Accessibility links

Ядролық бағдарламасын уақытша тоқтату жөніндегі уәдесінен Иран тайқып отыр.


Өткен аптада Еуропа Одағы жетекшілеріне өз ядролық бағдарламасын тоқтату жөнінде уәде берген Иран демалыс күндері мұндай шараға бармастан бұрын әлі де ойлануы қажет екенін мәлімдеді.

Халықаралық aтомдық энергия агенттігімен толық ынтымақтасып, атомдық қару жасауға мүмкіндік бере алатын барлық әрекеттерді тоқтату жөнінде уәде берген Иран арада бір аптаға жетер-жетпес уақыт өткенде бұл уәдеден тайқып отыр.

Өткен сейсенбіде елге келген Британия, Франция және Германия сыртқы істер министрлеріне ресми Теғран өз ядролық бағдарламасын "өтпелі кезеңге" тоқтататынын және Халықаралық атомдық энергия агенттігі тексерушілеріне елдегі атомдық қондырғыларды тексерістен өткізуіне мүмкіндік беретінін мәлімдеген еді. Алайда, демалыс күндері ресми Теғран уран байыту әрекеттерін әлі тоқтатпағанын, мұндай қадамға бармастан бұрын әлі де ел ішінде кеңес өткізу қажеттігін мәлімдеді. Бұл жөнінде Теғрандағы Батыс ақпарат құралдарының тілшілеріне Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Хамид Реза Асефи айтқан.

Уран байыту әрекеттерін тоқтату талабын Иранға Халықаралық атомдық энергия агенттігі қойған еді. Бұл агенттік қазанның 31-іне дейін Иран өзіндегі ядролық бағдарламаның бейбіт мақсаттағы бағдарлама екенін дәлелдемесе, мәселені БҰҰ-на шығаратынын ескерткен еді. Мұндай шара Иранға халықаралық көлемде шектеу әрекеттерінің енгізілуіне түрткі болуы мүмкін.

Ирандағы ядролық бағдарлама мәселесі халықаралық көлемде өткен жылдың жазында сөз бола бастады. Ол кезде қуғындағы Иран оппозициялық тобы Иранның Натанз елдімекені маңында құпия уран байыту зауыты бар екенін мәлімдеген еді. Халықаралық атомдық энергия агенттігі тексерушісінің жыл басында Иранға жасаған сапары барысында негізінен жерастында салынған мұндай зауыттың бар екені расталды.

Американың Калифорния штатындағы Монтерей қаласында орналасқан Қару таратпау зерттеулері орталығының маманы Фред Уелиңнің айтуынша, бар күдік Иранның уран байыту зауытын құпия түрде салуында.

- Иран өз мұқтажына қажет яролық отынды өзі байыта алады. Алайда, мәселе расында да тек бейбіт мақсаттағы ядролық отын қажеттілігіне тірелсе, мұндай шараны құпиялаудың сыры неде, - дейді бұл маман.

Иран 2020 жылға қарай елде жеті атомдық электр қуаты бекеттерін тұрғызбақ. Мұндай жобаның алғашқысы Ресей мамандарының көмегімен Бушехр теңіз айлағында жүзеге асырылып та жатыр.

Халықаралық көлемде қол қойылған Ядролық қаруларды таратпау келісіміне сай, Иранның өз қажетіне сай ядролық отынды байытуына шектеу жоқ. Алайда, сол келісімге сай, мұндай уран байыту қондырғысын салмастан бұрын Иран Халықаралық атомдық энергия агенттігін мұндай жоспарымен таныстырып, өндірілетін отынның расында да бейбіт мақсатта қолданылатынын дәлелдеу үшін Халықаралық агентттіктің тексерушілерін елге шақыруы тиіс еді. Ирандағы уран байыту зауытының құпия түрде салынуы бұл бағдарламаның, Иран мәлімдеп отырғанындай, тек бейбіт мақсаттағы жоба екендігіне шәк тудырып отыр.
XS
SM
MD
LG