Accessibility links

«Қазақстан Отаншыл жастар одағының» өкілдері өз құқықтарының шектеліп отырғанына наразылық білдірді


Жақында ғана Қазақстанның әділет министрлігінде тіркеуден өткен «Қазақстанның Отаншыл жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшілігі өздерінің конституциялық құқықтары бұзылып отырғаны туралы мәлімдеме таратты.

Онда қазақстандық билік өкілдері жастардың саяси еркіндігі мен сөз бостандығына шектеу қоятыны айтылған.

Биылғы жыл басынан бері республиканың әділет министрлігіне үш мәрте өтініш беріп, тек қазан айының басында ғана тіркеуден өткен «Қазақстанның Отаншыл жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің басшылығы енді жергілікті билік орындары бұлардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзып отырғаны жайлы мәлімдеме жасады.

Жастар ұйымының жетекшісі Маханбет Әбжан радиомызға берген сұхбатында Республика күні мейрамы қарсаңында жастар тақырыбына арнап өздерінің пікірталас өткізбек болғанын айтты. Бұл шараға басқалармен бірге Қазақстан парламенті мәжілісіндегі оппозициялық көзқарастағы бірқатар депутаттар да шақырылған. Ал оны өткізетін орын жөнінде Астана қаласындағы сауда-экономикалық колледжінің басшылығымен алдын-ала келісіліпті. Алайда, уәделі күні колледж басшылығы өздерінде басқа бір шараның өтетінін айтып, берген сөзінен айнып қалған.

Маханбет Әбжан, «Қазақстанның Отаншыл жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі: - Біз бір апта бұрын осы колледжге келіп, орын туралы келіскенімізде өзіміз сұрап отырған күні, яғни, қазанның 24-де басқа ешқандай шара болмайтыны айтылған еді. Ал 23-і күні алдын-ала дайындап қоймақ болып келгенімізде колледждегілер біздің белгілеп кеткен күні және сол сағатта мұнда Астана қаласындағы Алматы аудандық әкімшілігінің қызметкерлері саяси сабақ өткізетін боп қалғанын айтты.

«Қазақстанның Отаншыл жастар одағының» тағы бір мүшесі Жанбота Қарашолақов елдегі қазіргі билік орындары жастармен қарым-қатынасын түбегейлі өзгерткені жөн дегенді айтады.

- Дәл осындай мереке – Республика күніне арналған шарамызды өткізуге биліктің кедергі жасауы тіптен ақылға симайды. Мұндай жағдайлар қоғамда болмауы керек, керісінше, билік қоғамдық ұйымдармен, соның ішінде біз секілді жастар ұйымдарымен де бірлесе жұмыс істеуге ұмтылуы тиіс деп санаймын, - деді Жанбота Қарашолақов.

«Қазақстанның Отаншыл жастар одағының» қоғамдық бірлестігінің сәрсенбі күні таратқан мәлімдемесінде «жергілікті билік қоғамда болып жатқан оқиғалар жайлы шындықты жастардың білгенінен қорқатыны» айтылған. Сондықтан жастар өз құқықтарын қорғауға қол жеткізу қажет, ал ел алдында жауапкершілікті сезінуі үшін жергілікті атқарушы билік басшылары - әкімдерді халықтың өзі сайлап қойғаны дұрыс деп санайды. Отаншыл жастар одағының мүшелері алдағы уақытта жастардың әлеуметтік проблемаларына билік органдарының назарын аударуды жоспарлап отыр.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG