Accessibility links

Ауғанстанды Тәжікстанмен жалғайтын жаңа көпір құрылысы басталды


Сенбі күні Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонов пен Ауғанстан президенті Хамид Қарзай АҚШ қаржыландыруындағы көпір құрылысының алғашқы тасын қалады.

Бұл Орталық Азиядағы бұрынғы Совет одағы елдерін Парсы шығанағындағы Иран портымен және Пәкістанның Қарачи портымен байланыстыруға мүмкіндік беретін көлік қатынасын дамыту жоспарының бір бөлігі десе болады. Президенттердің екеуі де сенбі күні аталған көпірдің іргетасын қалау барысында бұл құрылыс іргелі де алыс мақсаттарды көздейді дегенді айтып, оқиғаға аса үлкен мән берді.

Өзінің ауғандық әріптесі Хамид Қарзай сияқты Тәжік президенті Эмомали Рахмонов бұл оқиға жай ғана көпір құрылысының бастауы емес, одан да маңыздырақ ролі бар дегенге тоқталды. Оның айтуынша, бұл аймақтық көлік қатынасын қалыптастыру мен инфрақұрылымдық байланыстарды дамыту жолында жасалған алғашқы қадам болып табылады.

- Болашақта біз бұл көпір арқылы электр, газ, су жүйелерін жүргізетін боламыз. Сонымен қатар біз бұл көпірге қоса келесі жүргізілетін тағы басқа бір көпір болады деп үміттенеміз, ол Душанбе-Қорғантеппе-Құндыз теміржол жоспарына сәйкес. Міне, бұл көпірді іске қосу және Ауғанстанның солтүстігіндегі көлік жолын қайта қалпына келтіру арқылы біздің еліміз Парсы шығанағы мен Үнді мұхитының жылы суларына қол жеткізе алатын жеңілдіктерге ие болады. Мұның өзі сонымен бірге Тәжікстанның экономикасы мен байланыстарына өте мықты ықпал етеді, сондай-ақ, бұл біздің ел үшін өте үлкен саяси және геостратегиялық әсер деп ойлаймын, - деп атап көрсетті Тәжікстан президенті Рахмонов.

АҚШ қаржыландырып отырған бұл көпірдің ұзындығы 670 метр болмақ және оның өзіндік құны 29 миллион долларға түсуі мүмкін. Көпір құрылысын Америка басқаруындағы Италияның құрылысшы-мердігерлері жүргізеді. Жалпы құрылыс жұмыстары екі жылға жоспарланған.

Көпірдің сенбі күнгі ірге тасын қалау салтанатында Ауғанстан президенті Хамид Қарзай бұл көпірдің бүкіл осы аймақтың сауда және көлік қарым-қатынасында атқаратын маңызы зор деп атап көрсетті. Бұған АҚШ-тың Ауғанстандағы елшісі қызметінен кетіп бара жатқан Залмай Хализад мырза да өзіндік пікірін білдірді:

- Көпір құрылысы толық аяқталып, ол іске қосылған кезде және Ауғанстандағы басқа да инфрақұрылымдық жобалар да толықтай игерілген уақытта Ауғанстанның Орталық Азия мен Оңтүстік Азияны қосып, байланыстыратын тарихи ролі қалпына келеді және бұл маңызды екі аймақтың сауда-экономикалық қарым-қатынастары мен адамдар арасындағы байланыстар да нығая түсетін болады.

Осыдан біраз бұрын Хамид Қарзай да Ауғанстан Пәкістан мен Иранның портттарын Орталық Азиямен байланыстыратын аймақтық сауда орталығына айналады деп үміттенемін деген-ді. Мамыр айының соңына таман Вашингтонға сапары кезінде Ауғанстан президенті осы жолдар қолға алынып жатқан жоспарлардың ең негізгі кілті деп атап көрсеткен болатын:

- Ауғанстан әлемнің осы аймағында транзиттік және сауда орталығы болғысы келеді. Ауғанстанның басты даңғылдары мен жолдарын апта ішінде жүріп өтуге болады. Өзбекстанның Ташкентінен Пәкістанның Карачи портына дейін бұл жол арқылы 32 сағатқа жетпейтін уақытта түрлі жүкті алып өтуге болады. Сондай-ақ, Иранның Бандар-Аббас портты қаласына да осындай уақытта жетуге болады.

Бұл аралықта Рахмонов та сенбі күні Тәжікстан Ауғанстанға барлық жағынан қолдау танытып, Ауғанстанның электр қуаты секторының қайта құрылуына көмектесетін болады деді. Қарзай да өз кезегінде Ауғанстан диқандарының көкнәр өсіріп, апиын өндірулерін түп-тамырымен жойып, тоқтату шараларын жалғастыруға уәде етті. Рахмонов пен Қарзайдың екеуі де экстремизм мен террорға, есірткі контрабандасына қарсы күресте күш-жігер біріктіріп, үйлестіру істерін дамыта түсеміз деп уағдаласты.
XS
SM
MD
LG