Accessibility links

Қырғыз төңкерілісі Орта Азия елдеріне қалай әсер етуі мүмкін


Наурызда болған халық көтерілісінен Қырғызстан президенті Асқар Ақаев елден қашып кетті. Алғашқы кездегідей емес, уақыт өте келе бұл оқиға жөнінде ойланып, байқап сөйлейтіндер пайда болды.

Наурыздың 24-інде Бішкекте халық көтеріліп үкіметтік орын алмасулары болған кезде жұрт мұны демократия жолындағы жеңіс деп қабылдаған болатын.

Президент Асқар Ақаевтің қызметтен қашып кетуі мен үкіметтің орнын босатуын көптеген адам бұл бұрыңғы советтік аймақтарда болып жатқан түрлі-түсті төңкерістердің жалғасы болар деп түсінген еді. Стокгольмдағы халықаралық байланыстар бойынша Швеция институтының зерттеушісі Лена Джонсонның айтуынша, Қырғызстандағы уақиғалар алуан түрлі көзқараспен талдануда.

- Қырғызстандағы уақиғалар Орта Азия елдеріндегі оппозициондық топтарға әрине шабыт береді. Бұл - маңызды. Екінші жағынан басқа елдер енді Қырғызстан болған ол көтеріліске, Асқар Ақаевтің жағдайына үрейлене қарай бастады. Сондықтан олар өз елдерінде әрине ондай жағдай орын алмауы үшін сақтық шараларын күшейтуге кірісті, - дейді швециялық ғалым.

Міне сол Қырғызстанның аймақтық көршілері - тарихы, тағдыры ұқсас елдер Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркменстан. Бұл 4 мемлекетте алдағы 4 жыл ішінде президенттік сайлаулар өтпек. Бұл елдің үшеуінде бұрынғы советтік одақ құлағалы бері қызметке келген президент алмасқан емес.

Бірақ, талдаушының пікірінше, Қырғызстандағы ол демократиялық қозғалыс барлық елдерге де сай бола бермес. Дегенмен кейбір сарапшылардың топшылауынша, Асқар Ақаевтің тағдыры өзге президенттердің адам құқықтары, сөз еркіндігі жөніндегі қысымдарын қайта қарауына алып келер.

Ал Нью Мексико университетіндегі Орта Азия елдері бойынша профессор Глисонның пікірі басқашалау.

- Қырғызстандағы уақиғалардан кейін енді Орта Азиялық басшылық, бәлкім Ресей жетекшілігі де, оппозицияға еркіндік берудің салдары ауыр болады, ол бақылау мүмкін емес жадайға алып келеді деген қорытындыға жетелейді - дейді сарапшы.

Сондықтан Глисонның пікірінше, өзге елдер енді оппозицияға барынша қатаң шара қолданып, бейүкіметтік ұйымдарға шабуылды күшейе түсер. Әсіресе шетелдік топтардан қаржы алатын бейүкіметтік ұйымдарға Гүржістан мен Украинадағы төңкерістерде оппозицияға көмек берді деп айып тағылды.

Гүржістандағы 2003-жылғы Раушан төңкерісінен кейін Өзбекстан бас болып Орта Азиялық үкіметтер бейүкіметтік ұйымдарға қысымды күшейтті. Ал енді Қырғызстандағы көтеріліс ондай шараның барынша қатаңдатылуына алып келуі мүмкін дейді Глисон.

Сондай-ақ, Асқар Ақаевтың елден қашып кетуі тағы бір сауалды күн тәртібіне шығарды. Келесі кезекте басқа елбасылары да қызметтен кетуге мәжбүр болса, онда не болмақ?

Рас, ол басшылардың бәрінің қызметтен кейінгі ата заңдық жеңілдіктері, қауіпсіздік кепілдіктері бар. Асқар Ақаевтың де ондай жеңілдік, кепілдіктері болған. Бірақ, соған қарамастан, заңсыз мүліктері бар деген айыппен бұрынғы президент Ақаев және оның перзенттері тергеуде жауап берейін деп отыр. Оның үстіне қазіргі уақытша үкімет Ақаев елге қайта оралса, қауіпсіздік кепілдігін бере алмаймыз деп ашық айтты.

Ал швециялық сарапшының айтуынша, экс-президентке кейбір кепілдік берілуі шарт.

- Ондай кепілдік үкіметтік билікті келесі мұрагерге біртіндеп өткізуге мүмкіндік береді. Әрине, өзге елбасылар Қырғызстандағы жағдайға, Ақаевтің басындағы тағдырға кезікпейік деп тілейді. Ондайға жол бермеу үшін бар шараны қолданып бағады. Бұл табиғи құбылыс, - дейді шетелдік сарапшы.

Ал талдаушы Грегори Глисон Орта Азиялық президенттердің қызметтен Ақаев секілді аянышты жағдайда, жер болып кетпеуі үшін өз ұсынысын айтады.

- Орта Азиялық барлық президенттерге рахымдылық, амнистия жариялау керек. Оның есесіне олар қызметтен кетіп, орындарын демократиялық күштер өкілдеріне беруі қажет, - дейді Глисон.

Зерттеуші Глисонның пікірінше, бұл орайда, бұрынғы президент Ельциннің ол кездегі бас министр Путинге орнын босатып беруі жақсы үлгі болмақ. Орта Азиялық басшылар Ельцин секілді биліктен кетсе ғана бәле-жаладан аман қалмақ екен.

Бірақ жаңа мұрагерлер өздерінен бұрынғы жетекшілердің басқару үрдісін одан әрі жалғастырмайды деуге де кепілдік аз дейді Нью Мексико университетінің профессоры, Орта Азия мемлекеттері бойынша сарапшы Грегори Глисон.
XS
SM
MD
LG