көрсеткіштің 5 еселеген көлемінде айыппұл салуды сұраған-ды. Ал дүйсенбі күнгі сот қаулысында айыпталушының әрекеттері әлгі Жарлықта көрсетілген шаралардың ешқайсысына жатпайтындығы, азамат Б.Біләлов таратқан ақпарат парақшаларының мазмұны Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабының 3-бөлігіне қайшы келмейтіндігі айтылған.

С.Сәменбетова, судья: - Азамат Біләлов Болатбектің ісінде құқық бұзу көрінісі жоқ болғандықтан бұл істі тоқтату туралы қаулы етемін.

Б.Біләловтің ісіне байланысты жұма күнгі сот отырысында судья С.Сәменбетованың сот процесін бақылап отырған «Азаттық» радиосы тілшісінің сотқа қатысуына тиым салғаны туралы алдыңғы хабарларымызда айтқан болатынбыз. Бұл жайтқа байланысты дүйсенбі күні Астана қаласы әкімшілік соты төрағасының атына шағым жазған соң, судья С.Сәменбетова тілшіге сотқа қатысып, журналистік міндетін атқаруына ерік берді. Сот қаулысы шыққан соң, радиомызға берген сұқбатында Б.Біләлов сот шешіміне өзінің қанағаттанатынын айтты.

- Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде заңдарды құрметтеймін және өзімнің де, басқаның да ол заңдарды бұзбағанын қалаймын. Бірақ, осы заңдылықты қорғауға тиісті заң қызметкерлері менің өз құқықтарымды жүзеге асыруыма бөгет жасап қана қоймай, осы заңдарды олардың өздері бұзғаны мен үшін күтпеген жайт болды, – дейді Болатбек Біләлов.

Сот қаулысында полиция қызметкерлері Б.Біләловті ұстаған күні одан алынған 320 дана ақпарат парақшаларды иесіне қайтарып беру туралы және осы қаулыға байланысты он күн мерзім ішінде Астана қаласының сотына шағымдануға болатыны айтылған.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG