Accessibility links

Қаруды алдын - ала жұмсауымыз мүмкін деп Ресей басшылары екі сөйлеп отыр


Президент Владимир Путин террорлық қауіптің алдын -алу мақсатында шабуылды бірінші бастау әдісіне көшуіміз мүмкін деді. Қорғаныс министрі Сергей Иванов болса, қару жұмсау саясатымыз өзгерген жоқ, күшті бірінші боп жұмсау ойымызда жоқ деп шетелдегі сапарында мәлімдеді.

"Азаттық" радиосына сараптама жасаған талдаушылар Ресей басшылары екі сөйлейтін әдетін тастамай отыр мәселе сонда дейді. Ресей халқына бір сөз айтылса, шетелде Ресей басшылары мүлдем басқа сарында ой толғайды.

Қауіптің алдын- алу мақсатында әскери шабуылдау әдісіне Ресей көшуі мүмкін бе? Президент Владимир Путин мен қорғаныс министрі Сергей Ивановтың қарама-қайшы әрі жұмбақтау айтылған сөздерінен кейін, саяси талдаушылар осы мәселеге ойланып қалды. Ресей бірінші шабуылдаса, қатардағы қару былай тұрсын, атом қаруын жұмсауы мүмкін бе?

Өткен аптада Екатеринбург қаласында сөйлегенде президент Путин Ресейдің қолында көптеген атом қаруы бар деп мүйіз шайқады. Қажет деп санаған кезінде Ресей жай қарумен шектеле ме, жоқ па - Путин анығын айтқан жоқ, Ресей алдын -ала шабуыл жасау құқына ие деп шегеледі:

- Ресейдің қолында стратегиялық күрделі қарудың елеулі қоры бар екенін еске саламын, ол әжептәуір қор екеніне назар аударғым келеді. Жер бетінде қоныстандырылған ең қаһарлы зымырандарымыз жөнінде айтып тұрмын. Әскери мүмкіншілігіміз зор екенін айтып тұрмын, ондаған зымыран жөнінде айтып тұрмын.

Президент Путин бұл сөзін 9 қазанда айтса, қорғаныс министрі Сергей Иванов одан үш күн бұрын Рейкьявикте өткен халықаралық жиында жұмсақтау сөйледі. Қауіптің алдын -алу мүмкін болмаған жағдайда ғана, шабуыл қаупі айтарлықтай анық болғанда ғана, төтенше шараларымызға тосқауыл қою әрекеті жасалса ғана алдын- ала шабуылға жүгінуіміз мүмкін, деді Сергей Иванов 6 қазан күні. Ал 10 қазанда келесі жиында Ресей қорғаныс министрі қайтадан жұмбақтап сөйледі.

Әскери талдаушы Павел Фельгенхауер Ресей басшылары екі сөйлейтін әдетін тастамай отыр, мәселе сонда дейді. Ресей халқына бір сөз айтылса, Ресей басшылары шетелде мүлдем басқа сарында ой толғайды, бейбітшіл тұлға боп көрінгісі келеді дейді Павел Фельгенхауер:

- Бұл жерде пәлендей жаңалық жоқ. Шындығында бұл Ресей халқының құлағына арналған мәлімдемелер. НАТО қорғаныс министрлерінің жиынында Сергей Иванов Ресейдің атом қару саясаты баяғы қалпында, атом қаруы тек саяси тосқауылдың құралы боп қала береді деп шегініс жасаған болатын.

Қауіптің алдын алу мақсатында бірінші шабуылдау амалы Америка Құрама Штаттарының терроризмге қарсы соғысы кезінде ауызға қайта алынды. Дұшпанды алдын- ала қарусыздану мұқтаждығы мен күшті бірінші жұмсау амалына террорлық шабуылдардың жаңа дәуірі мәжбүрлеп отыр дейді АҚШ басшылары. Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 51-ші бабында қорғану мұқтаждығымен Қауіпсіздік Кеңесінің рұқсатынсыз күш жұмсауға болады делінген екен. Алайда, бұл қағида алдын-ала шабуыл жасауға жол ашып тұр ма, жоқ па қазір дау туғызып тұр.
XS
SM
MD
LG