Accessibility links

Түрікменбашы өзінің жеке басына табынудан өзі ұялатынын мәлімдеді.


Түрікменстан президенті Сапармұрат Ниязовтың ескерткіштері мен портреттері Түрікменстанның қай бұрышына барсаңыз да қарсы алдыңыздан шығады. Оның жазған кітабын мектепте балалар құрандай жаттайды. Түрікменбашының аты ай аттарына да берілген. Соңғы кезде Түрікменбашы өз атын әсірелеуден шаршай бастағанға ұқсайды. Осы аптада Ниязов шектен шыққан өз атына табынудан өзі ұялатынын мәлімдеді.

Жағымпаз парламенттің қолымен өзіне өзі өмірлік президенттікті силаған Сапармұрат Ниязовтың жеке басына табыну Түрікменстанда бүгінде шарықтау шегіне жетіп тұр. Түрікменбашының атын асыра дәріптеу , ескерткіш тұрғызу , ай аттарын атау жәйлі тізімнің /жағымпаздықта шек болмайтыны тәрізді/ бұл тізімнің де шегі жоқ. Бұл асқынған құбылысқа тосқауыл қою мүмкін емес тәрізді. Осы тұста Түрікменбашы енді өз жекебасына табынумен өзі күреске шыққандай сыңай танытты:

"Маған осының бәрін қабылдау қиын. Ұят. Үйден шығуға ұят. Бүгін тағы да концерт көрдім. Әндердің бәрі мен жәйлі. Мені былай көп мақтаудың керегі жоқ." деді Сапармұрат Ниязов. Бұл осы дүйсенбі күні Ниязовтың президент болып сайланғанына 12 жыл толуына арналған тойда сөйлеген сөзінен.

"Түрікменстанның табысы тек президенттің табысы делінбеуі керек. Жалғыз мен емес күллі ұлттың қатысы бар оған. Мен тек басқарушымын ғана. Жұмыс жасап жатқан күллі түрікмен азаматтары. Табыс шынында күллі түрікмен халқының табысы"

Өткен айда Түрікменбашы өзіне қойылған Ашғабаттағы біраз ескерткіштерді құлатты. Соныңмен бұл ненің белгісі? Түрікменбашының шынымен өз жеке басына табынуымен өзі күресе бастағаны ма? Әлде бұл да бір саяси ойынның жаңа парағы ма? Лондондағы Соғыс және Бейбітшілік Институтының Орта Азия бойынша маманы Сәуле Мухаметрахимова оған былай жауап беруге тырысады.

"Өз басым ол шындықты айтып тұр дегенге сенбеймін. Өйткені Түрікменстанда жеке басқа табынуды тудырып отырған оның өзі емес пе ."

Талдушы өз ойын одан әрмен өрбіте келе Түрікменбашының бұл қадамы оның жеке басына табынуға қатысты айтылып жатқан сындарды жұмсарту ниетінен туындаған дейді.

"Менің ойымша бұл арқылы Түрікменбашы өз халқы алдында, әлем алдында оның жеке басына табынуға өзінің қатысы жоқ екенін көрсеткісі келгендей" Өткен айда жарық көрген АҚШ мемлекеттік департментінің баяндамасында Түрікменстанда Ниязов орнатқан жекебасқа табынуды өткір сынға алғаны аян. Түрікменстанда Ниязов президент болып тұрғанда оның жеке басына табынудың асқына беретінін мына бір деректен –ақ көруге болады. Ол өзі туған ауылға 90 миллион долларға Орта Азиядағы ең ірі мешіт салуды жоспарлады. Ол мешіт қабырғасында Құдайдың сөзі Құран сүрелерімен қатар Ниязовтың да сөздері жазылмақ.
XS
SM
MD
LG