Accessibility links

Түркия АҚШ-тан Күрд жұмысшылар партиясына қарсы шара қолдануды талап етеді


Ирақ соғысына тікелей қолдау көрсетпеген Түркия енді бұл елге әскер жолдауға ниет білдірді.

Дегенмен, Түркия Америка Құрама Штаттарына осыған байланысты шарт қоюда, Күрд жұмысшылар партиясы деген ұйымға қарсы шара қолдануды талап етеді. Түркия сыртқы істер министрі Абдұлла Гүл "Рейтер" агенттігіне сұхбат беріп, Вашингтоннан батыл қимыл күтетіндерін айтты.

"Ираққа әскер жолдау жолдамауды шешпес бұрын Вашингтоннан осы аптада нақты жауап күтеміз", - деді Түркия сыртқы істер министрі Абдұлла Гүл "Рейтер" агенттігіне дүйсенбі күні берген сұхбатында. "Қоғамдық пікір қанағат танытпай отыр, Күрд жұмысшылар партиясының көтерілісшілері хақында Вашингтоннан әлдеқайда батыл қимыл күтудеміз", - деді Түркия сыртқы істер министрі. Ирақта халықаралық бітімгершілік әскерді қоныстандыру жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйғарымы Түркия үшін "өте маңызды" болды, Ирақ шаруаларына атсалысуымызға жол ашты деді Абдұлла Гүл.

Түркия Ираққа әзірше зерттеу тобын ғана жолдады, ол әскер қоныстандыру амалдарын қарастырады.

- Полицейлік күзет емес, негізгі қызмет өтеу шаруаларын атқарғымыз келетінін Вашингтонға хабарладық. Америка Құрама Штаттарының Ирақтағы әскери билігін кеңейткіміз келмейді, керісінше, қысқартқымыз келеді, - деді Абдұлла Гүл.

Сыртқы істер министрі сонымен қатар Америка Құрама Штаттарының Түркияға сегіз жарым миллиард доллар қарыз беруге ниет танытқанын тілге тиек етті. Бұл жөніндегі қортынды шешім Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Халықаралық ақша қорының жиынында қабылданды.

- Экономикалық көмек көрсеткеніне Америкаға ризамыз, алайда Ираққа әскерді бұл үшін жолдап отырған жоқпыз. Ақша үшін атсалысқандай көрінгіміз келмейді, - деді Түркия сыртқы істер министрі.

Ирақ соғысына Түркия қол жалғамай қойғаны белгілі. Бұл жайт АҚШ пен Түркияның арасына біраз сызат түсірді. Ираққа әскер жолдау шешімін негізі парламент қабылдауға құқылы. Ол жұмысына қазан айының бірінші күні қайта кіріседі. Ирақ басқару кеңесінің мүшелері болса Түркия әскерінің төбе көрсетуіне қарсы. Ирақ пен Түркия арасындағы аса нәзік күрд мәселесінде Саддам Хұсейн кетірілген соң, осымен жаңаша парақ ашылып отыр.

Күрд көшбасшыларының саяси белсенділігінен сескенетін Түркия үкіметі Солтүстік Ирақта шамамен бес мың күрд жауынгері шоғырланды деп біледі. Күрд тәуелсіз мемлекет құрамыз деген ұранмен өткен қақтығыстарда Түркияның оңтүстік-шығыс аймақтарында 1984 жылдан бері шамамен 35 мың адамның өмірі үзілді. Күрд жұмысшылар партиясы террористік ұйым деп жарияланғанымен, Вашингтон сақтық танытып келеді. Себебі Ирақ күрдтері Саддам Хұсейнді биліктен кетіруде АҚШ-тың жанынан табылды. Түркия әскери басшылығы болса Күрд жұмысшылар партиясының жауынгерлері таулы аймақтағы шекараның нашарлығын пайдаланып, Түркия жеріне қайта қоныстанып жатыр, жаңадан бас көтермекші деп біледі.

АҚШ ресми өкілдері мәселені жақын арада Анқарада талдаған болатын. Дегенмен, Түркия басшыларының көңілі толмай отыр, олар Вашингтоннан көбірек мәлімет талап етеді. Абдұлла Гүл келесі аптада Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясына барғанда АҚШ сыртқы істер министрі Коллин Пауелмен осы мақсатта арнайы кездеспекші.
XS
SM
MD
LG