Accessibility links

«Демократияны орнату және адам хұқтарын сақтау ісі - үнемі жетілдіріп отыруды қажет ететін ұзақ процесс»


Еуропа комиссиясының Шығыс Еуропа, Кавказ, Монғолия және Орталық Азия елдері бойынша басқарма директоры Юг Мингарелли Орталық Азия елдеріне сапары барысында Қазақстан астанасында болып, қазанның 2-күні осында баспасөз мәслихатын өткізді.

Юг Мингарелли мырза өзінің Астанаға бұл жолғы келісінде Қазақстан үкіметінің ресми адамдарымен, қоғамдық ұйымдардың және халықаралық бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездескенінен хабардар етті. Өз сөзінде ол Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас осыдан бес жыл бұрын күшіне енген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнен бастау алатынын айтты.

- Екі жақ та мүдделілік танытып отырған бұл қарым-қатынастар әртүрлі салаларды қамтиды, олардың қатарында сауда, инвестиция, энергетика мәселелерімен бірге, терроршылдыққа, заңсыз көші-қон, есірткі мен қару-жарақ және адам саудасы мен тасымалы секілді қауіп-қатерлерге қарсы бірлесіп күресу күн тәртібінде тұр. Еуропа Одағы Қазақстанмен осы саяси-экономикалық байланыстарды нығайтуға мүдделі, - деді Еуропа комиссиясының Шығыс Еуропа, Кавказ, Монғолия және Орталық Азия елдері бойынша басқарма директоры Юг Мингарелли.

Алайда, сонымен бірге ол Қазақстанда шетелдік инвестиция мен сауда ісін одан әрі дамытуға белгілі мөлшерде қиындық туғызып келе жатқан бірқатар проблемаларды да атады.

- Еуропалық компаниялар Қазақстанға шетелден жұмысшы күшін әкелудің қиындығына, салық орындары тарапынан тексерулердің көптігіне, кедендік бақылау ісінің өте күрделі, кейде тіпті түсініксіз екендігіне, сатып алу ережелерінің, әсіресе мұнай-газ саласында кедергілердің барлығына шағым білдіреді. Әрине, мұның барлығы Қазақстандағы инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді, біз бұл туралы Қазақстан жағымен ашық пікір алмастық. Қазақстан үкіметі шетелдік инвесторлардың тілек-өтініштеріне құлақ түріп, елде қолайлы инвестициялық ахуал туғызуға күш салса деген ойымызды білдірдік. Бұдан өзге екі жақты қарым-қатынастардың негізгі өзегі болып табылатын ортақ құндылықтар бар, олар – заңдылықты, демократия мен адам хақыларын сақтап, құрметтеу. Соңғы 12 жылда Қазақстан осы аталған құндылықтарды дамытуда едәуір алға жылжыды, дегенмен әлі де болса атқарылуға тиісті мүмкіндіктер бар. Демократияны орнату және адам хақыларын сақтау ісі үнемі жетілдіріп отыруды қажет ететін ұзақ процесс. Осы орайда біз Қазақстан үкіметі «Сайлау туралы», «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» және «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдарды дайындау кезінде қоғамдық пікірмен санасып, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы секілді халықаралық ұйымдардың айтқан ұсыныстарын ескеретін болады деп сенеміз, - деді Еуропалық комиссияның Орталық Азия елдері жөніндегі басқарма басшысы Юг Мингарелли.

Осы баспасөз мәслихатына қатысқан Қазақстанның сыртқы істер вице-министрі Алексей Волков қазіргі уақытта Қазақстанның сыртқы саясатында Еуропаға бетбұрыстың артып келе жатқанын айтты.

Алексей Волков, Қазақстанның сыртқы істер вице-министрі: - Біз Еуропа Одағының көмегімен жүзеге асырылатын бағдарламалар саны мен оған тартылатын қосымша қаржылардың көлемі ұлғаяды деген сенім артамыз.

Сонымен бірге сыртқы істер вице-министрі Алексей Волков Қазақстан 2009 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуді өзіне үлкен мақсат етіп отырғанын атап, оған жету үшін республикада тиісті әзірліктердің қолға алынып жатқанын жеткізді.

Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге 1995 жылы қаңтар айының 23-інде Брюссельде қол қойылған болатын. Ал 1999 жылғы шілде айының бірінен бастап осы келісім күшіне енді.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG