Accessibility links

Қазақстан экономикалық даму жағынан Орта Азияда алда келеді


ТМД елдерінің ішінде соңғы жылда Қазақстанның экономикасы өскені байқалады. Мұнайға бай елдің жалпы ішкі өнімінің өсу көлемі 9,3 пайызды құраған. Сарапшылар Орта Азияда экономикалық даму жағынан Астана алда келеді дегенді айтады.

Қазақстан - тәуелсіз мемлекеттер достастығында ең көп мұнай өндіретін және оны сыртқа шығаратын ел. Мұнай табысы елдің басқа да экономикалық салаларын дамытуға өзіндік үлесін қосты. Лондондағы экономикалық зерттеулер институтының Орта Азия бойынша талдаушысы Энн Валкер былай дейді:

- Қазақстан қаржы саласында басқалармен салыстырғанда көп табысқа жетті. Мұның өзі мұнай секторына инвестиция тартуға кең жол ашты. Әсіресе Қазақстанның банк жүйесі қомақты табыстарға жеткенін атап айтуға болады. Халықаралық қаржы талаптaры және кедейлік агенттігінің зерттеулеріне қарағанда, Қазақстанның банк активтері ТМД елдерінде Ресей мен Украинадан кейін үшінші орынды алады екен. Және қазақ банктері сол аймақтағы басқа елдердің де осы саласына өз ықпалын кеңейте түскен. Осы айдың басында Қырғыздың "Кабар" мемлекеттік жаңалықтар агенттігі Қазақстан банктері Қырғыз банктерінің 50 процентін өз иелігіне алып басқарып отыр деген ақпарат таратты. Дегенмен де жетістіктермен қатар проблемалар да жоқ емес.

Бұл тұрғыда Қазақстан ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы Ораз Жандосовтың пікірі төмендегідей:

- Жекелеген алға жылжушылық бар. Ол алдымен елге келіп жатқан мұнай табысына тікелей байланысты. Оның көп бөлігі елдің өз ішінде қалады. Ол, әрине, қызмет көрсету мен тұтыну саласына жұмсалады да, сол салалар дами түседі. Ал біз әлемдік, тіпті болмаса аймақтық деңгейде өз товарларымызды өндіріп, тарату жағынан, өкіншке қарай, кенжелеп қалып отырмыз

Қазақстанның ауыл шаруашылық саласы өндірістен кейін екінші орында тұрған көлемді сектор, бірақ та ол үкіметтік кейбір шектеулі реформалардың салдарынан дамуы жағынан артта қалып отыр. Талдаушылардың айтуынша, бұның өзі алдағы жылдарда экономикалық өсуге өзіндік кедергі болуы мүмкін.

Осы айдың басында "Уолл стрит жорнал" басылымы және АҚШ-та орналасқан консервативтік саясат институтының "Мұрагерлік қоры" экономикалық еркіндік индексін жарялады. Онда Қазақстан мен Қырғызстанның экономикасына негізінен "еркін экономика емес" деген баға берілді. Бұл дегенмен де Орталық Азиядағы өзге елдер - Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстанмен салыстырғанда бір категорияға жоғары еді, аталған елдердің экономикасы репрессивтік деп бағаланған.

Қырғызстан Қазақстан мен Ресейден инвестиция тарту арқылы өз экономикасында елеулі табысқа қол жеткізген. Дегенмен де Бішкек әлі де болса, шетелдік инвестицияға толық сенім артпайды, сөйтіп кредиторларға қиын шарттар қояды. Сарапшылардың пікірінше, оппозиция міне осы фактілерді үкіметтің жұмысын сынау үшін пайдаланып отыр және бұл Қырғызстандағы жақындап қалған парламенттік және президенттік сайлауларға өзіндік әсер етуі де мүмкін.

Кейбір сарапшылар жалпы Орталық Азияны басты қызығушылық аймағы ретінде қарап отырған шетелдік компаниялар мен банктер жоқ дегенді айтады. Батыстық инвесторлар бұл аймақтағы іскерлік ортаның деңгейінің төмендігі мен сыбайласқан жемқорлықтың кең етек алуынан сақтанады дейді олар.

Ал бірақ та Ресей болса, Орта Азиямен жақынырақ экономикалық қарым-қатынаста болуды қалайды. Ресейдің "Газпром" компаниясы "Өзбекнефтегаз" компаниясымен соңғы екі жылдың өзінде бірнеше келісім-шарттар жасасты және өзбек газының импорт көлемі өсті.

Талдаушы Энн Валкер бұл ретте Орталық Азияда аймақтың өз ішіндегі экономикалық байланыстардың дами түсуі - бұл елдердің әлемдік рыноктағы бәсекелестік деңгейін жақарта түсер еді деген пікірді білдіреді.

Орталық Азия елдерінің президенттері аймақтық ынтымақтастыққа әзірлігі туралы айтқанымен де, олардың мұндай қарым-қатынасты дамытып отырғандықтарының дәлелдері көп емес. Ұйымдар аймақтық ынтымақтастықты кеңейтпекші болғанымен де, олардың өз арасында, мәселен, су ресурстарын пайдаланау жағдайында қайшылықтар бар.

- Сіздер білесіздер, бір ел суды мақта өсіруге қажет етсе, енді бірі электр қуатын өндіру үшін керек етеді. Дегенмен де мұның барлығы да келіссөздерге арқау болатын жайттар, олардың ешқайсысы да суға қатысты проблеманы өзі шешкісі келмейді, - дейді Энн Валкер.

Оның пікірінше, сондай-ақ бұл аймақта мұнай-газ құбырларын қалай пайдалану мәселесінде де бірқатар кедергілер бар. Қазақстан болса, бұл ретте аймақтық ынтымақтастық жобаларында бастаушы болғысы келеді.

Алайда Қазақстан ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы Ораз Жандосовтың айтуынша, бұл ретте көрші елдермен қарым-қатынасты ұлғайтып, кеңірек жұмыс істегісі келетін Қазақстан компаниялары алдында да проблемалар аз кездеспейді.
XS
SM
MD
LG