Accessibility links

Өзбекстанда құқық қорғаушылар мен журналистер қуғын көріп отыр


Өзбекстанның шығысындағы оқиғалардан кейін елдегі құқық қорғаушылар мен тәуелсіз журналистерді қудалау жалғасып жатыр. Өткен айда Әндіжан қаласындағы наразылықты күшпен басқан үкімет күштері жүздеген бейкүнә адамды қырып тастаған болатын.

Өзбекстанда жаңа репрессиялар басталды десе болады. Өзбекстан өкіметі Исламшыл экстремистер деп күдіктелген адамдар мен тағы басқа да адамдарды қамауға алып жатыр. Тұтқындалғандардың арасында Әндіжандағы қантөгіс туралы халықаралық ақпарат құралдарына хабарлаған құқық қорғаушылар мен журналистер де бар.

Солардың бірі – Толқын Қораев Лондонда орналасқан Соғыс және бейбітшілік мәселелері бойынша институттың тілшісі болып жұмыс істейді. Қораев, сондай-ақ, бұдан бұрын Азаттық радиосына да хабарлар жіберіп тұрған болатын. Аталған журналист сенбі күні Өзбекстанның Қаршы қаласында ұсталыпты. Оның туыстары Азаттық радиосының өзбек қызметіне берген сұхбатында Қораевқа “бұзақылық” деген айыптар тағылды деді. Журналисттің бауыры билік оған жала жапты деп санайды.

- Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері оны тұтқынға алып, қалалық сотта Қылмыстық істер кодексінің 183-ші бабы бойынша “бұзақылық” деген айыптар тақты. Олар бұл арандату үшін бір әйелді пайдаланды. Басқа айыптар туралы мен білмеймін, - деді Қораевтың туысы.

Өзбекстандағы тәуелсіз Адам құқықтарын қорғаушы ұйымның айтуынша, қаладағы автобус аялдамасының жанында бір әйел келіп, Қораев пен оның досына шабуыл жасаған. Содан кейін, журналист қамауға алынған және қылмыстық іс қозғалған.

Жоғарыдағы құқық қорғаушы ұйымның Самарқандағы мүшесі Норбой Холжигитов те сенбі күні тұтқындалыпты. Холжигитовтың ұлы Хаятолла әкесінің қамауға алынғаны туралы Азаттық радиосына былай деп хабарлады:

- Маусымның 4-інде, шамамен кешкі сағат 11-12-лерде, бір қоғамның басшысы Октам Холназаров деген кісі үйімізге келді. Менің әкем, яғни Норбой Холжигитов, жаңағы кісімен көрші ауылға кеткен. Әкем шайханада отырған кезінде Өзбекстан Ұлттық кауіпсіздік қызметінің (ҰҚҚ) адамдары оны қамауға алыпты. ҰҚҚ, сондай-ақ, жергілікті мектептің мұғалімі Абдусаттор Эрзаевты да алып кетіпті, - деді тұтқынға алынған Холжигитовтың ұлы.

Туыстары Холжигитовтың қайда екенін білмейді. Ал, құқық қорғаушы Әбдіжалил Байматов қазір Өзбекстан үкіметін сынайтындар қудаланып жатқанын айтады.

- Холжигитов - өзі фермер. Ол фермерлердің құқықтарын қорғау үшін бірнеше наразылық шараларға қатысқан, сондай-ақ, ол бұдан бұрын наразылық акция ұйымдастыру үшін Ташкентке де келген. Ол үкіметті көптеген мәселелер бойынша сынаған, - деді құқық қорғаушы.

Өзбекстанда құқық қорғаушылар мен оппозициялық партиялар да қудалануда. Мысалы, өткен аптада “Эзгулик” ұйымының Әндіжандағы мүшесі және тіркелмеген оппозициялық “Бірлік” партиясының екі мүшесі де ұсталып, олардың компьютерлері мен құжаттары тәркіленген. Хабарларға қарағанда, Жизақта да осыған ұқсас оқиға болыпты. Құқық қорғаушы белсенді Бахтияр Хамраев бірнеше әріптесінің қайда екені белгісіз дейді.

- Жизақта құқық қорғаушылар жоғалып жатыр. Мысалы, Ражаб Назаровтың қайда екенін ешкім білмейді. Менің пікірімше, үкімет құқық қорғаушыларды жою үшін кез-келген жолдарды пайдалануда, - деді Хамраев.

Дегенмен, жоғалып кеткендердің зардап шеккені туралы хабар әлі түскен жоқ. Құқық қорғаушылардың болжамы бойынша, Әндіжандағы оқиғалардан кейін 100-ге жуық адам қамауға алынған.

БҰҰ, Еуропа одағы, АҚШ және құқық қорғаушылар өзбек билігін Әндіжандағы қантөгісті тәуелсіз түрде тергеуге шақырған болатын. Бірақ, президент Ислам Кәрімов бұл қантөгісті зерттеуге халықаралық ұйымдарды араластырмай отыр.
XS
SM
MD
LG