Accessibility links

Ауғанстандағы пұштутілділер өз тілдеріне заң жүзінде ресми мәртебе берілгенімен, ол іс жүзінде қағажу көруде деген пікір айтады


Ауғанстанда қашан да дари мен пұшту тілдерінің мәртебесі нәзік те күрделі мәселенің бірі болып келді. Парсы деп те аталатын дари тілі мен пұшту тілдері европалық үндітілдер тобына жатады.

Пұшту - Ауғанстандағы ең үлкен этникалық топтың ана тілі болып есептеледі. Ал бірақ та елдегі саны жағынан екінші этникалық топ -тәжіктер болса дари тілінде сөйлейді. Қазіргі күні Ауғанстанда жүргізілетін барлық мемлекеттік деңгейдегі құжаттар, оның қатарында Ауғанның жаңа Конститутциясының жобасы да бар, осы аталған екі тілде бірдей жазылады, демек қос тілге де тең құзырлы мәртебе беріліп отыр. Алайда көптеген пұшту тілділер шындығында өз тілдеріне жеткілікті мән беріліп, көңіл бөлініп отырған жоқ деген көзқарас-пікір жағында.

- Ауғанстанда сөйленетін пұшту, дари, өзбек, түркмен, белудж, пашайи, нұрустани тағы басқа да бірқатар тілдер бар. Ал пұшту мен дари Ауғанстан үкіметінің ресми тілдері. Үкімет елдегі барлық тілдер дамытылуы үшін тиімді бағдарламалар жасап қамтамасыз етуде. Теледидар және радио хабарлары барлық тілде шектеусіз жүргізіледі. Мерзімді басылымдар да осы тілдерде жарық көреді, - міне бұл сөздер біздің радиомызға пұшту және дари тілінде де айтылды.

Дүйсенбі күні Ауғанстан президенті Хамид Қарзайға ұсынылған жаңа Конститутция жобасындағы 1 бабының 16 тармағында пұшту және дари тілдерінің ресми мәртебесі мойындалған. Осындай конститутциялық кепілдіктер берілуіне қарамастан, пұштутілділердің көпшілігі өз тілдері ауған қоғамында қай кезде де шет қақпай көріп келеді деп ойлайды. Пұштутілділер елдегі ең көп этникалық топ болса да, мұнда дари тілі үкімет тілінде, ресми кездесулер мен баспасөзде де басымдылққа ие деп шағымданады олар.

Тіл төңірегіндегі дау-дамай мұнда жүздеген жылдардан бері жалғасуда. Парсы тілі Ауғанстанға жақын жатқан елдерде көп уақыт басымдылыққа ие тіл қатарында болып келді. Парсы тілінің бүгін де Тәжікстан мен Иранда ресми ұлттық тіл мәртебесі бар. Тәжіктер сондай-ақ Өзбекстанда да көпсанды ұлттық азшылықтың бірі, сонымен қатар парсытілділердің бірнеше жүздеген мыңы Қытайда да тұрады. Бұлардан айырмашылығы пұшту тілінде ауғанстандықтар мен Пәкістанның солтүстік- батысындағылар ғана сөйлейді.

Ауғанстанның Миллат саяси партиясының және Орталық банктің басшысы Ануар-ұл- хақ Ахади елдегі пұшту тілі басым сөйленетін Нангархар сияқты аймақтардың өзінде ресми қарым-қатынас құралы дари тілі дейді:

- Менде нақты деректемелік анықтама жоқ болса да, біздің білуімізше пұшту мен тәжіктер көпшілік тұратын облыстарда ресми құжаттардың 95 проценті дари тілінде. Пуштутілділер заңға сәйкес пұшту елдің ресми ұлттық тілі болғанымен, іс жүзінде онда бұл екі мәртебенің ешқайсысы да жоқ. Ресми тіл ретіндегі мәртебесі шындығында өте әлсіз.

2001 жылы Ауғанстандағы билік басынан Талибан жүйесі қуылғаннан кейін елде 200-ден астам газет-журнал шыға бастады. Олардың басым көпшілігі дари тілінде болса, тек 30 процентке жуығы пұшту тілінде басылады. Қалғандары қостілді басылымдар. Алайда ауғандық журналист Зия Бамияның айтуынша, қос тілде жарық көретін мерзімді басылымдардағы мақалалардың 80 проценті тек дари тілінде жазылады екен. Ол сондай-ақ елдегі телерадио хабарларында да осындай жағдай қалыптасқан дейді:

- Шамамен Ауғанның ұлттық телерадио хабарларының 80 проценті дари тілінде, ал қалған 20 проценті пұшту тілінде беріледі. Ұлттық телевидение кейбір шетелдік фильмдерді пұшту тіліне аударып көрсетеді, арасында онша маңызды емес жарнама-хабарландырулар мен мәлімдемелерді пұшту тілінде берген болады. Есесіне көрермендердің қызығушылығын тудыратын маңызды хабарлардың бәрі де тек дари тілінде жүргізіледі.

Ауғанстан заңдарына сәйкес, ауғандықтар қай тілде оқып-білім алуды өздері еркін таңдай алады. Бастауыш және орта білімді дари, пұшту тілдерінде, сондай-ақ өзбек тілінде алуларына жағдай жасалған. Бірақ Ауғанстанның жоғарғы оқу орындарының басым көпшілігінде сабақ дари тілінде жүргізіледі. Міне қағаз бен заң жүзінде мәртебелері бірдей деп танылған тілдер арасындағы осындай теңсіздіктер ауған адамдарының, әсіресе пұштутілділер арасында өзіндік алаңдаушылық туғызып отырғаны белгілі.
XS
SM
MD
LG