Accessibility links

Қазақстанның мұнай-газ компаниялары ескі стандартпен жұмыс істеп келеді


Мамандардың айтуынша, Қазақстанның мұнай-газ өндірумен айналысатын 54 компанияның тек бесеуі ғана халықаралық стандарттарға сай екен. Компаниялардың 85 пайызы әлі күнге дейін кеңес кезіндегі мемлекеттік стандарт талабымен жұмыс істеп жатқан көрінеді.

Мұнай- газ өнеркәсібін диспетчерлік басқару жөніндегі акционерлік қоғамының президенті Қайрат Кайпиевтің айтуынша, қазір Қазақстанның мұнай-газ саласындағы кәсіпорындардың 85 пайызы Кеңес кезіндегі мемлекеттік стандарттар негізінде жұмыс істеп жатса, 15 пайызы ғана халықаралық талаптарға өтуге дайындалу үстінде екен.

- Мұнай-газ өндірумен шұғылданатын 54 компанияның тек бесеуі ғана халықаралық стандартқа сай жұмыс істеуде, - дейді Қ.Кайпиев.

«Қазақстанның стандарттау және сертификаттау иституты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Бас директоры Ғалымжан Доғаловтың айтуынша, Қазақстанның мұнай-газ саласы кәсіпорындары халықаралық талаптарға сай болуы үшін алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Осы бағытта техникалық стандарттау туралы оннан астам жаңа заңдар шоғырын жасап, отызға жуық заңға өзгерістер мен түзетулер енгізу қажет екендігін айтады.

«Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының техникалық даму жөніндегі басқарушы директоры Галиалсат Кешубаевтың айтуынша, халықаралық, ұлттық стандарттарды қосқанда жалпы көлемі екі мың стандартты қалыптастыру үшін көп уақыт қажет. Оның ішінде халықаралық сараптау орталықтары мен институттармен бірлесіп жасайтын жобалар көп уақыт алатындығын алға тартады. Мұнай-газ өндірушілердің халықаралық қауымдастығының техникалық директоры Дон Смит, Қазақстан таяу арада ұлттық стандарттарын халықаралық талаптарға сәйкестендіруі қажет деп санайды.

- Халықаралық стандарттар қандай даму деңгейіндегі ел болғанына қарамастан барлығына ортақ жағдайға орайластырып жасалған бірыңғай жүйе, - дейді Дон Смит.

Бірқатар мамандар Қазақстан мұнайының құрамындағы күкірттің болуы құбырдың тез тозуына әкеліп соқтыратындығын, соған байланысты өңделген мұнай өнімдерін шетелге шығарған жөн деген пікір айтады. Ал, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының техникалық даму жөніндегі басқарушы директоры Галиалсат Кешубаев мұндай пікірмен келіспейді.

Ол Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған кеніштеріндегі мұнай құрамында күкірт бар екендігін, алайда ол өңдеу барысында жойылатындықтан өнім сапасына әсер етпейді деп отыр.

Италияның ЕNI компаниясының халықаралық стандарттау жөніндегі үйлестірушісі Анатолий Барышников қазір мұнай-газ кәсіпшіліктері үшін халықаралық стандарттарға сай жабдықтарды Қытайдың - 400, Ресейдің - 10, Қазақстанның үш компаниясы жасап отырғандығын айтады.

- Қазақстандағы кәсіпорындардың халықаралық стандартттарға көшуіне мемлекет жауап бермеуі тиіс. Өйткені, ол компания үшін қажет нәрсе. Сондықтан, салалас кәсіпорындар қауымдастығын құру арқылы жылдам шешуге болады, - дейді А.Барышников.

Оның айтуынша, ENI, SHELL компаниялары техника-еңбек қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау секілді мақсаттарға жылына 6 миллион долларға дейін жұмсайды екен. Халықаралық талапты орындауға жұмсалған қаржы кәсіпорынға еселеген табыс келтіретіндігін айтады.
XS
SM
MD
LG