Accessibility links

Алматыда «Хизб ут-тахрир» ұйымының баспа құралдары тәркіленді


Алматы полициясы қаладағы пәтерлердің бірінен «Хизб ут-тахрир» ұйымының баспахана құрал-жабдықтары мен осы ұйымға тиесілі әдебиеттер табылғандығы туралы хабарлады.

Алматы қаласында орналасқан үйлердің біріндегі пәтерден «Хизб ут-тахрир» ұйымының баспахана құрал-жабдықтары мен осы ұйымға тиесілі әдебиеттер табылғаны туралы Алматы қаласы ішкі істер басқармасының баспасөз қызметшісі Абай Омаров хабарлады.

- Алматы қаласында «Хизб ут-тахрир» ұйымының екі мүшесі өз үйлерінде ұсталды. Олардың үйлерінен шамамен 12,5 мың дана үнпарақтар мен «Хизб ут-тахрир» ұйымының 53 кітапшасы табылды. Сондай-ақ баспа құралдары, компьютер тәркіленді, - деді полиция өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, тәркіленген заттардың жалпы құны анық емес, бірақ техникалары жаңа көрінеді.

- Керемет, соңғы деңгейдегі мықты компьютерлер, неше түрлі бояулар тәркіленді, - дейді ішкі істер қызметкері.

Оның айтуынша, "мұндай экстремистік болып есептелетін ұйымдар сырттан қаржыландырылады". Сонымен бірге ол "бұл ұйымға көбіне-көп жұмыссыздар барады" деп отыр:

- Көбісінен: «Қалай өмір сүріп жатырсың?» деп сұрасаң, бір ғана жауап береді: «Алланың рыздығымен» деп. Негізінен бұл іспен айналысатындар бай мемлекеттер ғой. Қаржыландыратын да солар.

Бірақ бірқатар елдерде бұл ұйымның идеялары зиянды, қоғамның тұрақтылығы үшін қатерлі деп саналатындығын ескертеді полиция өкілі:

- Ғайыптан пайда болатын қайдағы бір халифат құрамыз дейді. Сол халифатқа өзінің мемлекетін де, халқын да жығып беру олардың мақсаты.

Бұған дейін, қаңтардың 19-ында Алматының орталық мешіті маңында жергілікті полицейлер ұстаған осы ұйымның бірнеше мүшесі әкімшілік жазаға тартылған болатын. Алайда, бұл ұйымның мүшелерін жазаға тартуды қатаңдатып, бұл мақсатта Қазақстан заңдарына кейбір өзгерістер енгізу қажет деген пікір білдіреді ішкі істер министрлігі академиясының қылмыстарды тергеу және қылмыстық процесс кафедрасының бастығы Серікқазы Әбдірахманов.

- Қазір өмір өзгеріп жатыр. Күш көрсетудің неше түрлі формалары, неше түрлі әдістері пайда болып жатыр. Шетелде болған жағдай ертең бізде қайталануы ықтимал. Сондықтан, біз дайын болуымыз керек, - дейді Серікқазы Әбдірахманов.

Мәселен, ол әлі күнге дейін Қазақстанның қылмыстық кодексінде экстермистік ұйымдармен күрес жайлы арнайы бап жоқтығын алға тартады:

- Мысалы, Өзбекстанның қылмыстық кодексінде сондай арнайы бап бар. Бізде де болуы керек деп ойлаймыз. Халқымыздың тыныштығын жан-жақты ойластыруымыз керек. Шетелде қолдан жасалған апаттардың бетін алу үшін алдын-ала қимыл жасауымыз керек. Сондай жағдай болып қалған кезде қылмыскерлерді жауапқа тарту үшін, - дейді ішкі істер министрлігі академиясының оқытушысы Серікқазы Әбдірахманов.

Алайда, американдық ЮСАИД ұйымының Еуропа және Еуразия елдері бойынша офис жетекшісі, діни бостандық жөніндегі маман Кент Хилл «Хизб ут-тахрир» ұйымының мүшелерін тұтқындап, жазаға тартуда мемлекетті неғұрлым мұқият әрі абай болуға шақырады.

- Айталық, жұртшылықты әскери қимылдарға шақыру туралы үндеу тастау бір басқа да, кітапшаларда ортақ халифат құру туралы мәселе көтеру - екінші мәселе. Ал «Хизб ут-тахрир» ұйымының теологиясы, ойлары әскери күш пайдалануды көздемейді, - дейді Кент Хилл.

Бұл пікірге қазақстандық адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис те қосылады.

- Егер адамдар мемлекеттік құрылымды бейбіт жолмен өзгертуге, мәселен, тіпті ислам халифатын құруға шақыраса да, ондай идеяның өмір сүруіне құқысы бар. Онымен тек идеологиялық жолмен күресу керек. Ал түрмелер мен күш көрсету арқылы оған қарсы шығу – бұл мәселенің шешімі емес, - дейді Евгений Жовтис.

Ол экстремистік ұйымдардың мүшелеріне қысым көресту арқылы олардың қызметіне тыйым салу бұл ұйымның қызметін радикалдандырып, шынымен қоғам үшін қатерлі күшке айналуына ықпал етуі мүмкін деген пікір айтады.
XS
SM
MD
LG