Accessibility links

Қырғызстан АҚШ-тың барлау ұшақтары Ганси базасын пайдаланбайды деп мәлімдеді


Қырғызстан сыртқы істер министрі Асқар Айтматов дүйсенбі күні АҚШ-тың алдын-ала байқау және дәлдеу жүйесінің барлау ұшақтары Бішкектің сыртындағы Ганси әуе базасын пайдаланбайтын болады деп мәлімдеді.


Қырғыз сыртқы істер министрі Асқар Айтматовтың Мәскеуге сапары екі шешімге келумен аяқталды. Біріншісі, жұма күні жарияланғандай, Қырғызстандағы Қант әуе базасына көптеген Ресейдің әскери жабдықтары мен қару-жарағын жөнелту, екінші бір шешімі - Американың АЯКС, яғни алдын-ала байқау және дәлдеу жүйесінің барлау ұшақтарын Бішкек жанындағы Ганси әуе базасына жіберу туралы АҚШ-тың өтінішінен бас тарту болды. Асқар Айтматов бұл жайында дүйсенбі күні мәлімдеді.

– Мақсаты Ауғаныстанды операциялармен қамтамасыз ету болған Ганси әуе базасының мандатымен үйлеспейтін АЯКС ұшақтарын орналастыруға қатысты мәселе түсіністікпен шешілді. Біз енді Батыстағы біздің серіктестеріміз бен достарымыз Қырғызстанның бұл ұстанымын түсіністікпен қабылдайтын болады деп сенеміз, – деді Асқар Айтматов.

Бұл шешім АҚШ-пен келіссөздердің нәтижесі екенін және қауіпсіздік конвенциясы ұйымы мен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының кеңесінен кейін болған қорытынды екенін айтты. Ал, Ресейдің соңғы екі ұйымға мүше екені белгілі. Асқар Айтматов Бішкектің сыртындағы Ганси базасына Американың АЯКС барлау ұшақтарын орнықтыруға қарсы мәлімдемесін Мәскеуге барған сапарынан екі күннен соң айтып отыр.

Жұма күні Ресей әуе күштерінің басшысы генерал Владимир Михаилов ИТАР-ТАСС агенттігінің тілшісіне Қант әуе базасының жолдары барлық ұшақ түрлеріне ыңғайластырылып кеңейтілетін болады деген.

Бұл қырғыз үкіметінің шешімі Вашингтонмен байланысын азайту арқылы Ресейге жағыну емес пе деген сұрақ туып отыр дейді тілшіміз өз хабарында. Ресейдің "Коммерсант" басылымы 12-ші ақпанда жазғандай, АЯКС барлау ұшақтарын Гансиге орналастыру туралы АҚШ-тың өтінішінен бас тартуды Кремль Айтматовтан сұраған.

"Коммерсант" басылымында айтылғандай, егер Қырғызстан әуе базасына Американың барлау ұшақтарын жібермейтін болса, Кремль алдағы парламент сайлауында президентке жақын күштерге қолдау білдіріп әрі қазан айындағы президент сайлауында Асқар Ақаевқа қолдау жасауға уәде берген.

Халықаралық дағдарыс тобының Орталық Азия жобасы бойынша директоры Дэвид Левис Азаттық радиосына Бішкектен берген сұхбатында мәселенің саяси жағына тоқталды.

– Әлбетте, президент Ақаев саяси процесс кезінде Ресейдің қолдауына ие болғысы келеді. Қырғызстан мен Ресей қарым-қатынасына көлеңке түсіріп тұрған бір жағдай – ол Американың әуе базасы. Кезінде терроризммен күрес ретінде қаралған оған қандайда бір қадамдар проблема тудырып жіберуі мүмкін. Президент Ақаев соңғы кездегі сөздерінде, өз елінде қызғылт-сары төңкеріс болып кетуі мүмкін деген алаңдаушылығын білдірген. Ол бірнеше рет Қырғызстанға ондай төңкеріс қажет емес, саяси жағдайды түгелімен өзгертуге тырысқан қандайда бір әрекеттер азаматтық соғысқа бастау болуы мүмкін деген. Сайлау барысында орын алуы мүмкін өзгерістердің алдын алу үшін Ақаев Ресейден қолдау күтеді, – дейді Дэвид Левис.

Ал, ресми Мәскеу Ақаевқа қолдау көрсеткісі келе ме деген сауал туындаса, Кремль өзі шынайы қолдау танытқан Украина президенттігінен үміткер Виктор Януковичтен кейін, бұрынғы совет елдеріндегі жетекшілерге өте абайлап қолдау жасайтын тәрізді дейді Дэвид Левис.

– Меніңше, Ресей барлық есебін бірден жасап Украинадағыдай жағдай болмау үшін енді бұрынғыдан да абай болады. Әрине, Ресейге өздері жақсы білетін және бірге жұмыс жасай алатын тұрақты серіктес керек. Әлбетте мен, олар үшін басқа саяси күштерге қарағанда президент Ақаевпен оңайырақ болады деп ойлаймын, – дейді сарапшы.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров өткен аптада Мәскеуде қырғыз әріптесімен кездескенде, Ресей ТМД елдеріндегі қандай сайлау компаниясы болсын ешбір жағына шықпайтын болады деген. Украинада билікке жақын Виктор Януковичке жасаған қолдаулары өздеріне сабақ болған соң, Ресей өздерінің тәсілдерін өзгертуге тырысады. Сонымен қатар, 10-шы ақпанда Мәскеуге қырғыз оппозициясының жетекшісі бастаған өкілдері де келген болатын.
XS
SM
MD
LG