Accessibility links

Адам саудасы және Қазақстан


Қазақстандық полицейлер: «Халықаралық келісім-шарттардың жоқтығы адам саудагерлерін әшкерелеуге кедергі болып отыр»

Халықаралық ұйымдардың берген мәліметі бойынша жыл сайын Қазақстаннан 7 мыңға жуық адам табыс iздеп шетелге кетеді. Ресми деректерге жүгінсек, қазiргi таңда Қазақстанда 800 мыңға тарта жұмыссыз бар. Көшi-қон жөнiндегi халықаралық ұйымның Қазақстандағы өкiлi Майкл Чанц мырзаның айтуынша соңғы екi жылда Қазақстанның әр аймағынан оларға хабарласқан он мыңға жуық адамның басым көпшiлiгi өздерiнiң шетелге жұмысқа кетуге неитi барлығын бiлдiрiптi.

Алайда, әлгi адамдардың көпшiлiгi ол жақта өздерiн қандай қауiп күтiп тұруы мүмкiн екендiгiнен бейхабар. Себебi, шетелге барсаң табысы жақсы жұмыс тауып беремiз деп шақырып алып, кейiннен ол адамды құл есебiнде ұстап, тағдырын тәлкекке салу қазiргi заманғы адам саудагерлерiнiң кең тараған әдiсi.

Бiрiккен Ұлттар Ұйымының деректерi бойынша әлемде жылына 5 млн-ға жуық жан адам саудагерлерiнiң тұзағына iлiгедi екен. Талдаушылардың айтуынша, қазiргi уақытта үлкен табыс әкелетiн қылмысты бизнес түрлерiнiң арасында есiрткi мен қару-жарақ саудасынан кейiнгi үшiншi орында адам саудасы тұр – оның жылдық айналымы 8-9 млрд долларды құрап отырған көрiнедi. Орталық Азия аймағында қылмыстың бұл түрiнiң жылдан жылға етек жайып келе жатқаны халықаралық ұйымдардың алаңдаушылығын туғызып отыр. Осы аймақтағы мемлекеттердiң үкiметтерi болса соңғы кезге дейiн бұл мәселеге көз жұма қарап келдi. Ал өз кезегінде мұны осы елдердегi адам саудагерлерi өз мақсаттарына тез пайдаланып, өздерiнiң қылмыстық байланысын халықаралық деңгейге шығарып үлгердi. Мысалы, әлгi саудагерлер өздерiнiң құрығына iлiккен өзбекстандық кейбiр қыз-келiншектердi қырғыз төлқұжатын пайдаланып Қазақстан арқылы араб елдерiнiң бiрiне жөнелткенi анықталған. Осындай жолмен әкетiлген әйелдер шет елдерде өздерiн зинақорлықпен шұғылдануға мәжбүрлегенiн айтады. Адам саудасымен айналысатындар шетелден еңбек тауып беретiн агенттердiң, ал кейде туристiк фирмалардың атын жамылып әрекет жасайды.

Халықаралық ұйымдардың есебiнде Қазақстан адамдарды шет ел асырып сатып отырған елдердiң санатына жатқызылған. Одан өзге мемлекеттiк шекарадан өтпей-ақ, Қазақстанның өз iшiнде адам сату оқиғалары да тiркелген.

Адам саудасына байланысты оқиға Қазақстанда ең алғаш 1999 жыл тiркелген болатын. Бiрақ, елдiң заң орындары қылмыстың бұл түрiн анықтаудың өте қиын екендiгiн алға тартады. Былтыр Қазақстанда адам саудасына байланысты екi қылмыстық қозғалса, биыл ондай iстердiң саны төртеу дейдi Қазақстан Республикасы iшкi iстер министрлiгiнiң штаб бастығы Марат Бұқанов. Олардың қатарында Талдықорған қаласында тұратын екi ақжолтай әйелдiң iсi де бар. Биылғы жылы мамыр айында осы әйелдердiң алдап-арбауына түсiп қалған бiр жас қыз алматылық полицейлерге шағым айта келген. Тексере келгенде әлгi екеуiнiң 6 қызды Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне асырып сатып жiбергенi анықталған. Шетелге кәнизак боп кете барған сол қыздардың арасында әлi кәмелетке жасы жетпегендер де бар екен. Осындай алыс шетелдерге қатысты iстердi ашуда мемлекетаралық келiсiмдердiң жоқтығы кедергi болады дейдi Марат Бұқанов.

- Көпшілік мемлекеттермен біздің ел арасында келісім-шарттарымыз жоқ болғандықтан қиыншылықтар туады. Ондай келісімдер тек енді ғана қолға алынып жатыр, - дейдi Қазақстан Республикасы iшкi iстер министрлiгiнiң штаб бастығы Марат Бұқанов.

Көшi-қон жөнiндегi халықаралық ұйым 2001 жылдың тамыз айынан бастап адам саудасының алдын-алу жөнiндегi жобаны қолға алды. Бұл жоба бойынша аймақтағы әр елде адам сатудың алдын алу мен жолын кесуге бағытталған ұлттық iс-қимыл жоспарын жасап, оны жүзеге асыру көзделген. Орталық Азия елдерi арасынан алғаш болып Қазақстан мен Тәжікстан өз заңдарына тиiстi баптар енгіздi. Атап айтқанда Қазақстанның қылмыстық кодексінiң 128-бабында адам саудасына қатысты жасалған қылмыс бойынша 3 жылдан 8 сегiз жыл мерзiмге дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгiленген.

Бұдан өзге республикалық деңгейде мекемеаралық комиссия құрылып, оның жұмысына жетекшiлiк жасау республиканың әдiлет министрiне жүктелдi.

Қазақстанның әдiлет министрiнiң орынбасары Жақып Асановтың айтуынша, осы мекемеаралық комиссия Қазақстан Республикасының адам саудасымен күрес жөнiндегi халықаралық конвенцияларға қосылуы, халықаралық ұйымдармен бiрлесе отырып дағдарыс орталықтарын құру, жұмысшы күшi ретiнде шетелдерден азаматтар әкелу және шетелге шығару, туристiк қызмет жөнiнде мәселелердi талқылап, тиiстi ұсыныстар әзiрлеп отырған көрiнедi.

- Әйткенмен де адам саудасына байланысты қылмыстарды ашу үшiн ең алдымен одан зардап шеккен азаматтардың белсендi iс-қимылынсыз өнiмдi нәтиже болмайды, - дейдi Қазақстан Республикасының әдiлет вице-министрi Жақып Асанов.

Қыркүйектiң 26-күнi Астанада осы мәселеге байланысты өткен дөңгелек стол жиынында Қазақстанның 2005 жылға дейiнгi кезеңге арналған адам саудасына қарсы күрестiң ұлттық жоспары талқыланды. Оған Қазақстанның орталық заң орындарымен бiрге Халықаралық көшi-қон ұйымы мен Европадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының Қазақстандағы өкiлдерi, сондай-ақ? АҚШ елшiлiгiнiң ресми адамдары қатысты.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG