Accessibility links

Соғыстың соңғы кезіндегі тауқыметті немістер күн сайын еске алады


Бүкіл әлем ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқталғанының 60 жылдығын тойлап жатқан бұл күндері Германияда сол сұрапыл соғыстың соңғы күндерінде бастан кешкен тауқымет пен қасырет жайлы әңгімелеген жандардың естеліктерін сәт сайын естуге болады.

Кейбіреулер одақтастар күштері жақындап қалғанда қаруларын жинап, бейбіт түрде тізе бүкпекші болғандарды нацистер командаларының қалай атып, асқандарын айтады. Әйелдер болса бұған дейін айтылмай келген зорлық-зомбылық түрлерінің де болғанын еске алады.

1945 жылғы 8 мамыр күні екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғаны туралы жалпақ жұртқа жария етіп, бүкілодақтық радионың дикторы Левитан оқыған Совет одағының басшысы Иосиф Сталиннің мәлімдемесі соғыс аяқталды, енді жеңімпаздар Жеңіс күнін тойлайды дегенді білдірген еді. Алайда сол соғыстың ең соңғы қиын күндерін көзбен көріп, бастан кешкен Германияның көптеген тұрғындары соғыс бітті деп жарияланғанымен де, оның аяқталғанын мойындағысы келмей, Одақтастар күштеріне қарсы ұрыс жүргізген нацистік герман солдаттарының көп болғанын айтады.

Бұл күндері немістің көптеген бұқаралық ақпарат құралдары 1945 жылғы нацистік Германияның құлауына куә болғандардың – сол кездегі қым-қиғаш оқиғаларды бастан кешкендердің – жеке естеліктерін жариялады. Қазірде жастары егде тартқан қариялар өз туыстары мен таныстарының, тіпті көршілерінің кейбірі қалаға британдық, американдық немесе совет әскерлері кірерден бар болғаны бірер сағат бұрын-ақ өлтірілгендігін өкінішпен еске алады.

Мерзімді басылымдарда жарық көрген тағы бір мақалалар соғыс аяқталып қалған тұста бір қаладан екінші қалаға жылжып отырған Совет әскерлерінің, тіпті француз күштерінің жолында көптеген неміс әйелдерінің зорлық-зомбылыққа душар болғаны жөнінде жазған. Неміс ресмилері Берлиннің өзінде зорланған әйелдер саны 100 мыңдай болды деген болатын. Германиялық зерттеуші Магдалена Краусс бұлар жөнінде тірі куәлардың өз аузынан естіген өте маңызды дегенді айтады.

- Тарих әрдайым да соғыста болған үлкен жайттарға, шабуылдар мен ұрыстарға, бомбалауларға мән береді. Олар турасында тарих кітаптарында жазылады. Ал қарапайым адамдарға не болғаны, олардың нендей оқиғаларды бастан кешкендері жөнінде ұмытылады. Енді бірер жылда немістердің ол ұрпағы да өмірден өтеді. Сонда соғыс аяқталған тұста қатардағы жандардың басынан қандай оқиғалар өткенін ешкім есіне де алмайтын болады.

Мюнхен қаласының жанындағы Пензберг деревнясы соғыс аяқталса да, күрестерін тоқтатпаған нацистердің қаһарына тап болған жүздеген ауылдардың бірі десе болады. 1945 жылғы сәуірдің 27-де Пензбергтегілер АҚШ күштерінің Мюнхеннен 20 шақырым жерде ұрыс салып жатқанын естіп отырды, бірақ олар қалаға үш күннен кейін, 30 сәуірде ғана кіре алды.

Соғысқа дейінгі ауыл басшысы бастаған тұрғындардан құралған топ Пензберг ауылын сақтап қалуға күш салып, жергілікті өнеркәсіпті талқандалудан аман алып қалады. Нацистер жетекшісін кеңсені тастап шығып кетуге мәжбүр етеді де, өздері қалаға жақындап қалған күштерге ауылда қарсыласар күш жоқ деген белгіні білдіріп, әр үйдің балконына ақ жалау іліп қояды. Алайда бұл жөнінде Мюнхендегі нацистер билігіне дереу біреу хабарлап қояды.

Бұл күнде жасы 75-ті алқымдаған Питер Бруннер, сол кезде 15 жасар бала болған екен. Ол мұндай хабар жеткен соң ''Werwolf'' деп аталған арнайы топтың Пензбергке шұғыл жіберіліп, ауыл басшысы мен тағы алты адамның тұтқындалғаны, сол күннің кешінде-ақ олардың атылғаны жөнінде әңгімелеп берді. Тағы да тоғыз адам дарға асылған, олардың ішінде екі әйел болған екен. Нацистер қолынан қаза болғандардың бірі - өз әкесінің кеудесіне 26 жерден оқ тигенін көрген Мария есімді қартаңдау әйел әкесінің бар болғаны ауылды аман алып қалғысы келген ниеті үшін құрбан болғанын айтады.

Соғыстың соңғы күндерінің көптеген тірі куәлары сол күндері Берлин мен Кельн, Гамбург және басқа да қалалардың көшелерін тінтіп, совет әскерлері жақындап қалған сәтте өз бөлімшелерін тастап қашып шыққысы келген неміс солдаттарын қолма-қол атып тастаған жайттарды талай көргендерін еске алады. Зерттеуші Краус жазалаушы отрядтардың солдаттардан құралғанын, ал кейбірінің гестапо жіберген күштер болған дейді:

- Олар қолға түскісі келген адамның бәрін - солдат болсын, жай азаматтар болсын - ұстап алып, талғамай өлтіре беретін фанаттар болды. Олар әлі де Адольф Гитлерге сенетін еді. Олар ешқандай ақталуды тыңдамайтын және берілгісі келген адамның бәрін де сатқындар деп мүлде аямайтын.

Германияның соғыстан кейінгі деректеріне қарағанда, барлығы 35 мың солдат соғыс уақытында өз бөлімшелерін тастап кеткені үшін трибуналдық жазалауға тартылған екен. Олардың 23 мыңы өлім жазасына кесілсе, 15 мыңына бұл жаза орындалған. Ал бірақ та соғыс аяқталып келе жатқан тұста Германияның қанша бейбіт тұрғыны опат болғаны жөнінде ешқандай дерек-мәліметтер әлі күнге дейін жоқтың қасы.
XS
SM
MD
LG