Accessibility links

Қазақстанның электр қуаты саласын дамытудың тұжырымдамасы талқыланды


Дүйсенбі күні Астанада өткен Қазақстан үкіметінің отырысында республиканың электр қуаты саласын нарық жағдайында дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған орта мерзімді тұжырымдамасы қаралды.

Электр қуаты саласын дамытуға арналған бұл тұжырымдама елдегі осы салаға инвестиция тартуды және бәсекелестікті дамытып, баға белгілеуде ашық саясат болуын қамтамасыз етуді көздейді. Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник тұжырымдамада осы саланың нормативтік-құқықтық базасын құрып, республиканың электр саудасы базарында жүйелік оператор белгілеу міндеті қойылып отырғанын айтты. Одан кейінгі кезекте Қазақстанда бұл саланы көтерме сауда базарына шығару үшін қуаттың ең аз шекті деңгейін төмендету арқылы бәсекелі көтерме сауда базарының көлемін кеңейтуді мақсат етеді деді министр В.Школьник. Оның айтуынша бұл көрсеткіш алдағы жылдың аяғына дейін 2 мегаватт, ал 2005 жылдың соңына қарай 1 мегаватт болмақ.

Министр В.Школьник электр қуатының бөлшек сауда инфрақұрылымына инвестиция тартуды ынталандыру және аймақтық энергетикалық компаниялардың жұмыс тиімділігін арттыру үшін оларды жекешелендіруді аяғына дейін жеткізу керек деп санайды. Оның айтуынша электр қуатының бөлшек сауда базарын либерализациялау ісі кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

- Алғашқы кезеңде, 2005 жылғы көкек айының 1-іне дейін бөлшек сауда базарында бәсекелестікті қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасау, ал бұған дейін, яғни 2004 жылғы көкектің бірінен бастап бірқатар қызметтерді аймақтық компаниялардан электрмен қамтамасыз етуші ұйымдарға беріледі. Бұл ұйымдар аймақтық компаниялардың дербес заңды тұлға мәртебесіне ие еншілес кәсіпорыны ретінде немесе басқадай жолдармен құрылатын болады, - деді Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник.

Бұдан өзге министр В.Школьник тұжырымдама жобасында елдегі жылу желілерін энергетикалық компаниялардан алу көзделгенін айтты. Министрдің айтуынша, жылу желілерін коммуналдық меншікке немесе жеке меншікке беру жоспарланған. Ал коммуналдық меншіктегі жылу желілерін күрделі жөндеуден өткізіп, шаруашылықтың жұмысын қалпына келтіріп, дамыту жұмыстарын жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру белгіленген.

Алайда, Қазақстан үкіметінің жетекшісі Даниал Ахметов тұжырымдама жобасындағы жылу желілерінің техникалық жұмыстарын бюджет есебінен қаржыландыруға қатысты өз қарсылығын білдірді. Премьер-министр тұжырымдамада әлгіндей шаруашылықтардың мемлекет қаржысына иек артпай, коммерциялық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз етуі белгіленгені дұрыс деген өз ойын білдірді. Бұл істе ол республикадағы елді мекендерде жинақталған тәжірибені негізге ала отырып, тұжырымдамаға тиісті түзетулер енгізуді тапсырды.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG