Accessibility links

Ресейде «жасылдар» өз партиясын құрды


Жексенбі күні аталып өткен Қоршаған ортаны қорғаудың дүниежүзілік күні Ресейдегі табиғат қорғаушы "жасылдар" жаңа партия құрды. Жасылдар одағының құрылтай сьезі Мәскеу маңындағы Корорлев қаласында өтті.

Ресейдің қоршаған ортаны қорғау белсенділері тұңғыш экологиялық партияны құру үшін маусымның алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Дүниежүзілік табиғат қорғау күнін әдейі таңдап алған сыңайлы. Сонымен, "Жасылдар одағы" деп аталған жаңа партияның жетекшісі болып президенттің экология мәселесі бойынша бұрынғы кеңесшісі, ядролық қауіпсіздік сарапшысы Алексей Яблоков сайланған. Яблоков Ресейдің табиғат қорғаушылары қоршаған ортаны қорғау шараларын жүзеге асыруы үшін саяси күш-қуатқа ие болуы қажет деп атап көрсетті:

- Біз Ресейдің Жасылдар одағын құрамыз, бұл жасылдар қозғалысының саяси қанаты болып табылады. Билікке саяси қысым жасамайынша, қазіргі Ресейдегі әлеуметтік-экологиялық мәселелерді шешу мүмкін емес. Біздің басты ұранымыз - азаматтардың таза ортадағы салауатты өмірін қамтамасыз ету.

Королев қаласында болған сьезд қарсаңында Яблоков жаңа партия алдымен аймақтардағы, одан кейін федералдық деңгейдегі билік үшін күресетін болады деп атап көрсеткен.

Ресейдегі «жасылдардың» жаңа партиясы 2007 жылы парламенттің төменгі палатасы - Мемлекеттік дума сайлауына қатыспақшы. Яблоков «Жасылдар одағы» парламенттегі орынның үштен екісіне ие кремлшіл Ресей одағы партиясы тәрізді көп орынды алады деп үміттенбейтінін айтады. Бірақ, бір кезде біз де Германиядағы «жасылдар» партиясы сияқты сенімге кіреміз және бізсіз ешқандай шешім қабылданбайтындай болады деп ойлаймын дейді ол:

- Біз Думада көп орынға ие болмайтындығымызды түсінеміз. Дегенмен де Германиядағы сияқты біздің қатысуымызсыз ешқандай шешім қабылданбайтындай, негізгі әріптестердің бірі бола аламыз деп ойлаймын. Ондағы партия бар болғаны 12-13-ақ процент, бірақ, олар үлкен күшке ие, міне, біз де солардың тәжірибесін қайталағымыз келеді.

Партияның құрылғанына екінші-ақ күн болса да, олар алда кездесетін қиыншылықтарға дайындалуда. Алдымен ресми түрде тіркелу қажет, ал ол процесті Кремльдің жіті қадағалайтыны белгілі. «Жасылдар одағы» шындығында үлкен саяси күш либералды «Яблоко» партиясының қолдауына ие болған. «Яблоко» партиясы төрағасының орынбасары Сергей Митрохин жексенбі күнгі құрылтай сьезінде сөйлеген сөзінде:

- Біз сіздермен кез-келген формада ынтымақтаса жұмыс істеуге әзірміз, дегенмен де ол сіз бен біз қалағандай түрде жүзеге аса қоймауы ықтимал, оның бірнеше себептері бар, өйткені шенеуніктер экологиялық ұйымды қанат жайдырғысы келмейді, олардың тұншықтыра алатындай мүмкіндіктері бар, - деп атап көрсеткен.

Жексенбі күні «Жасылдар одағында» Алексей Яблоковтың үш орынбасарының бірі болып, бұрынғы әскери-теңіз капитаны Александр Никитин сайланды. Никитинді 1996 жылы Норвегияның "Беллуна" экологиялық қорымен бірге Ресейдің солтүстігіндегі әскери-теңіз флотындағы ядролық қауіп-қатер жөнінде хабарлама әзірлегені үшін Ресейдің қауіпсіздік орындары сатқындық жасады деп ұстап, айыптаған еді. Ресей Жоғарғы соты 2000 жылы оны бұл айыптаулардан ақтаған болатын.

Никитин дүйсенбі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында «Жасылдар одағы» Ресейдегі шын мәнінде алғашқы экологиялық партия, ол осы бағыттағы басқа да қозғалыстармен бірлесе жұмыс істеуі қажет деп айтқан.

- Бұған дейін Ресейде «жасылдар» партиясы болған емес, «Жизнь» деген кремльдік жоба ғана болған, біздің құрғымыз келгені мүлде басқа, ол төменнен бастау алып отыр. Жасылдар партиясы тек қана экологтар емес, соғысқа қарсылар және бізді қолдайды деген көп адамдар.

Қазіргі таңда Ресейде ресми тіркелген 60-қа жуық қоршаған ортаны қорғау ұйымдары бар. Олардың көпшілігі Ресей үкіметін қоршаған ортаға зиян келтіретін, адамдар денсаулығына қауіп төндіретін шараларға барып отыр деп жиі сынап келеді.
XS
SM
MD
LG