Accessibility links

Қазақстан оппозициясы билік тарапынан саяси қысымның күшейгендігін айтады


Қазақстан оппозициясы елде демократиялық бағыттағы ұйымдар мен олардың лидерлеріне қатысты жаңа сот процестерінің басталуын Украинадағы соңғы жағдайлар мен Қазақстанда жаңа президенттік сайлауы жақындай түскендігімен байланыстырады.

Қаңтардың 4-і Алматыда Қазақстан демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда Қазақстан оппозициялық ұйымдары мен лидерлеріне қарсы елде жаңа сот процестерінің басталуы да сөз болды.

Оппозиция саяси сарындағы мұндай істер қатарына алдымен Қазақстан демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесінің бақылаушысы Заманбек Нұрқаділовтің үстінен Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы департаменті қозғаған қылмыстық істі жатқызады.

Бұған дейін Қазақстанда келесі президенттік сайлауға түсуі мүмкін екендігін мәлімдеген Заманбек Нұрқаділов енді билік тарапынан өзіне қарсы қысым күшейе түсетіндігін топшылайды.

– Ұлттық қауіпсіздік комитеті шақырған. Бірақ барудан бас тарттым. Енді бүгін Алматы ішкі істер басқарамасынан шақырту алдым. Не үшін шақырғанын әлі білмеймін. Енді тағы біреулері шақыратын шығар. Барлық жақтан қысайын деп жатыр ғой, – деді Заманбек Нұрқаділов Азаттық тілшісіне.

Алматы қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметкері Ербол Уәли Нұрқаділовтің полицияға неге шақыртылып отырғаны жөнінде әзірге ешқандай мәлімет бере алмайтындығын айтты.

– Тергеу ісіне араласа алмаймыз. Басқаша жағдай бола қалса анықтай аламыз. Ал жай ғана шақырту қағазына бола қызметкерлерді мазалай алмаймыз, – деді Ербол Уәли Азаттық радиосына.

Оппозиция таратқан мәлімдемеде «Қазақстандағы азаматтық қоғамды дамытуға 40 миллион долларын ысырап еткен «Сорос-Қазақстан» қорына қарсы қаржы полициясының шабуылы да саяси сипатта» екендігі көрсетілген. Алайда, Алматы қаржы полициясының баспасөз қызметкері Руслан Тілеулин бұл ұйымға қатысты қылмыстық істің қозғалуында ешқандай саяси астар жоқ екендігін бұған дейін мәлімдегендерін айтады.

– Бұл істің саясатпен ешқандай байланысы жоқ. Заңды бұзғандары үшін қылмыстық істің қозғалып отырғандығын айтқанбыз, – деді қаржы полициясының өкілі.

Алайда, қазақ оппозиционерлері «Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясына қатысты сот ісі де белгіленген сценарий бойынша өтеді» деп есептейді.

Бүгінде қамауда жатқан «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесінің төрағасы Ғалымжан Жақиянов бұл істердің саяси астары барына шүбәланбайды.

– Бұл, сөзсіз, саяси тапсырыс. Бүгінде партияны жабу биліктің қолынан келеді. Бірақ партияның артында 100 мыңдаған адам мен ортақ идея бар. Идеяны жабу мүмкін емес. Ондай тапсырманы ешқандай сот орындай алмайды, – деді Ғалымжан Жақиянов.

Жақиянов Қазақстанда оппозиционерлерге қатысты сот процестерінің жаңаша қарқын алуын алда келе жатқан саяси науқанмен байланыстырады.

– Соңғы саяси қудалауларға қарағанда, бұл биліктің алда келе жатқан президенттік сайлауға дайындала бастағандығының белгісі, – деген тұжырым жасайды түрмеде отырған оппозиция лидері.

Қазақстан демократиялық күштері үйлестіру кеңесінің мүшелері биліктің соңғы іс-әрекеттері қоғамды демократияландыру туралы ресми мәлімдемемен сәйкес келмейтіндігін атап көрсетеді. Мәселен, Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдиннің пікірінше, Қазақстан президенті жанындағы қоғамды демократияландыру жөніндегі ұлттық комиссия Қарағандыда өткізген жиын жұмысына партиялардың облыстағы өкілдерін тартуға тырысқан.

– Біздің кейбір мүшелеріміздің оның жұмысына қатысқаны рас. Бірақ 2-3 күн олардың бастарын айналдырып, әртүрлі жұмыстар жүргізген. Ақыры оларды жиынға апарып, керек сөздерін алып, жариялаған. Үйлестіру кеңесінің отырысында мұны біз оппозициялық партиялардың басшылығы мен жергілікті жердегі өкілдері арасына жік салу деп қабылдадық, – дейді Серікболсын Әбділдин.

Қазақстан демократиялық күштері үйлестіру кеңесінің отырысында алдағы президенттік сайлаудың барысы ғана емес, былтыр күзде өткен парламенттік сайлаудың салдарлары да сөз болған.

– Парламенттік сайлау нәтижелерін қорытындылау бойынша бүкілхалықтық референдум жариялауға қатысты бастамашыл топтың жиналысын өткізу жөнінде шешім қабылдадық, – деді «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Ораз Жандосов.

Демократиялық күштердің үйлестіру кеңесінің келесі отырысы қаңтардың 10-ына белгіленіп отыр. Онда кеңестің стратегиялық іс-қимылдарының жобасы талқыланбақ.
XS
SM
MD
LG