Accessibility links

Қызылорда қаласына мұз құрсаулы сел қаупі төніп тұр


Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның шыңдарындағы қардың тез ери бастауы Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы жағдайды одан сайын қиындата түсті. Қазір Қызылорда облысында 20 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.

Құтқарушылар алапат қауіп төнген жағдайда Сырдарияның Қараөзек тармағының сағасын жарып жіберуге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір Қызылорда қаласын су тасқынынан сақтап қалу үшін 123 техника құралы, 1300 адам жұмылдырылған.

Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі Оңтүстік Қазақстан облыстық департаментінің директоры Уәлихан Ережеповтің айтуынша, соңғы тәулікте ғана Шардараға 22 миллион текше метр су құйылған.

- Сөйтіп, ондағы судың жалпы көлемі 5 миллиард 66 миллион текше метрге жетті, - дейді Ережепов мырза.

Шиелідегі тасқын суға қарсы күрес штабының бастығы Тұңғыш Жетпісбайдың айтуынша, Шиелі каналының сағасын су жырып кетіп, жақын ауылдарды әбігерге түсірген. Қазір оларды көшіру, тасқын суды тоғандап бекіту жұмыстарына 700-ден астам адам тартылып отырған көрінеді.

Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаментінің директоры Уәлихан Ережепов алдағы уақытта су тасқыны қаупі күшейе түсетінін айтып отыр.

- Алда әлі Тәжікстан, Өзбекстанның қарлы шыңдарындағы 4-5 метлік қар ери бастаса, қауіп еселеп күшейеді. Сондықтан, қазіргі уақытта облыстағы Отырар, Сайрам, Шардара, Арыс, Түркістан аудандарында жағалауларды бекіту жұмыстары күні-түні атқарылып жатыр, - дейді төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің өкілі.

Тасқын суға қарсы күрес штабының бастығы Т.Жетпісбай мырза қызыл су келгенге дейін Шиелі, Тартоғай каналдарының жырылып кеткен тұстарына бөгет салмаса жағдайдың мүлдем қиындап кететінін ескертіп отыр. Тасқын суға қарсы күрес штабының Қызылорда қаласындағы кезекшісі Болат Нақыповтың Азаттық радиосына айтуынша, төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің арнайы екі тобы Қызылорда маңындағы кептеліп қалған мұздарды жару жұмыстарымен айналысып жатыр екен.

- Жалпы, қаланың он екі қауіпті аумағына, тасқын суға дайындық жұмыстарына 1300 адам, 123 техника тартылды, - дейді Б.Нақыпов.

Мұз құрсауын жару жұмыстарын бақылап, тілсіз күшпен күресу мақсатында құрылған облыстағы тасқын суға қарсы күрес штабының бастығы, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бекмырза Еламанов Сырдарияға кептелген мұз құрсауларының Қызылордаға 50-60 шақырым қалғандығын айтады.

Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз қызметкері Қайрат Тарыбаевтың айтуынша, Қызылорда қаласында қалыптасқан жағдайға байланысты төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы жасақтары, әскери бөлімшенің сарбаздары тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметі, қазір Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарының сең жүруі ықтимал аудандары мен ауылдарында тұрғындармен төтенше жағдайдың алдын-алу шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлап отыр. Оларға қауіп төнген жағдайда қай мекемеге бару қажеттігі нақтыланған.

Құтқарушылар штабтары, әсіресе Қызылорда қаласының тұрғындарына наурыздың 7-сі, 8-інен бастап абай болуларын, балаларды бейсауат жібермеу қажеттігін ескертеді. Ал қауіп төнген жағдайда тұрғындар Қызылордадағы штабқа 26-26-44, ал Шиелідегі штабқа 42-354 телефондары арқылы хабарласа алады.
XS
SM
MD
LG