Accessibility links

Саддам Хұсейннің жойқын қару бағдарламасы жайлы


АҚШ қару инспекциясының баяндамасы келесі аптада жоғары жаққа ресми ұсынылмақ. Алайда, биліктен кетірілген Ирақтың бұрыңғы президенті Саддам Хұсейннің жойқын қару бағдарламасын әшкерелейтін нақты мәлімет табылмаған сияқты.

Баяндамада кейбір күтілген деректер бар деп бейресми деңгейде қане айтылды.

Ирақ соғысына түрткі болған жойқын қару табылуға тиіс, АҚШ әкімшілігі қару инспекциясының бастығы барлық күдікті жақын арада сейілтеді деп сыртқы істер министрі Колин Пауелл осыдан не бәрі үш апта бұрын мәлімдеген болатын. "НБС" ұлттық телекомпаниясының хабарына қатысқан Колин Пауелл американдықтарды осылай сендірген еді. Енді міне қару инспекциясының баяндамасы келесі аптада жоғары жаққа ресми ұсынылмақ. Алайда, баяндамада биліктен кетірілген Ирақтың бұрыңғы президенті Саддам Хұсейннің жойқын қару бағдарламасын әшкерелейтін нақты мәлімет ашылады деп АҚШ әкімшілігі айта алмай отыр.

Дегенмен, Ақ үйдің өкілі Скотт Маклеллан журналистермен кездескенде Ирақты қарусыздандыруға арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының соңғы он жылдағы қаулыларына сүйеніп, Саддам Хұсейнде жойқын қарудың болғанына барша халықаралық қауымдастық сенді деді. Негізгі шайқастардың аяқталғанына не бәрі төрт жарым ай өтті, мұны естен шығармаңыздар, дейді Скотт Маклеллан.

АҚШ қару инспекциясының бастығы Девид Кей Ирақта тапқан мәліметтерді Орталық барлау агенттігінің директоры Джордж Тенетке және басқа ресми тұлғаларға жақын арада ұсынбақ. Орталық барлау агенттігі жабық құжат боп табылатын баяндаманың қанша бөлігі жарияланатынын әліде болса білмей отырмыз дейді. Қару инспекциясында шамамен 1500 сарапшы мен талдаушы жұмыс істейді. Баяндама жасалған соң олар Ирақтағы іздеу жұмыстарын қайта жалғастырады деп күтілуде.

Қорғаныс министрлігінің есімі жарияланбаған өкілдері американдық газеттерге айтқандай, Девид Кейдің комиссиясы Ирақтың химиялық және биологиялық қару өндірісіне дайындалғаны жөнінде жарап қалар дәлелдерді тапқан сияқты. Осы тұста Колин Пауеллдің ауызынан екі кезде шыққан екі сөздің мәселесі көтерілді. Колин Пауелл сыртқы істер министрі қызметіне енді кіріскенде, 2001 жылдың ақпан айында Египетке барғанда "Ирақ ешқандай жойқын қару өндіріп отырған жоқ, көршілеріне кәдімгі қаруда жұмсай алмайды" деп айтқан екен. Джордж Буштың әкімшілігі жаңа жұмыс істей бастағанда айтылған сөзді Австралияның бір журналисі тауып алып, Британия теледидарында осы аптада жариялады.

Колин Пауелл бейсенбі күні журналистермен жүздескенде Ирақтан төнген қауіп жөнінде көзқарасымды ешқашан өзгерткен емеспін, қауіп жөніндегі барлау мәліметтері өзгеріп тұруы мүмкін деді:

- Саддам Хұсейн кейінен қауіп төндірді. Оның қолында болған нәрсенің көлемін әлі де болса анықтай түсу керек. Бұл 11 қыркүйектің шабуылдарының алдында көп уақыт бұрын болған жағдай. 2001 жылғы ақпан айы мен соғыстың басындағы аралықта көп нәрсе өзгерді. Ауызымнан сол кезде шыққан сөздер мен жалпы осы мәселе жөнінде айтқандарымның арасында ешқандай қайшылық көрмей отырмын.

Колин Пауеллдің түсінік бергені өз алдына, бұл жағдай жөнінде президент Джордж Бушқа да жауап беруге тура келді. Колин Пауеллдің 2001 жылдың басында берген сипаттамасынан кейін орын алған 11 қыркүйектің шабуылдары менімде көзқарасымды өзгертті, дейді Джордж Буш. Бұрыңғы пайымдауымыз бойынша жан жақтағы мұхиттің қашықтығы Американы шабуыл қаупінен қорғайды деп білдік. Үш мың халықты жоғалтқан соң шабуыл қаупі іске аспай тұрып, оның алдын алу мұқтаждығына тап болдық, деп сипаттады президент Буш.
XS
SM
MD
LG