Accessibility links

Азық-түлік үшін мұнай бағдарламасы қарашаның 21-де жабылады


Ирақ тұрғындарын азықтандыруға арналған Азық-түлік үшін мұнай бағдарламасы енді екі айдан кейін біртіндеп жабылуға бағытталған.

Бағдарламаның жабылатындығы жөнінде оның басшысы Бенон Севан да дүйсенбі күні нақтылап айтты. Ол БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне Ирақтағы БҰҰ-ы штатының қысқаруы - бұл процесті күрделендіре түсті дейді. Дегенмен де БҰҰ-ның шенеуніктері жергілікті штат елдің көпшілігін азықтандырып отырған азық-түлікті бөлу жүйесін қамтамасыз ете алады деген ой-пікірде.

Жеті жылдан бері Ирақ тұрғындарын азық-түлікпен және басқа да қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп келген, БҰҰ-ның гуманитарлық бағдарламасы сегіз аптадан кейін жабылатындар тізіміне енгізіліп отыр. БҰҰ-ның қызметкерлері мен АҚШ бастаған коалиция күштерінің өкілдері бағдарлама атқарған міндеттің көпшілігін болашақта Ирақ азаматтарының өздері атқара алады деген бағытты ұстанида. Аталған бағдарлама Саддам Хусейін жүйесіне мұнайдан түскен табысты ең бірінші қажетті тұтыну тауарларын сатып алып, мұнай өндірісі аймағының инфрақұрылымын жақсартып, Ирақтың қару-жарақ бағдарламасына қатысты сатып алынатын тауарларға бақылау жасап келген болатын. Енді бұл міндеттер Ирақты басқаратын тұлғалар мен уақытша билік коалициясына берілетін болады. Ал бағдарлама жетекшісі Севан тілшілерге былай деп атап көрсеткен:

- Бағдарлама барлық кезде де уақытша болып есептелетін. Ол ешқашанда мәңгілік делінген емес. Сондықтан да ол әйтеуір бір күні жабылуға тиіс еді. Міне енді жабылып жатыр, - дейді Бенон Севан.

БҰҰ-ның қызметкерлері Ираққа бағытталған мұнай құбырында шамамен құндылығы 10 миллиард доллардың тауарлары бар дейді. Оның ішінде 7 миллион доллардың тауары ең алдыңғы кезектегі керек деген маңызды заттар ретінде айқындалған болатын деп атап көрсеткен. Ол бойынша келісім жасалып, келер жылы Ирақ тұрғындарының басым көпшілігін тамақтандыратын азық-түлік қоржынын қаржыландыру мақсаты көзделген. Ол азық-түлік қоржынында негізінен астық, ұн, қант, күріш, бұршақ тәрізді қоректік тауарлар бар.

Ирақтағы БҰҰ-ның халықаралық штаты тамыздың 19-да болған террорлық шабуылға дейінгі көлемінен енді 50 еседей қысқарды. Ол шабуылдар кезінде БҰҰ-ның мұндағы басты өкілі Сергио Виеира де Мелломен бірге БҰҰ-ның көптеген аға қызметкерлері құрбан болған еді.

Дегенмен де, Азық-түлік үшін мұнай бағдарламасы мұнда осы міндеттерді атқаруға бұрын да, соғыс кезінде де, одан кейін де көмектескен 4 мыңдай ирақтық қызметкерді жұмысқа тарта алады. Әлемдік азық-түлік бағдарламасының өкілі Тривора Роу былай деп атап көрсетеді:

- Бұл бағдарлама бойынша айына жарты миллион тоннадай азық-түлік жеткізіледі. Елдің қажет етіп алып отырған тағам, азық-түліктері енді Сауда министрлігі мен Ирақтың басқару кеңесіне беріледі.

Роудың айтуынша бұл аталған тауарлар Иордания мен Түркия арқылы және Ұмм-Қаср порты арқылы жеткізілуде. Ол шамамен 43 мыңдай агенттер жергілікті орталықтардың жұмысын басқарып реттеп отырады дейді.

Американың ресми өкілінің Азаттық радиосына айтуынша, американдық шенеуніктер азық-түлікті үлестіру жүйесін мүмкін болғанынша Ирақ тұрғындарының өз қолына беруді көздеп отыр.

Қарашаның 21-нен бастап, мұнайдан түскен табыс Коалиция билігі басқаратын Ирақтың қалпына келтірілуіне көмектесетін қорға берілетін болады.

БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі Ирақ тұрғындары үшін тауар айналымының кестесі жане саяси өтпелі кезеңдегі БҰҰ-ның ролін айқындау бағытында талқылаулар өткізуде.
XS
SM
MD
LG