Accessibility links

Мұнай келісімдеріне қол қойылды


Қазақстан астанасында Ресейдің «ЛУКОЙЛ Оверсиз Холдинг» компаниясы мен қазақстандық «ҚазМұнайТеңіз» компаниясы ЖАҚ-ының басшылары Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі «Түп-Қараған» теңіз жобасы бойынша бірлескен қызмет туралы келісімге қол қойды. Таяу болашақта осы жобаны тепе-теңдік негізде жүзеге асыру үшін Қазақстанның батыс бөлігінде операциялық компаниялар құру көзделіп отыр.

Бұл келісім Каспийдің Қазақстан бөлігіндегі «Түп-Қараған» мен «Аташ» жобалары бойынша «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы және Ресейдің «Лукойл» акционерлік қоғамы арасында өткен аптада, Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға ресми сапары кезінде бекітілген негізгі келісім құжаттарын дамыту мақсатында жасалып отыр. Бұл туралы радиомызға бейсенбі күні «ҚазМұнайТеңіз» теңіз мұнай компаниясының бұқарамен байланыс жөніндегі өкілі Марат Мұхамедсалиев хабарлады.

- Екі жобаны тепе-теңдік негізінде жүзеге асыру үшін Қазақстанның батыс бөлігінде жуырда оперциялық компаниялар құрылатын болады. Геологиялық барлау кезеңі барысында компанияларды «ҚазМұнайТеңіз» өкілдері басқарады. Көмірсутегілері ашылған жағдайда тараптар ротация негізінде екі жылдан кейін компания басшыларын тағайындайды. Негізінен, «Тұпқараған» учаскесі Түпқараған түбегінің батыс жағына қарай 40 км жерде орналасқан. Ол жерде теңіздің тереңдігі – 7-12 метр. Болжамды геологиялық ресурстары – 388 млн. тонн шартты жанар май, оның ішінде мұнай - 324,3 млн. тонна, - деді «ҚазМұнайТеңіз» ТМКомпаниясының бұқарамен байланыс жөніндегі өкілі Марат Мұхамедсалиев.

М.Мұхамедсалиев мырзаның айтуынша, жобаға сәйкес таяу жылдары геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу көзделген. Ал егер ол ойдағыдай нәтиже берсе, мұнай өндіру жұмыстарын 2012 жылы бастау белгіленіп отыр.

М.Мұхамедсалиев:

- Көмірсутегілерінің табылу ықтималдығы жоғары деп бағаланады. 2004 жылдан бастап геологиялық барлау жұмыстарының бағдарламасы кем дегенде 655 құма км сейсмобарлау жүргізуді және бір барлау ұңғымасын бұрғылауды көздейді. Ал көмірсутегілерінің коммерциялық ашылуы 2005 жылы болады деп күтілуде. Жоба бойынша ең жоғары жылдық өнім – 7,2 млн. тонна, ал жалпы өндірілетін мұнай жинағы (келісім-шарт мерзімінің аяғындағы) – 110 млн. тонна деген болжам жасалып отыр.

Бұған дейін Қазақстанның энергетика және минералдық ресурстар министрi Владимир Школьник Түпқараған жобасы бойынша негiзгi шығыс 1,7 млрд АҚШ доллары, пайдалану шығыны 2,1 млрд доллар болады деп айтқан-тұғын.

Ал өткен аптада Ресей президентінің Астанаға сапары кезінде екі елдің бұл жобаға жұмсайтын инвестицияларының жалпы көлемі 3 млрд АҚШ долларын құрайтыны жария етілді.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG