Accessibility links

Шешен соғысының ардагеріне көп мөлшерде өтемақы тағайындаған сот шешімі


Ресейдің үкіметі төрт жыл бойына Шешенстанда соғыс жүргізді. Ал осы уақытта екінші шайқас сот залдарында жүріп жатты.

Соғыс ардагерлері бөлектенген республикада қызмет еткен уақыттары үшін төлемақы талап етіп, сотқа арызданған болатын. Осы айдың басында судья бір орыс солдатының тілегін қанғаттандырды. Дегенмен мемлекет бұл шешімге қарсы күресіп жатыр.

Ресейдің өлшемдерімен алып қарасақ , Сергей Мясников жақын арада бұл елдегі ең бай адамға айналуы тиіс. Жақында сот Шешен соғысынң бұл 37 жасар ардагеріне осындағы соғысқа қатысып, жоғалтқан денсаулығы мен уақытының өтемақысы ретінде айына 73,000 рубль немесе 2,400 доллар тағайындады. Оған сондай-ақ Шешенстанда жалақысы жартылай ғана төленген жүздеген күндердің өтемі ретінде бір жолғы 50 мың доллар төлемақы да белгіленген сот шешімі бойынша.

Мясников Шешенстанға ең бірінші рет 1999 жылдың тамыз айында мұндағы екінші соғыстың бас кезінде барған болатын. Ол Ресейдің арнайы күштерінің құрамында болып, шешендердің үйлеріне басып кіретін "тазалау" операцияларына қатысқан жауынгердің бірі. Мясников мұнда соғысқан басқа да көптеген жауынгерлер тәрізді оған басында уәде етілгеннен әлдеқайда аз ақша төленгендігін айтады.

Ресей солдаттарын қызықтыру үшін Республика президентінің арнайы бұйрығы бойынша күніне Шешенстанға барған әскерилерге 800-950 рубль көлемінде төленеді делінген. Алайда соғыс ұзаққа созылған сайын, мемлекеттің бұл уәдесін орындауы да қиындай түсті. 2000 жылдың жазында Мясников айдап бара жатқан жүк машинасы минаға түсіп жарылғанда екі солдат қаза тауып, оның өзі ауыр жараланғаннан кейін, Мясниковтың проблемасы тіпті күрделене түсті. Оның беті мен басына хирургиялық операция жасалды. Бірақ содан бері үш жыл өтсе де, ауыр жарақат зардабын тартып келе жатқан күйеуінің жағдайын Мясниковтың әйелі Нелли былайша суреттейді:

- Оған мүгедектігіне байланысты айына 4 мың рубль , шамамен 130 доллар төленеді. Бары осы. Тағы да бір қосымша 3 мың рублдей болатын, ол бірақ айына емес, кешіктіріліп, үш айда немесе алты айда бір беріліп келеді. Сонда іс жүзінде таза зейнетақы ғана, жарықшақ тиген басына пластина қойған, бір сөзбен айтқанда өте ауыр жағдай.

Ресейдің соғыс ардагерлері туралы заңына жақында енгізілген кейбір өзгерістерге сай, Шешенстандағы және Абхазиядағы тәрізді соғысқа қатысқандарға мәртебе берілетін болды. Бұрын мұндай мәртебе мен жеңілдіктерге тек екінші Дүниежүзілік соғыстың ардагерлері ие болатын.

Ресейдің аймақтардағы билік орындары да өз ардагерлеріне жергілікті жерлерде түрлі жеңілдіктер жасай алады. Ал өте ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалғандарға 130 доллар көлемінде зейнетақыны мемлекет төлейді. Қатардағы жас солдаттар үшін мұндай өтемақы деңгейі 13 доллар ақ болуы да мүмкін.

Мемлекеттік өтемақыға өмір сүре алмайтын болған соң, Мясников алдымен осы мүгедектік зейнетақы деңгейін көтеру мақсатында сотқа арызданған. Саранскідегі аймақтық сот судьясы Нина Ерина былай дейді:

- Шешенстандағы соғыста денсаулығынан айрылғандардан талап арыздар көптеп түсіп жатыр. Олар негізінен мүгедек болып қалғандар мен ұзақ уақытқа жұмыс істеу қабілетін жоғалтқандар.

Соттардың көпшілігі уақытша бір айлық немесе соғыста кеткен уақыттың өтеміндей болатын ғана төлемақы тағайындау жөнінде шешім шығарады. Десек те, Мясниковтың күресті жалғастыруының арқасында, судья Ерина олардан өзгешелеу шешім қабылдаған. Өйткені ол Мясниковтың қаншалықты денсаулығынан айрылғаны мен төленбеген жалақысын барлығын қосып есептеп, ескергендігін айтады:

- Өйткені бұл заң. Ол оншақты рет, мүмкін жеті рет Шешенстанда болған. Бұл ретте өте үлкен соманың жинақталары сөзсіз. Оның денсаулығы жоқ, басында темір пластина, травмасы өте ауыр.

Алайда айыптаушы шешімді тағы да аппеляцияға берген. Мордовияның Жоғарғы соты ол бойынша 7 қазанда істі қарайтын болады. Мордовияның ішкі істер министрлігінің заң бөлімін басқарушы Валерий Дашкевич Мясниковке сот шешімі бойынша тағайындалған өтемақы оған тиесіліден әлдеқайда көп мөлшерде, менің ойымша сот қателескен болу керек деген пікір айтады.
XS
SM
MD
LG