Accessibility links

Инсулин жетіспеушілігінен қырғыз диабетиктері қиын жағдайда қалуы мүмкін.


Қырғыз үкіметінің диабет науқасына шалдыққандар үшін ауадай қажетті инсулин дәрісін сатып алуға қаржы таппай отырғаны, алдағы күнде елдегі бұндай сырқаттардың керек дәрілеріне қол жеткізе алмай қалу қорқынышын күшейтіп отыр.

Батыстың аталған препаратты дайындаушылары Орта Азияның бұл республикасына жалпы құны 750 мың доллар болатын жүкті жөнелтпей қойды. Инсулин қолданушылар үшін қалған қор бар болғаны бес-ақ аптаға жетеді екен. Осындай тығырықтан қалай шығудың жолын іздестірген Бішкек енді Украинадан әлдеқайда арзандау болатын инсулин сатып алуды ойластыра бастаған, ал сыншылар болса, бұл денсаулыққа қауіпті деген пікірлер айтады.

Бішкектің Батыстағы дәрі-дәрмектік есеп-шоттарын төлей алмай отырғандығынан , елде бір айдан астам уақытқа ғана жететін инсулин қоры қалған. Қырғыз еліндегі 4 мыңнан астам сусамыр дертіне шалдыққандар үшін , олардың ішінде 155-тей бала бар, бұл үлкен үрей туғызып тұр. Брюсселдегі халықаралық диабетиктер федерациясының өкілі Паскал Онрид былай дейді:

- Инсулин болмаса, бірінші типтегі диабетиктер бірден өлім жағдайына душар болады. Сондықтан да әлі де көп елдерде бұл науқастан қаза болатындар баршылық. Бұған қоса сусамыр ауруымен ауыратындардың кейбірі инсулиннің белгілі бір түрлеріне үйреніп алады. Бірақ та бұндай жағдай өте сирек кездеседі, - дейді Онрид.

Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі Үкіметтен инсулин жіберетін батыстық дәрі-дәрмек жасаушылар алдында жинақталып қалған қарыздың өтелуін сұраған. Хабарларға қарағанда берешектің бір бөлігі төленген көрінеді. Қаржы министрлігінің айтуынша, Швейцария да инсулин сатып алуға қажетті қаржы беруге міндеттенген. Денсаулық сақтау министрлігі осы аптаның басында шамамен 740 мың долларға инсулин сатып алу жөніндегі ұсынысты қарауы керек болатын-ды.

Дегенмен де, қазіргі бар инсулин қоры түгесілгенше, препараттың жаңа партиясы жеткізіле ме, бұл жағы осы кезге дейін айқын емес. Жаңа дәрілерді әкелу мен оларды тіркеуден өткізу үш айға дейін уақыт алуы мүмкін. Сонымен бірге үкімет Украинадан арзан инсулин сатып алуды көздеуі ықтимал деген де қауіп бар. Хабарлар бойынша, Қырғызстан премьер-министрі Николай Танаев өткен айда мемлекеттік компанияны Украинаның "Индар" компаниясымен арзан инсулин сатып алуға келісімдер жүргізуге бұйрық бергені белгілі.

Қырғыз диабетиктері мен инсулинге тәуелді балалардың анасы қауымдастығының вице-президенті Татьяна Гулиямова арзан инсулинге өту бала денсаулығына кері әсер етеді деген алаңдаушылығын білдіреді.

- Шенеуніктер инсулин маселесіне дұрыс мән бермей отыр. Олар ешқандай мамандармен ақылдасып, кеңеспеген. Бұл мәселеге тек бюрократтық тұрғыдан қарап, бізге Украинаның арзан инсулинін ұсынамыз деп шешкен, - дейді ол.

Бішкектегі эндокринология ауруханасының бас дәрігері Светлана Мамутова Украинада жасалған инсулинді қолданудан күрделі асқынушылықтар болуы мүмкін деп айтқан тілшілерге. Оған кеткен шығын сапасы жақсы инсулин сатып алуға шыққан шығыннан да көп болып кетуі ғажап емес деп ескертеді. Мұндай пікірмен украиндық инсулинді пайдаланған науқас әйел Сафина да келіседі.

- Шындығында Украина инсулині ауруды тек асқындырып жібереді. Бұл мемлекетке одан сайын қымбатқа түседі. Қазір мен осы украиналық препаратты пайдаланудамын, соның салдарынан бүйрегіме зақым келді, мен енді бүйрегімді емду үшін дәрі-дәрмек сатып алуым керек. Егер бізге американдық инсулинді берген болса, мұның бірі де болмас еді, - дейді сырқат әйелдің бірі.

Қырғызстан үкіметіндегі шенеуніктің бірі Украинаның инсулиніне қатысты нақты шешім әлі қабылданған жоқ, оның түрлі жолдары қарастырылып жатыр деп айтқан Азаттық радиосына.

Ал Киевтегі Эндокринолигия және метаболизм институтының директоры Николай Ранко "Индар" компаниясының өнімдері халықаралық талаптарға сәйкес келеді және сапасы жағынан батыстық компанияларда жасалған дәрілерден кем түспейді дегенді айтады.
XS
SM
MD
LG