Accessibility links

Оппозиция «Әділетті Қазақстан үшін!» демократиялық қозғалысын құрмақшы


Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесі елдегі биліктің қоғамдық ұйымдарға "әкімшілік және күштеу тәсілдерін қолдануына жауап ретінде" жалпыұлттық «Әділетті Қазақстан үшін!» қоғамдық қозғалысын құратындарын мәлімдеді.

Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесі елде жалпыұлттық «Әділетті Қазақстан үшін!» қоғамдық қозғалысының құру туралы шешім қабылдады.

- Қоғамдық қозғалыс құру оппозицияның стратегиялық жоспарындағы кезекті кезеңін қамтиды, - деді үйлестіру кеңесінің мүшесі, «Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы. - Біз алдымен үйлестіру кеңесін анықтаған едік. Содан кейін оның негізгі мақсаты ретінде үлкен бағдарламалық құжат дайындауды жүктедік. Оны үйлестіру кеңесі қысқа мерзімде жемісті атқарып шықты. Сонымен қатар демократиялық күштердің қоғамда ықпалы мол болуы үшін үлкен бір демократиялық қозғалыс құруды мақсат етіп қойғанбыз. Қазақстанда әділеттілік орнасын деген ниеттегі адамдардың басын қосу мақсатындағы осы қозғалыстың алғышарттарын анықтау жұмыстарына кірістік.

Үйлестіру кеңесінің мүшесі әрі жаңадан құрылатын қозғалыс құрылтайшыларының бірі болуға әзір екендігін білдірген Серікбай Әлібаев қазір «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы алдында екі келелі мақсат тұрғанын айтады.

- Қазақстан оппозициясында жүрген азматтардың біріккені – ең бірінші мақсат. Екінші – алдымыздағы президенттік сайлауға бір үміткерді шығару, - дейді Серікбай Әлібаев.

Парламент депутаты Мұхтар Шахановтың сөзіне қарағанда, бүгінгі қоғамдық маңызды мәселе мүлдем басқада:

- Оппозицияның алдымен қазақ ұлтына, оның рухына, тіліне жаны ашуы керек. Оған жаны ашымаған оппозицияның көк тиынға қажеті жоқ!

Ал парламенттің тағы бір депутаты Серік Әбдірахманов оппозиционерлер қандай жолмен болсын билікке жетуді көздеп отыр деп пайымдайды.

- Халықты алаңға шығару. Олар Украинадағы «Майданға» барып, Ющенкомен құшақтасып, тәжірибе алмасып келді. Бүлдіру оңай да, тұрақтылықты сақтау өте қиын. Олар қалай болса да дегендеріне жеткісі келеді. Бірақ, құдай сақтасын, дейміз. Олардың ниеттері белгілі ғой! - дейді Серік Әбдірахманов.

«Руханият» партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанова болса, Грузия мен Украинадағы жағдайды қайталауға тырысушыларға Қазақстанда ешқашан жол беруге болмайды деген пікірде:

- Тұрақтылыққа әсер етем деп қимыл жасайды, бірақ олай жасай алмайды деп ойлаймын. Грузия мен Украиндағы жағдайды Қазақстаннан құдай сақтасын! Енді басымызды көтеріп келе жатқанда елге тыныштық керек емес пе?! Бүкіл боздақтарды ертең көшеге шығарады, қан кештіреді. Бір-бірімен ұрсысады, соғысады. Оның несі жақсы? Соншалықты қандай демократия керек бола қалды екен?! Не демократия керек?!

Егер қоғамдық ұйымдар өз пікірлерін ортаға салғысы келсе, президент жанындағы Ұлттық комиссия отырысына қатыса алады, ал жаңа қозғалыстан ештеңе шықпайды, сол себептен, «Руханият» партиясы ондай қозғалыстан бойын аулақ салады дейді Алтыншаш Жағанова:

- Бәрібір шешімді парламент пен президент қабылдайды. Ал оны күшпен қабылдатамыз деу айғай үшін жасалады да. Нақты іс бәрібір болмайды. Біраз айғай болар, бүлік салар, бірақ ештеңе іске аспайды.

Алайда, қазірдің өзінде тіркеуден өтпеген жаңа қозғалысты құп көрушілер бар. Мәселен, үйлестіру кеңесі құрамындағы үш оппозициялық партия жаңа қоғамдық ұйымның қатарын толтыруға әзір. Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдиннің сөзіне қарағанда, олардан өзге ешқандай саяси партияға кірмейтін саясаткерлер мен қоғамдық ұйымдар жаңа қозғалысқа кірмек:

- Олардың арасында саясаткер Сейдахмет Құттықадам, Ирина Савостина бар. Мәдениет пен әдебитеттің адамдарымен қазір әңгіме жүргізіп жатырмыз. 40-50 адам болып жариялаймыз. Құрылтай жиналысын өткіземіз. Заңды түрде қозғалысты тіркеуге дайындаймыз, - деді Серікболсын Әбділдин.

Қазақстанның демократиялық күштері «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысын құрғаннан кейінгі мақсат – президенттік сайлауда жеңіске жету дегенді айтады. Әзірге қозғалысты жасақтау бойынша жұмысшы тобы құрылып, оның жетекшісі ретінде Болат Әбілов бекітілді.
XS
SM
MD
LG