Accessibility links

Батыс мұнай компаниялары мұнай мүддесіне бола Ильхам Әлиевке тілектес


15 қазанда Әзірбайжанда жаңа президент сайланбақ. 80-жасар президент Ғейдар Әлиев денсаулығым нашарлады деп жолды ұлы Ильхамға берді.

Ильхам Әлиевтің президентікке өтіп кететеніне саяси талдаушылардың көпшілігі күмән келтірмейді,. Әзірбайжанда бизнес жасап жатқан батыс мұнай компаниялары елдегі саяси құбылысқа ашық араласпайды. Бірақ олардың да тілеуі Ильхамның жеңісі екеніне күмән жоқ, деп жазады "Франс пресс" агенттігі.

Бұл жердегі ынта әлемдік мұнай шаруаларына, сайып келгенде Қазақстанға тікелей қатысты...

Сонымен, келесі аптада, 15 қазанда Әзірбайжанда жаңа президент сайланбақ. 80-жасар басшы Ғейдар Әлиев денсаулығым нашарлады, тізгін ұстауға енді шамам жоқ деп жолды ұлы Ильхамға берді. Мемлекеттік мұнай компаниясын басқарып келе жатқан 41-жасар Ильхам президенттікке қону машақатымен бас министрлікке алдын ала тағайындалған болатын. Ильхам Әлиевтің президентікке өтіп кететеніне саяси талдаушылардың көпшілігі күмән келтірмейді, бұған Әзірбайжандағы сайлау жүйесінің шикі жақтары негіз беріп отырса керек. "Франс пресс" агенттігі 9 қазанда Баку қаласынан жазып отырғандай, Әзірбайжанда ақша тауып жатқан батыс мұнай компаниялары мен олардың үкіметтері елдегі саяси құбылысқа ашық араласпайды. Бірақ олардың да тілеуі Ильхамның жеңісі, деп жазады "Франс пресс" агенттігі.

Ильхам Әлиевтің өзі болса Тәуелсіз мемлекеттер Достастығының шеңберінде, тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен бас министр дәрежесінде сөйлеп үлгерді, сайлау науқанындағы ұрандарын әлемдік дәрежеде паш етті. Айталық, Ильхам Әлиев Таулы Қарабақ мәселесін әзірбайжандарға ұнайтын тұрғыдан талқылап келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымында 24 қырүйекте барша елдердің басшылары мен жоғары өкілдерінің алдында сөйлегенде де Ильхам Әлиев Таулы Қарабаққа ықпал орнатқан көршілес Арменияны басқыншы деп айыптады.

Ильхам Әлиев, сондай ақ, халықаралық ұйымдардың сыни қортындыларының алдын алғысы келіп, Әзірбайжанда әділ де заманауи сайлау жүйесі орнатылды, 15 қазандағы сайлау демократия жолындағы сынақтың бірі болады деп мәлімдеме жасады.

Бұл жердегі ынта әлемдік мұнай шаруаларына, сайып келгенде Қазақстанға тікелей қатысты. Әлемдік базарда Әзірбайжанның орны соншалықты салмақты емес, тіпті кішкентай. Әзірбайжан әлемдік мұнай өндірісінің тіпті бір емес, жарты процентін қане қамтиды. Алдағы санаулы жылда бұл көрсеткіш 1,3 процентке қане жетеді. Дегенмен, Әзірбайжанның мұнай өндірісі алдағы он жылда қарқынды өспек. Ең бастысы, Әзірбайжан Каспий теңізінің болашақ мол мұнайының басындағы мемлекетке айналмақ. Баку-Жейхан мұнай құбырының құрылысына шамамен 3 миллиард доллар жұмсалса, құбыржол Қазақстан мұнайының есебімен салынып жатқаны аян.

Ильхам Әлиевтің жеңісін тілеп отырған, яки өз жоспарларының тұрақтылығына есеп жасап отырған "Бритиш Петролеум", "Эксон-Мобил", "Статойл" және "Тотал" сияқты мұнай компаниялары Қазақстанда да үлкен-кішілі белсендік танытып келеді, бір қатар ірі жобаны іске асырып келеді. "Франс пресс" агенттігіне пікір айтқан шетелдік кәсіпкерлер Әзірбайжанда коррупция құтырып тұрғанын жақсы білеміз, параны өзіміз де төлеп тұрамыз, әкелі-балалы Әлиевтер биліктен кетіп қалса жаңадан келген басшыларға жаңаша төлеуге мәжбүр болғымыз келмейді деп айтады.

Дегенмен, Ильхам Әлиевті Әзірбайжан президенттігіне жолатпау керек деген де пікір басым. Ильхам әкесінің айтқанынан шыға алмайды, елдің мұнай табысы одан сайын талан-таражға түсетін болады, кедейшілікті бастан кешіп отырған халық сол елу долларлық айлық жалақысымен қалып қалады, деп оппозициялық қайраткерлер ескерту айтады.
XS
SM
MD
LG