Accessibility links

«Халық банкі» мен «Қазпошта» әлеуметтік төлемақы алатындардан қосымша ақша ұстамайтын болды


Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Гүлшара Әбдіқалықова елдегі "Халық Банкі" мен "Қазпошта"-дан зейнетақы мен әлеуметтік төлемақы алатын адамдардан қосымша қызмет ақысы алынбайтыны туралы келісімге қол жеткенін мәлімдеді. Бұған дейін осы қос мекеме ақпанның бірінен бастап өз қызметі үшін әрбір адамнан 50 теңгеден ақша ұстайтын ескерткен еді.

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен республикада зейнетақы алатын азаматтарға зейнетақы төлемдерін жеткізу қызметін көрсететін екі негізгі оператор – Қазақстанның «Халық Банкі» мен «Қазпошта» акционерлік қоғамы елдегі зейнеткерлерден қосымша ақы алмау жөнінде келісімге келіп отыр. Бұл туралы дүйсенбі күні «Азаттық» радиосының тілшісіне берген сұқбатында Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова хабарлады. Қазақстанда тұрғындарға зейнетақы төлемдерін жеткізіп келген осы екі оператор өз қызметтері үшін елдегі әрбір зейнеткерден қосымша 50 теңге алатынын бұған дейін бірнеше рет ескерткен болатын. Алғашында қосымша қызмет ақысы 2004 жылдың қаңтар айынан алына бастайтыны айтылды, бірақ кейіннен ол мерзім ақпанның біріне дейін шегерілген болатын. Ал қазақстандық зейнеткерлер арасында бұл жаңалық наразылық туғызған еді. Олар «Халықтық банк» пен «Қазпошта»-ны зейнеткерлердің есебінен ақша тапқысы келеді деп кінәлады. Бұл мәселе еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы елдегі зейнеткерлер мен төлемақы алушыларға төлемдерді ұйымдастыру ісін қарайтын арнайы жұмысшы топта қаралып, нәтижесінде министрлік пен жаңағы екі оператордың өкілдері бір келісімге келіп отыр дейді Гүлшара Әбдіхалықова.

Гүлшара Әбдіхалықова:

- Біз жұмысшы тобында алдын-ала жасалған есептерді қарап, «Халық банкі» қосымша ақша алмау туралы келісімге келді. Сонымен қатар, биылғы төленетін төлемдердің барлығы - 2004 жылға бөлінген бюджет бойынша 1 млрд 300 млн теңгеден астам қаржы көлемінде төлеу туралы шешімге келдік. Алдағы 2005 жылдың бюджетіне тағы да толық, нақты санды есептер жасап, қазіргі беріліп отырған тарифтің қаншалықты жеткілікті екенін, банк пен басқа мекемелердің қаржысын қаншалықты жабатыны туралы есеп, ұсыныс жасалатын болады. Бұдан былай зейнеткерлерден қандай да бір қосымша төлемді ұстамау жөнінде келісімге келдік.

«Азаттық» радиосы: - Осыған дейін банк қызметіне ақша қалай төленіп келген еді?

Гүлшара Әбдіхалықова: - Бұған дейін банкке, мысалы, зейнеткерге төленетін зейнетақының, орташа есеппен 0,6 пайызы көлемінде бюджеттен қаржы бөлінетін. Ол ақшаны келісім бойынша әлгі зейнеткерге қызмет көрсеткен банкке аударып отыратынбыз. Ол тәртіп биыл да сақталып отыр. Ал банк оған қосымша әрбір адамнан 50 теңгеден жинамақ болды.

Қазіргі таңда Қазақстанда 1 млн 600 мың зейнеткер бар. Ал елде 1 млн 300 млн астам адам зейнетақы мен әлеуметтік төлемақы ақшаны «Халықтық банктен» алып отыр. Банк олардың әрқайсысынан 50 теңгеден алғанда жиыны 65 млн теңге ақша жиналады екен. Халықтық банк елден қосымша ақшаны не мақсат үшін алмақ болғанын банк өкілдерінің өздерінен білмек болған едік. Алайда, дүйсенбі күні Астанадағы осы банк мекемесінің басшылығы бұл мәселе жайында біздің радиомызға қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG