Accessibility links

Әділет министрлігінің комитеті журналистерге ақпарат сатып отыр


Қазақстанның Әділет министрлігінің тіркеу қызметі комитеті елдегі заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуге айналумен айналысатын мемлекеттік орган. Осы мекемеден ақпарат алғысы келген журналистер алдымен тиісті мөлшерде ақша төлеуі тиіс, тек содан кейін ғана өзіне қажетті мәліметті алуына болады. Мемлекеттік құзырлы органның жұртшылыққа керекті, қоғамдық маңызы бар ақпаратты бұқаралық ақпарат құрал өкілдеріне саудаға салып отырғаны жайлы астаналық тілшіміз Кенжебек Нұрқасенұлы әңгімелейді:

Қазақстанның әділет министрлігінің тіркеу қызметі комитетіне елдегі заңды тіркеуден өткен саяси партиялар туралы ақпарат алу мақсатында барған болатынбыз. Қазақстанда биыл парламент, ал келесі жылы президент сайлауы өтетіндіктен бұның алдында саяси партияларға қатысты қоғамдық маңызы бар осындай сауалдармен басқа да бірқатар ресми органдарда болған едік. Алайда олардан өзгеше бір жайт - бұл жолы тіркеу қызметі комитетіндегілер біздің баспасөз өкілі екенімізді және не шаруамен келгенімізді білгеннен соң, сұраған ақпарат үшін ақша төлеуге тиіс екенімізді айтты. Шынын айтсақ, бұл кезге дейін журналиске керекті ақпаратты саудалаған мемлекеттік орган кездестірмеген едік, сондықтан бұндай тәртіптің қайдан шығып отырғанына көз жеткізбек болдық. Сөйтіп, әділет министрлігі тіркеу қызметі комитетінің заңды тұлғаларды тіркеу басқармасының бастығы Құралай Біржанқызына жолықтық. Ол кісі журналистерге ақылы негізде қызмет көрсету тәртібі осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан үкіметінің қаулысымен қабылданғанын айтты.

Құралай Біржанқызы, ҚР әділет министрлігі тіркеу қызметі комитетінің заңды тұлғаларды тіркеу басқармасының бастығы:

- Иә, ақпаратты журналистерге де ақылы негізде береміз. Ақпараттың бағасы аса қымбат емес – бар болғаны 50 теңге тұрады. Бұл туралы үкіметтің 1998 жылы қабылдаған тиісті қаулысы бар, онда мемлекеттік органдардың осындай ақылы қызмет көрсетуі жайында жазылған, біз сол қаулыны басшылыққа аламыз.

Біз бұл мәселенің мән-жайын Қазақстан Республикасы әділет министрлігінің баспасөз хатшысы Ақмарал Мұқышевадан да сұрадық.

Ақмарал Мұқышева, ҚР әділет министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Расында, сондай қаулының бары екені рас, оған бірнеше жыл болды. Неге екенін қайдам, кезінде осындай қаулы қабылданыпты.

«Азаттық» радиосы»:

- Сонда осындай ақылы қызметтен мемлекетке қанша пайда келіп отыр?

Ақмарал Мұқышева, ҚР әділет министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Ондай ақпарат жайлы сауалды... тағы да сол комитетке жазбаша жолдап, солардың өздерінен сұрау керек.

Қазірде Қазақстанда қолданыста жүрген «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда, сондай-ақ қоғамда қызу пікіріталас туғызып жатқан жаңа заң жобасында мемлекеттік органның қоғамдық маңызы бар ақпаратты журналиске сатып беру жайында ештеңе жазылмаған. Әйтсе де, Қазақстанда кейбір мемлекеттік органдар осылайша ауадан ақша жасап жатыр.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG