Accessibility links

Әндіжандағы қақтығыс Орталық Азияда тұрақсыздықтың ұлғайғанын көрсетті


Өзбекстан әскері Әндіжан әкімшілігі ғимаратын кері қайтарып, жұма күні бұрқ ете түскен көтерілісті басты. Қақтығыстарда кемінде он адам қаза тапты. АҚШ әкімшілігі және сыртқы істер министрлігі ереуілшілерді және Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовты сабырлыққа шақырды.

Ақ үй өкілі Скотт Маклеллан қанды қақтығыс екі жақ үшін де дағдарыс шешімі бола алмайды деп мәлімдеме жасады:

- Біз үкіметті де, ереуілшілерді де бұл кезеңде сабырлыққа шақырамыз. Өзбекстан халқы үкіметіміз демократиялық сипатта болса, өкілеттігі әлдеқайда кең болса деп қалайды. Бірақ, бұл мақсатқа қақтығыс емес, бейбіт жолмен жету керек.

Өзбекстан үкімет орындары Әндіжан қаласында жұма күні орын алған қақтығыстардан тоғыз адам қаза тапты деп хабарлады. Бұл наразылық танытушылар мен полиция қызметкерлерін қоса есептегенде. Дегенмен, баспасөз мәліметтері адам шығыны әлдеқайда көп дейді. Қаруланған азаматтар жұмаға қараған түні жергілікті түрмеге шабуыл жасап, жүздеген тұтқынды босатып алды. Шабуылшылар ислам экстремизмі айыбы бойынша қамауда отырған 23 бизнесменді азат етуді талап етті. Бұл бизнесмендер және оларды жақтаушылар айыптың саяси және экономикалық астары бар дейді.

Наразылық танытқан халық бұдан соң әкімшілік ғимаратын басып алды. Ереуілшілердің бірі – Шарипжон Шәкіров "Азаттық" радиосына берген сұхбатында:

- Бір ғана талабымыз бар - үкімет жала бойынша тұтқындалған азаматтарды азат етсін, "Акрамия" ұйымының басшысы Ақрам Юлдашевті босатсын, - деді.

Кешке таман сақшылар наразылық танытушыларға тойтарыс беріп, әкімшілікті кері қайтарды. "Соғыс және бейбітшілік" институты Өзбекстан бөлімшесінің директоры Ғалима Бұхарбаева оқиға жерінен "Азаттық" радиосына тікелей толқында сұхбат бергенде, Әндіжандағы көтерілісті басуға әскери техника қолданылды, атыс қатты болды, үсті-басын қан жауған бес адамды әкетіп бара жатқандарын өз көзіммен көрдім деді.

АҚШ сыртқы істер министрлігінің өкілі Ричард Баучер жұма күні Әндіжан түрмесінен күшпен босатылған азаматтардың арасында Вашингтон террорлық деп таныған топтың мүшелері болуы мүмкін деп алаңдаймыз деді. АҚШ терроризмге қарсы соғыс ашқанда Өзбекстан көмек ұсынған алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Бірақ, Өзбекстандағы адам құқықтарының өрескел бұзылуына үнемі назар аударып келеміз деді Ричард Баучер:

- Сыртқы істер министрлігі осыдан екі ай бұрын жариялаған адам құқықтары жайындағы баяндамасын қараңыздар. Өзбекстандағы адам құқықтарының жағдайы жайында өте ашық айтып келеміз. Біз тек деректерге сүйенеміз. Өкінішке қарай, ол деректер мәз емес.

Әндіжандағы қақтығысқа Еуропа Одағы да өз тарапына алаңдаушылық білдіріп, Өзбекстан үкіметінің атына сөгіс айтты. Ислам Кәрімовтың үкіметі елдегі адам құқықтары, заң мәртебесі, кедейшілік мәселелеріне жеткілікті көңіл бөлмей отыр деді Еуропа Одағы. Ресей үкіметі болса президент Кәрімовты толық қолдаймыз деді. Ресей сыртқы істер министрлігі экстремистердің араңдатуын айыптаймыз деді. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Мұхтар Кәрібаев "Азаттық" радиосына «Әндіжанда зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ, оқиға - Өзбекстанның ішкі мәселесі» деп қысқа қайырды.
XS
SM
MD
LG