Accessibility links

Алматыда алғаш рет физика-математика пәнінен халықаралық олимпиада басталды


Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің қолдауымен биыл Алматыда бірінші рет арнайы физика-математика мектебінің 9-11 сынып оқушылары арасында аталған пәндері бойынша халықаралық олимпиада басталды.

Қаңтардың 11-інен бастап Қазақстанда алғаш рет 9-шы және 11-ші сынып оқушылары арасында физика-математика пәндері бойынша халықаралық олимпиада өз жұмысын бастады.

Халықаралық білім жарысына Түркия, Армения, Қырғызстан, Ресей және Қазақстанның көптеген облыстарынан барлығы 180 оқушы бақ сынауға келіп отыр. Бірінші халықаралық олимпиада белгілі академик, көрнекті ғалым-математик Орымбек Ахметұлы Жәутіковтің құрметіне орай оның есімімен аталады. Бүгін жарысқа келген қонақтардың қатысуымен физика және математика пәндері бойынша өтетін байқаудың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Халықаралық олимпиада Алматыдағы республикалық арнайы физика-математика мектебінің ұсынысымен және Қазақстан білім және ғылым министрлігінің қолдауымен елде алғаш рет өткізіліп отырғаны туралы Қазақстан білім және ғылым министрінің орынбасары Күләш Шәмшидинова хабарлады.

- Жалпы мақсатымыз - физика және математика пәндерінің деңгейін көтеру. Сонымен қатар арнайы мектептерде білім алып жатқан балалардың да білім деңгейін көтеру, - деді Күләш Шәмшидинова.

Вице-министр осы олимпиада бойынша 30 қола медаль, 20 күміс медаль және 10 алтын медаль тағайындалып отырғанын айтты. Алғашқы жүлделі орындарды иеленген оқушылар жоғарғы оқу орындарына алғашқы болып қабылданбақ.

Олимпиадаға Армениядан келген математика пәнінің мұғалімі Найри Седракян аталмыш жарыс туралы мынадай пікір айтты:

- Менің ойымша, бұл олимпиада халықаралық байқаулардың деңгейінен еш кем емес. Сондықтан мұнда барлығы да әділетті болады деген сенімдемін.
XS
SM
MD
LG