Accessibility links

«Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлына партияның саяси бюросы сенімсіздік білдірді


«Ақ жол» партиясының басшылығына жік түсті. Ұйым жетекшілері Әлихан Байменов пен Людмила Жуланова бастаған топ жексенбі күні өткен саяси бюрода партия теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлына сенімсіздік жариялау туралы шешімге келген.

«Ақ жол» партиясының орталық ғимаратындағы қызметкелер бүгінде әрі-сәрі күйде. Себебі, партия жетекшілерінен бастап қатардағы хатшыларға дейін екі лагерьге бөлінген.

- Қазіргі жігіттердің бас араздығы тек мені емес, мен сияқты үлкен сеніммен келген адамдардың көңіліне селкеу түсіріп, олардың әрекетіне күдік туғызған сияқты. Сол теңтөрағалардың ешқайсысы менің туысым да, танысым да, жерлесім де емес. Мен олардың идеялары үшін, бағдарламада айтқан әдемі сөздері үшін сенгенмін. Сол сенімімнің алданғанына, ақталмағанына қатты өкінемін! - дейді «Ақ жол» партиясының баспасөз хатшысы Заря Жұманова.

Ал бұл уақытта партия жетекшілері Әлихан Байменов пен Людмила Жуланова бастаған 20 шақты партия белсендісі жексенбі күні болған саяси бюроның партия теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлына сенімсіздік жариялау туралы шешімге келгендігін айтты.

- Біз соңғы кезге дейін «бөрі арығын көрсетпес, сыртқы жүнін қампайтар» деген қағидамен жұп-жұмыр қарарлар мен қағидалар қабылдап, көрсетпей келуге тырыстық. Бірақ соңғы кездегі кейбір іс-қимылдар біздің партияны одан әрі дағдарысқа ұшыратуға алып келе жатқандықтан, біз кешегі пленум туралы айтып отырмыз... Себебі, кешегі қабылданған шешімдер адам ретінде де, азамат ретінде де, саясаткер ретінде де қиын шешімдер болды. Бірақ қазақта: «Ауруын жасырған өледі» деген дана сөз бар, - деді «Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Әлихан Байменов.

Оның сөзіне қарағанда, мұндай қадамға баруға соңғы кезде партияның басқа басшыларының Қазақстандағы демократиялық күштердің үйлестіру кеңесі, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысын құру сияқты кейбір "толықтай келісілмей жасалған" бастамалары мәжбүр еткен.

Жиынға саяси бюроның 100 шақты мүшесінің 60-қа жуығы қатысып, осы шешімге дауыс берген. Алайда, партияның теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлының айтуынша, партияның теңтөрағалары Болат Әбілов, Ораз Жандосов және өзі пленумға қатыспаған. Сондай-ақ көптеген филиал өкілдері жиынға келуден бас тартқан.

- Партияның 7 филиалы «мұндай авантюраға араласпаймыз» деп жиынға қатысудан бас тартты, - деді Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Партия басшылығындағы бірқатар тұлғалар Алтынбек Сәрсенбайұлын жақтайды.

- Пленумның шешімі - бүкіл оппозициялық күштердің арқасынан пышақ салумен жасаумен пара-пар, - дейді «Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Болат Әбілов.

Алтынбек Сәрсенбайұлы партия жетекшілерінің арасындағы алауыздыққа теңтөраға Әлихан Байменовті кінәлайды.

- Басқа кім ұйымдастырады?! Себебі, билікпен күресте алдыңғы қатарда тұрған азаматтардың атынан пышақ ұру – ешқандай анализге келмейді, егер ол өзін демократпын деп есептесе. Сондықтан, одан сұрау керек: осының бәрін кіммен ұйымдастырып жасады? Қазақстанның демократиялық күштерінің басына қауіп төніп, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиясы жабылып, тәуелсіз басылымдар қудаланып жатқанда неге партияның ішінде осындай іріткі салды?! - дейді Алтынбек Сәрсенбайұлы.

«Ақ жол» партиясының қатардағы мүшесі, Шығыс Қазақстан облысындағы партия ұйымдастырушыларының бірі Болат Дүйсенбі партия басшылығындағы алауыздықты «билікке талас» деп бағалап отыр:

- Мен Болатпен [Әбілов - Азаттық.] де, Оразбен [Жандосов - Азаттық] де кездестім. [Төлеген - Азаттық.] Жүкеевпен де әңгімелестім. Сонда солардан бір тұжырымды ұғым ала алмадым. Олай емес, бұлай деген. Тек қана Байменовтің маңайынан сөз сөйлейді. Басқаны айтпайды. Бұл тек қана билікке талас! Мұның барлығы тек қана біз ғана революция жасаймыз, тек қана біз - зиялы, ақшамен партия болсақ деген ұғымға тірегені.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясы жетекшілерінің бірі Асылбек Қожахметов болса, билік бір оппозициялық партияны жауып тынды, енді екіншісіне іріткі салу арқылы оны жоюды көздеп отыр дейді:

- Осы арқылы президенттік сайлау алдында билікке көмектесіп жатыр ма?!

Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқбай бұны партияның ішкі мәселесінен туындаған жағдай деп сипаттайды:

- Оппозицияның бөлінуі емес, партияның ішінде өздерінің келіспеушіліктері бар шығар. Себебі, бөлінетіндей көзқарастарымызда ешқандай қайшылықтар жоқ қой. Шешілмейтін нәрсе де жоқ.

Келесі бір оппозициялық күш – бұрынғы "Қазақстанның республикалық халықтық партиясы" белсенділерінің бірі Ермұрат Бапи «кінәлі дәл кім екендігін білмеймін, бірақ процесс қайда болса, біз сондамыз» дейді.

- Әлихан Байменовті немесе Алтынбек Сәрсенбайұлын қолдамау керек. Қайсысының соңында қоғамдық процесс бар, соны қолдау керек. Кімнің соңынан қоғам ере алады - соны қолдау керек!

Қалай болған да, соңғы сөз партияның келесі, яғни, V съезінің еншісіне қалып отыр. Ол биылғы жылдың алғашқы жартысында Астана қаласында өтпекші.
XS
SM
MD
LG