Accessibility links

ТМД елдеріндегі экономикалық өсу тұрақсыз болып отыр


Тәуелсіз мемлекеттер достастығының кейбір елдерінде экономикалық өсуге сай қоғамдық реформалар жүрмей жатыр. Дүниежүзілік банк және Халықаралық валюта қоры осындай сипаттағы баяндамаларын жариялады.

Сәуірдің 16-сы мен 17-сінде Вашингтонда осы ұйымдардың көктемгі дәстүрлі жиыны өтеді. Осы екі ұйым бұрынғы Совет одағынан шыққан аса кедей елдердегі экономикалық жағдайды қатаң бақылауда ұстайтындарын айтып отыр.

Дүниежүзілік банк және Халықаралық валюта қоры бұрынғы Совет Одағынан шыққан аса кедей елдер деп атап отырған топта Қазақстан жоқ. Мұнда Ресей де аталмайды, Украина да көрінбейді. Ал жалпы кедейшілік дегеніміз не? Халықаралық экономикалық ұйымдар қабылдаған өлшем мынандай – адам баласы күніне екі доллардан аз нәпақа тапса – ол адам кедей деп танылады.

Халықаралық өлшем осы. Қазақстан үшін бұл қазір шамамен 264 теңге. Себебі бір доллардың орташа ресми бағамы 132 теңгенің ар жақ бер жағы. Демек сіз күніне 264 теңгеден аз ақша тапсаңыз, не болмаса айына 5808 теңгеден аз кірісіңіз болса – онда сіз кедей санатына жатасыз. Бұл жан басына шаққанда, жанұяға емес. Ал сіздің табысыңыз әлемдік кедейшілік деңгейінен аз болса – ол енді басқа әңгіме.

ТМД құрамындағы ең кедей елдер деп танылғандардың қатары мынандай. Орталық Азия бойынша бұлар - Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан, олардың сыртында Грузия, Армения, Әзірбайжан және Молдова. Барлығы жеті мемлекет. Сондықтан Дүниежүзілік банк және Халықаралық валюта қоры оларды "ТМД-7" тобы деп қарастырады.

Бұл ұйымдар осы "ТМД-7" тобында қазір экономикалық өсу қарқынды сипат алды деп біледі. Халықаралық валюта қорының Таяу Шығыс және Орталық Азия департаменті директорының орынбасары Джюлиян Берегоу "Азаттық" радиосының тілшісі Роберт Мәк-Махонға берген сұхбатында бұл елдер совет уақыты кезіндегі экономикалық өндірістің деңгейіне қарай біртіндеп көтеріліп келеді дейді:

- Шамамен 1998 жылдан бастап бұл елдерде макроэкономикалық тұрақтылық орын алып отыр. Бұған қол жеткізу қиын болатын және бұл маңызды жетістік. Бұл өсуді жалғастырудың шарты, тіпті алдын-ала шарты. Бұл жағдайды сақтап қалу керек.

Алайда, "ТМД-7" аймағындағы елдердің көпшілігінде коррупция асқынып тұр, аймақтағы елдірдің көпшілігі коррупция жайындағы дүниежүзілік баяндамаларда аталып жатады. Мұнда заң мәртебесі де нашар, саяси реформалар да көмескі. Халықаралық валюта қорының өкілі Джюлиян Берегоу өміршең қоғамдық институттар құрылмаса экономикалық өсуді қолдау мүмкін болмайды дейді.

Вашингтондағы жиынға әлемдегі көптеген елдерден қаржы басшылары, орталық банктердің төрағалары, қаржы министрлері келеді. Негізгі мәселе – Мыңжылдық даму мақсаттарын талқылау. Бұл мақсаттардың ішіндегі ең маңыздысының бірі - әлем бойынша кедейшілікті 2015 жылға таман екі есе қысқарту. Екіқабат әйелдердің денсаулықтарын жақсарту, кішкентай балалардың өлім деңгейін азайту, таза ауыз су қорын ұлғайту, СПИД ауруының таралуын тұсау да мыңжылдың даму мақсаттарына жатады.

Кедейшілікті кеміту мақсатына қазір Қытай мен Үндістанның аса қарқынды экономикалық өсуі септігін тигізіп отыр. Сарапшылар бұл мақсатқа бұрынғы Совет Одағының құрамында болған кейбір елдерде үлес қосып отыр дейді. Алайда, бұл экономикалық өсудің қарқынын сақтап қалу, экономикалық өсуге кепілдеме болатын саяси реформаларды іске асыру бұдан әлде қайда маңызды. Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша бас экономисі Прудиип Миитрю халықаралық қауымдастық аймақта бейбітшілік пен экономикалық өсуді қамтамасыз ету шарттарын сақтауға септігін тигізіп отыру керек дейді:

- Бұл стратегия жағынан өте маңызды аймақ. Бірақ олардың әбден анық экономикалық жетістіктеріне қарамастан бір қатар мәселе түйіндері өте мұқият бақылау мұқтаждығын туғызып отыр. Мұны халықаралық қауымдастық естен шығармау керек деп айта беруімізге де себеп осы.

Халықаралық валюта қоры ТМД елдеріндегі жалпы ішкі өнім өсуі былтыр 8 пайыздан асты дейді. Дүниежүзілік банк болса бұл мәліметті шамамен 7 пайыз деп біледі. Қалай болғанымен бұл көрсеткіштерден тек Шығыс Азиядағы экономикалық өсу асады.

Дегенмен, сарапшылар ТМД шеңберіндегі қақтығыс аймақтарының мәселелеріне тағы зейін қойып отыр. Атап айтқанда, бұл Таулы Қарабақ, Абхазия, Оңтүстік Осетия және Днестр аймағының шешілмеген даулары. Халықаралық валюта қоры ТМД аймағында сауда ережелерін кеңірек жетілдіру керек, ТМД ішіндегі транзит саясатын және көршілес елдермен арадағы транзит саясатын арттыру керек және тарифтік емес кедергілерді алып тастау керек деп үндеу айтады.
XS
SM
MD
LG