Accessibility links

Шекарада болған атыс Орталық Азиядағы ежелгі көршілердің қарым-қатынасын шиеленістіре түсуде


Қазақстан мен Өзбекстанның сыртқы саясат мекемелері шекарада оқ атысқан жайсыз оқиға турасында бір-біріне ашуға толы мәлімдемелер жолдаған-ды, дегенмен де екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас біраздан бері онсыз да күрделеніп келе жатқан болатын.

Қыркүйектің 22-сі күні Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігі республикадағы мерзімді басылымдардың сол айдың бас кезінде қазақ-өзбек шекарасында бір топ Қазақстан азаматтары мен өзбек шекарашыларының қақтығысып қалғаны, соның салдарынан бір Қазақстан азаматының қаза тапқаны турасындағы оқиға жөнінде жазғандарына наразылық білдіріп нота жариялады.

Өзбек елшілігінің бұл аталған наразылық мәлімдемесінде Қазақстанның БАҚ-ы аталған оқиға жайында жауапсыздықпен, әдептен аттап жазып жатыр делінген. Құжатта бұдан өзге де жайттардағы тарізді 4 қыркүйек күні қазақ-өзбек шекарасында орын алған келеңсіз оқиғаның себепкері ретінде өзбек жағы айтылады деп атап көрсетілген. Атап айтқанда мәлімдемеде:

"ҚР-ның мерзімді басылымдарында Қазақстан мен Өзбекстан елі арасындағы қарым-қатынастарды біржақты, қаралап суреттеуге бағытталған жайлар жиілеп кетті" деп жазылған.

Өз кезегінде Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Өзбек елшілігінің наразылық нотасына дереу жауап ретінде бұл Қазақстанның ішкі істеріне араласу болып табылады деген баға берді.

Қазақстанның сыртқы саясат мекемесі өзбек шекарашыларының ескерту ретінде атқан оғы Қазақстан азаматына кездейсоқта тиіп кетті, өлім содан болды деген өзбек жағының мәлімдеулеріне күмән келтірді. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің пікірінше өткен жылдың қараша айынан бері осындай бес бірдей атыс оқиғасына қатысқан өзбек шекарашылары үшін кісі өліміне соқтырған мұндай аңдаусыздықтың ешбір реті жоқ. Осы екі аралықта қазақстандық шекарашылар бұл тәріздес бірде-бір келеңсіз жәйтке қатыспаған.

Екіжақты шекара мәселесі мемлекеттің екеуі үшін де қиын-түйін болып тұр, әсіресе бұл 2002 жылдың желтоқсан айында өзбек жағы өзінің біржақты шешімімен шекарадан ары-бері өтуге қатаң шектеулер қойған соң тіпті ушығып кетті.

Екіншіден, бұл сөз болып отырған оқиғаға орай Өзбекстан жағының шамданып, наразылық шақыруы - Өзбек басшыларының сыни пікір-көзқарастарды қабылдай алмайтындай немесе ауыр қабылдайтындай деңгейге жетіп қалғанын айғақтайды. Шымкенттік журналист Дәуір Досыбаев Ташкент қай уақыттта да Қазақстан баспасөзінің Өзбекстан жөнінде не жазып, қалай айтып жатқанын мұқият қадағалап отыратын, бірақ бұлайша ашық шамданыс білдіруі - бірінші рет дегенді айтады.

Өзбектің белгілі хұқық қорғаушысы Сурат Икрамовтың пікірінше, аймақтағы шекаралас көршілермен болған мұндай оқиғалар жөнінде сыни тұрғыда жазылғандарға Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі ешқашанда реніш білдіріп көрген емес, мүмкін бұл елдің өз ішіндегі жүйені сынаушыларға қарсы жаңа шабуылдар болар деген ой түйеді.

Соңғы уақыттарда, әсіресе мамыр айында Ташкентте өткен Европа даму жане қайта құру банкінің жиыны баспасөзде жан-жақты жазылғаннан кейін Өзбек билік басыларын өз аттарына айтылған сынның қайсысы да алаңдататын болды дейді ол. Икрамовтың ойынша наурыз айында сыртқы істер министррі болып Садық Сафаев келген кезден бастап, сыни пікір, қатаң талап өрши түскен. Осы уақыттан бері сыртқы істер министрлігі шетелдік басылымдардың көптеген журналистерін тіркеуден өткізбей тастаған.

Қандай да бір жақсы замандарда да, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар көлеңкесіз, ашық күндей болып келген жоқ. Халқының саны жағынан Орталық Азия аймағындағы ең үлкен мемлекет ретінде Өзбекстан әрдайым жетекшілік рольге таласады.

Қазақстан болса, Ресеймен тығыз байланыста және бай мұнай қорлары есебінен тұрақты өсіп келе жатқан экономикасы бар. Бұрынырақта Қазақстанның Батыста да жақсы қарым-қатынастағы достары көп болатын, десек те, 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі террорлық шабуылдардан кейінгі жерде АҚШ-тың Өзбекстанға деген мүдделілік қызығушылығы арта түсті.

Өткен жылы Өзбек үкіметінің біржақты шешімімен шекараның жабылуы қарапайым азаматтарға көп қиындықтар келтірді. 2002 жылдың мамыр айында Өзбекстан шеттен кіргізілетін тауарларға салынатын кедендік салықты бірнеше ұлғайтып жіберген соң, өзбек жұрты көршілес Қазақстанға қарай арзан тауарлар үшін ағылды. Енді болса Өзбекстан басшылығы өз азаматтары үшін екі ортадағы шекараны тарс бекітіп тастағаннан басқа оңтайлы амал таппады. Экономика саясатындағы мұндай жабайы, дөрекілеу әдіс өзбек-қазақ шекарасынң екі тарабындағы адамдар үшін де өзіндік зиянын тигізуде. Кейбіреулер сауда-саттық кәсібін жалғастыру үшін шекараның күзетілмейтін тұсынан өтіп, күнделікті бастарын бәйгеге тігіп жүрсе, енді біреулер шекара сызығы өткен жылы анықталса да, оның дәл қай жерден өтетіндігін білмейді де. Бұл орайда:

- Мұнда өзбектер мен қазақтар бірге, бір көшеде тұратын ауылдар бар. Олар бір-біріне күнделікті мейман болып араласып-құраласып жататын. Енді тура сол көшеден шекара өтеді. Олардың бүгін де бір-бірінің есігін аттамай тұра алмайтындығы табиғи нәрсе. Бірақ енді өйтіп қыдырғандарды шекарашылар абайсызда атып тастауы мүмкін, - дейді Қазақстан парламентінің депутаты Аманжол Бөлекпаев.
XS
SM
MD
LG