Accessibility links

Қазақ мұнайына қатысты тағы бір келісімге қол қойылды


Желтоқсанның 29-күнi Астанада Қазақстанның энергетика және минералдық ресурстар министрлiгI мен “ҚазақМұнайГаз” ұлттық компаниясы арасында Түпқараған жобасы бойынша өзара өнiм бөлiсу туралы келiсiмге қол қойылды. 40 жыл мерзiмге келiсiм жасалып отырған бұл жобадан Қазақстан бюджетiне үш жарым млрд доллар көлемiнде қаржы түседi деп жоспарланып отыр.

Жасалған келiсiмге сәйкес "ҚазақМұнайГаз" ұлттық компаниясы жабық акционерлiк қоғамы Каспий теңiзiнiң Қазақстан бөлiгiнде орналасқан Түпқарағанда жер қойнауын пайдалану құқына ие болды.

- Бұл жерде мұнайдың ауқымды қоры бар деп жобалап отырмыз. Шамамен 110-113 млн тонна мұнай кен орнын табамыз ба деген сеніміз бар. Болашақта ондай кен орны табылып жатса, онда бұл кен орнын игеру үшін 1 млрд 700 млн үстінде инвестиция жасалуы керек, - дейдi осы екiжақты келiсiмге қол қойған тараптың бiрi - “ҚазақМұнайГаз” ұлттық компаниясының президентi Ұзақбай Қарабалин.

Түпқараған жобасына қатысты жұмыстарды “ҚазақМұнайГаз” өз күшiмен атқармақшы. Ұлттық компания Түпқарағандағы бұрғылау жұмыстарына 2005 жылы кiрiсудi жоспарлап отыр. Компания жетекшiсi Ұ.Қарабалин бұл үшiн керектi мамандар дайындау қазiрден қолға алынып жатқанын айтады.

- Бізде қазір 30 мыңдай жұмыскерлеріміз бар. Солардың ішінен осы жобаға керектілерін іріктеп, оқытып жатырмыз, - дедi “ҚазақМұнайГаз” жетекшісі Ұ.Қарабалин.

Қазақстанның энергетика және минералдық ресурстар министрi Владимир Школьниктiң айтуынша Түпқараған жобасы бойынша негiзгi шығыс 1,721 млрд АҚШ долларын құраса, пайдалану шығыны 2,1 млрд доллар болмақ. Ал жобаның рентабельдiлiк көрсеткiшi 15 пайыз шамасында болады деп болжанып отыр.

Бұдан өзге дүйсенбi күнi "ҚазақМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен Қазақстанның энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi арасында тағы бiр келiсiмге қол қойылды. Бес жыл мерзiмге жасалып отырған бұл келiсiм бойынша “ҚазақМұнайГаз” ұлттық компаниясы осы уақытқа дейін игерілмей жатқан Аташ учаскесiнде геологиялық барлау жұмыстарын жүргiзетiн болады.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG