Accessibility links

Мұнай өндіруді көбейтуге құштар Қазақстан мұнай тасымалдау мәселесіндегі шешімнің түйінін таба алмай отыр


Қазақстан соңғы бірнеше аптада біресе Ресеймен, біресе Қытаймен мұнай тасымалы жөнінде бірқатар кеңесу өткізді.

Ресей мұнай компаниялары Каспий теңізінің Қазақстанның бөлігінде белсенділігін күшейтіп келеді. Дегенмен, Қазақстан мұнайды әлемдік базарға шығару жолдарының мәселесінде шешімді әлі таба алмай отыр.

Мұнай экспорттаушы мемлекеттердің ұйымы ОПЕК мұнай бағасын жоғары деңгейде ұстап тұру мақсатында келесі жылдың көктемінде өндірісті қысқарта түсуге ұмтылады, деп болжамдайды Халықаралық энергетика агенттігі. "Ассошейтед пресс" агенттігі Лондоннан хабарлағандай, ОПЕК-тің қадамы көктемде сұраныстың табиғи кемуінен шығып отыр. Нью-Йорк биржасында мұнай бағасы бір баррель үшін 31 доллар 93 центтің ар жақ, бер жағында. "Дойче банктің" Лондондағы сарапшысы Адам Сиемински бір баррель мұнай келесі жылдың екінші тоқсанында арзандап, 24 доллар болады деп болжамдайды. ОПЕК-тің шешіміне сәйкес, Сауд Арабстан және Біріккен Араб Әмірліктері өнім көлемін азайта алатынын көрсетіп отыр. Алайда, ОПЕК-ке қосылмаған мемлекеттер өндірісті көбейтіп келеді, бұл ОПЕК-тің жоспарын бұзады, әлемдік бағаны төмендете алады.

Халықаралық энергетика агенттігі ОПЕК-тің жолына көлденең келген мемлекеттердің қатарында Ресей, Норвегия және Қазақстанды атап отыр. ОПЕК-ке қосылмаған мемлекеттердің мұнай өндірісі былтырғы жылдың қыркүйек айынан бері күніне 2,2 миллион баррельге өсті. Мұның сыртында соғыстан кейін ес жиып келе жатқан Ирақ қыркүйек айында күніне 380 мың баррель өндірді, жұмыс қарқынын көбейтіп келеді.

Мұнай өндірісінің өсіп келе жатқаны, жалпы саяси жағдай Қазақстанға сыртқы тасымал жолдарын қарастыруға жаңаша дем беріп отыр. Қазақстан мұнайы Қытайға тасымалданады деген келісім 1997 жылы жасалса, енді бұл бағыттағы мұнай құбыры келесі жылы салына басталады деп мәлімденді. Мұнай талдаушыларының көпшілігі тиімсіз деп қабылдайтын құбыр 3000 шақырымға созылмақ, ол салына қойса әлемдегі ең ұзын мұнай құбыры болады, деп хабарлайды "Франс пресс" агенттігі Алматыдан.

"Қазмұнайгаз" мемлекеттік компаниясы басшыларының бірі Қайыркелді Қабылдин алдымен 1100 шақырымға созылатын Атасу-Алашанькоу бөлігі салынады деп айтты.

Осы апта басында Қазақстанда Ресей мұнай басшылары да біршама табысқа қол жеткізді. Ресей мұнай компаниялары Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде жыл басынан бері белсенділігін күшейтіп келеді. Ендігі әңгіме "Достық" жобасын тең атқаруда. "Лукойл" компаниясының президенті Вагиф Алекперов президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен соң келесі жылы Каспий қайраңына алғашқы бұрғыны салумыз мүмкін деп баспасөзге мәлімдеме жасады:

- Бәрі ойдағыдай болса, келесі жылдың бірінші тоқсанында келісімге қол қойылуы мүмкін. Біздің қолымызда бірегей бұрғылау қондырғысы бар. Келесі жылы геологиялық барлау жұмыстарына тікелей ақша сала аламыз, алғашқы үңгіні қазуға дайындала аламыз.

"Лукойл" компаниясы Қазақстанда 8 жылдан аса жұмыс істеп келеді. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде мұнайдың өнеркәсіп қоры расталса, қазақстан-ресейлік жобаға 3 миллиард доллар қажет болады. Дегенмен, өлшемі кең мұндай жобалар сайып келгенде тағы да тасымал мәселесіне тіреледі, деп жазады "Франс пресс" агенттігі Алматыдан. "Каспий мұнай құбыры" консорциумының Ресей арқылы өтетін құбыры жылына тек 67 миллион тонна мұнай тасымалдай алатын болады. Ал Каспий теңізінің астымен Бакуге қарай қазақ мұнайын тасуға Ресей үзілді-кесілді қарсы, экологиялық қауіпсіздік мәселесін көтеріп отыр.
XS
SM
MD
LG