Accessibility links

Ирақ басшысы сайлау өткізу жөніндегі дау-дамайды БҰҰ шеше алады деген сенімде.


АҚШ президенті Дж. Буш осы аптада өзінің ұлтқа арнаған жолдауын тоқтатып қойып, Конгресс мүшелеріне және елге Пачачиді таныстырды. Ал сәрсенбі күні Ирақтың басқарушы кеңесінің қазіргі президенті Аднан Пачачи Вашингтонда тілшілер алдында Ирақ мемлекеттігі жөніндегі өз мәлімдемесін жасаған.

БҰҰ-ы Ираққа қайта оралып, елде сайлауды ертерек өткізу қажеттігі жөніндегі даулы мәселенің шешілуіне өз үлесін қосуы тиіс деген пікірін айтты Америка президенті өзін арнайы таныстырған соң бір күн өте салысымен, Ирақтың басқару кеңесінің қазіргі басшысы Аднан Пачачи.

Саяси қайраткерлер қатарында Капитолға жолдауды тыңдауға келген Пачачиді қошеметтеп қарсы алған АҚШ президенті Буш Конгрестің қос палатасы алдында сөйлеп тұрған сөзін үзіп, былай деген:

- Айдан ай өткен сайын Ирақ халқы өздерінің қауіпсіздігі мен болашағы үшін жауапкершіліктерін жоғарылатып келеді. Ал бүгін біз Ирақтың құрметті жетекшілерінің бірі – Ирақтағы басқару кеңесінің президенті Аднан Пачачиді қарсы алу құрметіне ие болып отырмыз. Мырза, Америка сізбен және Ирақ халқымен бірге тұр, өйткені сіздер еркін де бейбіт ел құрып жатырсыздар.

Пачачи журналистермен әңгімелескенде Ирақтағы түрлі қиындықтарға қарамастан, елдің бұрынғы президенті Саддам биліктен кетірілгеннен бері елдің көңілі көтеріңкі, алғы күнге деген үміттері басым дегенді айтқан.

- Біз кейбір проблемаларға кездесіп отырғанымызбен де, демократияны дамытып, өмір сүруге қабілетті Ирақты құрып, аймақтағы басқа елдерге үлгі болатын елді қалыптастыратынымызға сенімдіміз, - деген Пачачи.

Дегенмен де, демократияны дамытумен қатар, басқа да өзекті мәселелер соғыстан кейінгі Ирақта жеткілікті. Вашингтонның Ирақтың тәуелсіздігін 30 маусымға қарай аймақтық фракциялық кеңестерден кейін орнату жөніндегі жоспарына қарсылық білдірген Әл-Систани бастаған мұсылман шииттерінің басым көпшілігі тікелей сайлаулар өткізілсін деген талап қояды. Ол жоспар бойынша аймақтық кеңестер арқылы сайланған өтпелі жиналыс майдың аяғында сайланса, ол өз кезегінде маусымның соңына қарай өтпелі Үкіметті сайлайды да, толық сайлауды 2005 жылға қарай өткізуге болады.

Алайда соңғы күндері Әл-Систанидың жақтастары тікелей сайлаудың өткізілуін талап етіп, мыңдаған адам адам шерулерге шықты. Дүйсенбі күні ондаған мың адам Бағдадта жиналды:

- Ирақтықтардың барлығы бір ұлт. Марджия жасасын. Ирақтың барлық халқы бір ұлт болып, бірлікте ұзақ өмір сүргісі келеді, - дейді шерушілер.

Бір кезде БҰҰ-ң Ирақта орталық ролді атқаруына қарсы болған Вашингтон енді бұл ұйымның Ираққа сарапшылар жіберіп, мұнда 30 маусымда сайлау өткізу мүмкіндігін анықтап, барлап қайтуын сұрап отыр.

Сейсенбі күні Германияда болғанында Кофи Аннан БҰҰ-ы тәуелсіз жане бейтарап болып қалуы тиіс деген және ол БҰҰ-ы Ираққа сарапшылар тобын жіберу жағында деп айтқан. Ираққа БҰҰ-ң командасын аттандыру турасындағы шешім алдағы аптада қабылданып қалады.

Ұлттық баспасөз клубында сөйлеген сөзінде Аднан Пачачи түптеп келгенде сайлаудың өткізілуін әр бір ирақтық қалайды, бірақ үш айдан кейін өткізілсе, ол әділ бола ма деген мәселе алаңдатады деген.

Ирақтың бұрынғы сыртқы істер министрі болған Пачачи сайлауды қашан өткізу мәселесі БҰҰ-ң сарапшылары айтқан мәмлеге байланысты болады, егер олар осы мерзімде сайлау өткізуге болады десе, оның жүзеге асуына деген қысым да арта түседі, ал егерде БҰҰ-ы үш ай мерзім ішінде әділ де, ашық сайлау өткізу мүмкіндігі жоқ деп шешім шығарса, оған Әл-Систани да құлақ асуы мүмкін дегенді айтқан.
XS
SM
MD
LG