Accessibility links

АҚШ сенаторлары Солтүстік Кореямен өзгеше саясат ұстануға шақырады


АҚШ сенаторлары Джордж Буш әкімшілігін Солтүстік Кореяға байланысты көзқарасты өзгертуге шақырды.

Соңғы жыл бойына Солтүстік Корея өзінің ядролық бағдарламасы туралы алтыжақты келіссөздерден бас тартып келген болатын. Өткен аптада президент Дж.Буштың әкімшілігі Қытай мен Жапония, Ресей, Оңтүстік Корея және АҚШ қатысатын алтыжақты келіссөздерге Пхеньян қайта оралуға келісім берді деп хабарлаған еді.

Сейсенбі күнгі тыңдауларда АҚШ сенатындағы сыртқы қарым-қатынастар комитетінің мүшелері, оның ішінде Буштың республикалық партиясының кейбір ықпалды мүшелері де бар, дәл қазір осы келісімдерге қатысты көзқарастарды қайта қарап, саясатты өзгертетін уақыт келді деген ойларын ортаға салды.

Осы аталған комитеттегі республикандық төраға Ричард Лугар қазіргі сәтте Буш әкімшілігі Солтүстік Кореямен келісімдерге байланысты өз стратегиясын қайта қарап, реттеуді қажет ететіндігі айдан анық деген ойын айтты. Лугар өзінің АҚШ дипломаттарымен жеке қарым-қатынастарынан және әңгімелесулерден байқағанындай, бұл арада Буш әкімшілігінің өз ішінде де, Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы турасындағы келісімдерде қалай жетістікке жетудің жолдары жайында көптеген пікірлер бар деп атап көрсетеді.

- Бір-бірінен айырмашылығы бар бұл пікірлердің қай-қайсысының да заңдылық негізі бар және олар келісімдерде бір әдіс-тәсілді ойлап табудың бөлшегі ретінде талқылануға тұратын пікірлер. Егер біздің саясатымыз тиімді болуы керек болса, біздің түпкілікті бағытымызда ішкі бірізділік пен одақтастарымыз үшін түсініктілік болуы қажет, - деді сенатор Лугар.

Ал келесі бір сенатор, оппозициялық Демократиялық партияның мүшесі Джозеф Биден бұдан да гөрі қаттырақ айтты десе болады. Ол Буш әкімшілігінің қимылдарын бұл келісімдерден бас тарту тұрғысында суреттеп, ол алтыжақты келіссөздерде әріптестерден өзін оқшаулады деп атап көрсетті.

Дегенмен де бұл айтылғандарға, Сенаттың сыртқы қатынастар комитеті алдында сөйлеген үкіметтік талдаушы Буш әкімшілігі одақтастармен ынтымақтаса жұмыс істеуде және Солтүстік Кореяны қарусыздандыруда жақсы жолда екендігіне сенімді деген уәжді көлденең тартты.

АҚШ мемлекеттік хатшысының Шығыс Азия және Тынық мұхит істері жөніндегі орынбасары Кристофер Хилл АҚШ келісімгерлері Солтүстік Кореяға Вашингтонның жалғыз ғана мақсаты бар, ол - Корей түбегін ядролық қарусыздандыру дегенді бірнеше мәрте қайталап келеді дейді. Алайда, бұған Пхеньянның әлі де көзін жеткізу керек деп атап көрсеткен ол:

- Менің ойымша, Солтүстік Корея осыған дейін ядролық қару бағдарламасын қоюы керектігіне біржолата көзін жеткізе қойған жоқ деп айтқан әділ болар еді. Мен олар біздің қандай шешімге келерімізді күтуде деп ойлаймын, олар біз келісімдерді бастап, әрқайсысымыз өз уәждерімізді алға тартатынымызды және олардың қандай боларын күтіп отыр, өйткені, олар бұлай күтіп, уақыт өткізе берудің өзіндік артықшылығы бар екендігін сезінеді, - деген.

Байден мен басқа да сенаторлар Ресей мен Қытайдың Пхеньянға қысым көрсетудің барлық мүмкіндіктерін қолданатындығына күмән келтірді. Бұл ретте Хилл де Ресейдің өз алдына Пхеньянға ядролық қару бағдарламасын тоқтатқызу жөнінде мақсат қойып отырғандығына сенімді емес екендігін жасырған жоқ.

Егер бұл жолы да келісімдерде ешқандай ілгерілеушілікке, демек жетістікке қол жетпейтін болса, АҚШ БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі алдына Солтүстік Кореяға қатаң санкциялар салу жөнінде мәселе қойып, соны талап етпекші. Ал үкімет талдаушысы Хилл Вашингтон табысты болатындай бағытты ұстанады дейді. Қауіпсіздік кеңесінде ветолық дауыс хұқы бар Қытай болса, Солтүстік Кореяға мұндай шаралар қолданылуына қарсылық білдіріп келеді.
XS
SM
MD
LG