Accessibility links

Исматулла Мақсұмның “Құран сырларының әліппесі” атты кітабы шықты


Мұсылмандардың қасиетті кітабы туралы жаңа шығарманың авторы Исматулла Мақсұмның пікірлестері оны «әулиеге» теңесе, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі автордың діни біліміне шүбә келтіреді.

Исматулла Мақсұмның “Құран сырларының әліппесі” кітабы – Қазақстанда түрлі діни ұйымдар қаптаған уақытта дер кезінде жарық көрген шығарма деген баға береді осы кітапқа пікір жазған ғалым, профессор Мекемтас Мырзахмет.

– Біздің дін туралы біліміміз жүйелі емес. Анадан-мынадан үзіп-жұлып ептеп келе жатқан жағдайымыз бар. Осыдан адасулар туады. Бізге дүниедегінің бәрі келді. Соның барлығын қаптатып қойып, рухани санамыздан безіп кетуіміз керек пе? – деген сауал қояды Мекемтас Мырзахмет.

Бұл кітаптың діни-танымдық маңызын “Сенім. Білім. Өмір” қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының төрағасы, техника ғылымдарының докторы Саят Ыбырай да атап өтті. Оның пікірінше, қазақ халқының ұлттық дүниетанымы қазіргідей түрлі миссионерлердің ықпалына ұшырап отырған шақта мұндай әдебиеттердің орны айрықша болмақ.

– Рухани бірлік, рухани ұйысу туралы айтып отырмыз. Біздің ата-бабамыз ұстанған қандай дін еді? Соны ойлауымыз керек. Ал шетелден келіп жатқан “Хизб-ут-тахрир”, “Табиғи жамағат”, Түркиядан келген “Сайыпнұршылар” қазаққа жаны ашып келіп жатыр ма? Неге оның бәріне ашық жол беріледі? Сол туралы әңгіме, – дейді Саят Ыбырай.

Алайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек сопылық бағытты ұстанатын “Сенім. Білім. Өмір” бірлестігінің ілімі мен қызметіне «діни сауаты аз жұртты одан әрі адастыра түседі» деген баға беріп, одан сақ болуды ескертеді.

– Жалпы исламда бірінші орынға намазды қояды. Ал олар зікірді қояды. Бұл – мүлдем адасушылық. Олар мұндағы діни сауатсыз адамдарды шатастырып, сауатсыздықтан сауатсыздық тудырады, – дейді Оңғар қажы Өмірбек.

Былтыр қыркүйектің 1-інде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаев Қазақстанда «қызметінде экстремистік сипаты бар сопылық бағыттағы ұсақ діни ағымдардың бар» екендігін айтқан еді. Бұл орайда “Сенім. Білім. Өмір” республикалық қоғамдық бірлестігінің рухани ұстазы Нарымбай Разбекқажыұлы былай дейді:

– Ол жерде дәл қандай сопылық ағым туралы екендігі айтылмаған. Ал сопылықтың да әр түрі болады. Егер президентіміздің сындарлы он жылына келетін болсақ, Яссауидің жолын қазіргі кезеңде керектігін басып айтқан. Осыдан он ғасыр бұрын түркі халықтары тілі мен мәдениетінен айырылғанда, ол кісі шығып, тілін де, мәдениетін де қайтарған. Біздің ұстаған жолымыз – Қожа Ахмет Яссауидің жолы.

Дегенмен, жаңа кітап авторының діни білім деңгейіне шүбә келтіретін сыни пікірлер де айтылып жатыр.

– Діни кітап жазу үшін үлкен діни білім керек. Ал Исматулла Мақсұм деген кім? Оның діни сауаты қаншалық? Ол кісінің емші, әлде басқа екені белгісіз. Кезінде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті оны елден шығарып жіберген. Сол кезде де ол өзінің әртүрлі былықтарын жасаған. Енді қайта келіп отыр, – дейді Оңғар қажы Өмірбек.

Ал Нарымбай Разбекқажыұлы болса кітаптың авторын «әулиеге» теңейді.

– Ол Ауғанстанда туған. Сол жақта медреседе білім алған. Оның білімі басқа категориямен өлшенеді. Егер құдайдың алдында категориямен өлшенсе, ол әулие адам. Оған біздің иманымыз бар, – дейді Нарымбай Разбекқажыұлы.

Қазақстан көп ұлтты әрі көп дінді мемлекет болып есептеледі. Қазіргі кезеңде мұнда төрт мыңға жуық діни бірлестіктер жұмыс істейді. Олардың басым көпшілігін ислам діни ұйымдары құрайды.
XS
SM
MD
LG