Accessibility links

Қазақстан президентін сотқа тартпақ болған зейнеткердің арызын сот қанағаттандырмай тастады


Үстіміздегі жылдың маусым айында Ақтөбе қаласында тұратын Владимир Колесников есімді зейнеткер Қазақстан Президентінің үстінен Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық сотына арызданған болатын. Арыз иесі бірнеше жыл бойына өзінің азаматтық құқықтары бұзылып отырғанын айтып, бұның бір себебі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев республика Конституциясы бойынша өзіне жүктелген міндетін дұрыс атқармай отырғанында деп көрсетеді. Зейнеткер сондықтан өзіне моральдық және материалдық залалды өндіріп беруді соттан сұраған еді.

Алайда, Сарыарқа аудандық соты осы азаматтық іс бойынша маусымның 11-күні шығарған шешімінде арыз иесінің талабын қанағаттандырмай тастады. Бұған риза болмаған зейнеткер В.Колесников Астана қалалық сотына аппеляциялық шағым түсірді. Желтоқсанның 2-күні Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы Сарыарқы аудандық сотының шешімін өз күшінде қалдырды.

Ұзақ жылдар Қазақстанның ішкі істер органында жұмыс істеп, 1995 жылы подполковник шенімен зейнетке шыққан зейнеткер Владимир Колесников 2000 жылдан бері өзі еңбек еткен Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасымен дауласып жүр. Зейнеткердің айтуынша, бұл мекеме оның зейнетақысынан 75 мың теңге, яғни 500 доллардан астам ақшаны заңсыз ұстап, бермей қойған.

- Содан бергі өткен уақыт ішінде өзімнің заңды құқығымды қорғап, сот орындарына арызданумен келемін, - дейді азамат В.Колесников.

Оның айтуынша, Қазақстанның Жоғарғы соты 2001 жылғы көкектің 4-i күні қабылдаған қаулысында зейнеткер талабының заңды екендігін дәлелдеген. Бірақ та В.Колесников үш жылдан бері өзіне тиесілі ақшаны ала алмай келе жатқанын айтып отыр.

Осылайша кешегі заң қызметкері, қазіргі зейнеткер В.Колесников үш жыл бойына Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасының үстінен сот орындарына, Бас прокуратураға, Қазақстан президентінің әкімшілігіне арызданумен келеді. Ол Қазақстан Республикасының Ата заңымен белгіленген өз құқығының өрескел бұзылып отырғанын айтып, президент Н.Назарбаевтың атына 16 рет арыз-өтініш, жеделхаттар түсіріпті. Бірақ, бұл жазғандарына қанағаттанарлық жауап ала алмапты.

- Менің бас прокуратураға жолдаған арыз-өтініштерімді олар Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасына, яғни өзім соттасып жүрген органға жібереді. Болмаған соң мен бұларды сотқа бердім, ал сот менің өтініштерімнің барлығын ескерусіз қалдырды, - дейді В.Колесниковтің өзі.

Зейнеткер В.Колесников өзі дауласып жүрген Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасы енді мұның артына шам алып түсіп отырғанын айтады. Бес-алты жылдан бері Колесниковпен азаматтық некеде отасып тұрып жатқан, Ақтөбе қаласында ішкі істер органында полиция майоры шенінде қызмет атқарып келген Ирина Луговая есімді келіншекті биыл тамыз айында жұмыстан шығарып тастаған. Мұны олар кеш естіпті. Себебі, В.Колесников пен И.Луговая сегіз айдан бері әділдік іздеп Астанада жүр.

- Қазір біз қайыршы күйге түстік, мен балам мен өз өмірім үшін қорқамын, - дейді Ирина.

Астанаға келген соң, В.Колесников биылғы жылдың шілде айының 24-i күні өзінің басындағы жағдайға билік орындарының назарын аудармақ болып, Астана қалалық әкімшілігінен қаланың ортасындағы алаңда пикет өткізу рұқсат сұрапты. Бірақ, қала әкімінің орынбасары С.Ахметовтың берген жауабында бұл Қазақстан Республикасы Конституциясының 46-шы бабына қайшы келетіндіктен, ондай шара өткізуге рұқсат берілмейтіндігі жазылған. Естеріңізге сала кетейік, Конституцияның бұл бабында Қазақстан президентінің ар-ожданы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайтындығы және президент пен оның отбасы мүшелері мемлекеттің есебінен қорғалып, күзетілетіндігі жазылған. Сонымен бірге қала әкімшілігі В.Колесниковке «Қазақстан президентінің ар-ожданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу және оның қызметіне кедергі жасағаны үшін» республиканың қылмыстық кодексіндегі 318-бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке апарып соғатыны ескертілген. Бұл бапқа сәйкес, қылмыстық жауапкершілiкке тартылған адамға айыппұл салудан бастап, оны бес жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Ал В.Колесников болса, Қазақстанның Негізгі заңына сәйкес республика президенті азаматтардың консититуциялық құқықтары мен бостандықтарының кепілі болуы тиіс, бірақ та президент Н.Назарбаев осы міндетін дұрыс атқармай отыр деп оны сотқа берген еді.

Алайда В.Колесниковтың бұл арызын биылғы жылғы маусым айында Сарырақа аудандық соты да, ал енді міне желтоқсан айында Астана қаласының соты да жөнсіз деп тауып отыр. Бұл екі сот мәжілістеріне де Қазақстан президентінің тарапынан ешкім қатысқан жоқ.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG