Accessibility links

Таяу Шығысты демократияландыру мақсаты АҚШ сыртқы саясатында қалай қалыптасты


АҚШ президенті Джордж Буш Ирақ соғысын әдетте Таяу Шығысты демократияландыру мүддесімен түсіндіреді. Негізгі мақсат – Ирақты толыққанды демократиялық елге айналдыру, сол арқылы көршілес мемлекеттерге дұрыс ықпал жасату АҚШ әкімшілігінің ұғымында.

Таяу Шығыста демократия орнатамыз деген Америка Құрама Штаттарының батыл жоспары Ирақ соғысына бір жарым ай қалғанда айтыла басталды. Президент Джордж Буш үлкен міндет алдық мойнымызға деп ауыз толтырып сөйледі. Ал оның алдындағы айларда Буш әкімшілігі Бағдадтан төнген жойқын қару қаупі Ираққа күш жұмсауға жеткілікті деп айтатын. Бүгінгі таңда Буш ең үлкен мақсатымыз - Ирақ халқын Саддам Хұсейннің диктаторлық билігінен құтқару, Ирақты аймақтағы демократия үлгісіне айналдыру дейді.

Демократиялық бастамаға АҚШ әкімшілігі қаншалықты үлкен маңыз беретіні президент Буштың қараша айының басында сөйлегенінде көрінді. Буш бұрынғы әдетін тастап, "жойқын қару" деген сөздерді ауызына алған жоқ. АҚШ тергеушілері жойқын қару өндірісінің белгісін іздеп жатқанымен, қалың бұқараға әлі ешқандай жетістігімен мақтан ете алмады. Президент Буш Таяу Шығыста демократиялық өзгеріс іске асады, әр елдің демократияға қол жеткізетініне кәміл сенемін деп мәлемдеді:

- Ирақта демократия орнатылмаса – бұл дүние жүзі террористерінің қанатына су себеді. Бұл америка халқына төнген қауіпті ұлғайтады және Таяу Шығыс аймағындағы миллиондаған халықтың үмітін сөндіреді. Ирақ демократиясы жеңіске жетеді. Бұл табыс сонау Дамаск пен Тегеранның арасындағы кеңістікте орнайды. Еркіндік әр елдің болашағына айналады.

"Азаттық" радиосына пікір айтқан талдаушылар АҚШ саясатының бетбұрысына 11 қыркүйектегі шабуылдар расында да үлкен септігін тигізді дейді. "Вашингтон пост" газетінің талдаушысы Девид Игнатиус еске алып отырғандай, АҚШ-тың бұрынғы саясатында Таяу Шығыста "статус-квоны" яки қалыптасқан ахуалды қалпында ұстап тұру мүддесі көзделген еді. АҚШ аймақтағы елдердің текетірестеріне көп араласпады, өзінің сол сәттегі мүдделеріне бола кейбір мәселелерге ден қоймайтын. Мәселен, мұнай мүддесіне бола АҚШ Сауыд Арабиясындағы демократияның жұпыны халіне былқ етпейтін. Иран ислам республикасымен соғысып жатқаны үшін Саддам Хұсейннің адам құқықтарын аяққа таптап жатқан саясатынада АҚШ ешқандай алаңдаушылық танытқан жоқ.

Сауыд Арабиясының тумасы Осама Бин Ладен бастаған "Әл Қаида" халықаралық террористік ұйымы бас көтерген соң АҚШ Таяу Шығыстағы "статус-кво" саясатын доғаруға мәжбүр болды, дейді "Вашингтон пост" газетінің талдаушысы Девид Игнатиус:

- "Статус-кво" саясаты американың зеңгір үйлерін құлатты. "Статус-кво" жарамдыдан жарамсызға айналды. Көп нәрсе анық болмаса да Америка Құрама Штаттары Таяу Шығыста қандай мақсатқа қол жеткізе аламыз деген көзқарасын өзгерте бастады. Бұл сәтте Ираққа әскер кіргізу жоспары алға шығып кетті.

АҚШ басшылары Таяу Шығыс халықтары үкіметтерінің сыбайласқан жемқорлығынан әбден шаршады, жергілікті басшылардан көп қарсылық бола қоймайды деген көзқараста, дейді Девид Игнатиус. АҚШ-тың жаңа саясаты Совет Одағының құлдырауын қалай тездетсе қазірде сондай сипатта болмақ. Сондықтан Джордж Буш қараша айындағы бір сөзінде 1980-ші жылдардағы президент Рональд Рейганға сілтеме жасады.
XS
SM
MD
LG