Accessibility links

Өскеменде Skoda Superb автокөліктері шығарыла бастады.


Өскемендегі "Азия Авто" зауыты Skoda Superb автокөліктерін шығаруды бастады. «Классик» және «Комфорт» үлгілерінде жинақталған автокөліктердің бағасы шамамен 3 млн теңге немесе 24 мың АҚШ долларының көлемінде болады деп жоспарланып отыр.

«Азия-Авто» акционерлік қоғамының Алматыдағы өкілдігінің маманы Денис Коновалов Skoda Superb автокөлігінің ерекшелігі көп дегенді айтады. Алдағы күндері осы үлгідегі автолар Қазақстан жолдарына шыға бастайды дейді ол.

- Skoda Superb көлігі «Фольксваген Пассат» маркалы автокліктің 5 буындағы үлгісімен жасалған. Неміс сапасына ешкім күмән келтірмейді, сонымен қатар, көлік Қазақстанда жасалғандықтан, баға жағынан азаматтарға аса тиімді болмақ. Қозғағышының көлемі де тұтынушыларымыздың көңілінен шығады деп ойлаймын - оған 1х8 және 2х8 көлемді мотор орнатуға болады.

Өскемендегі «Азия-Авто» зауыты 2005 жылдың маусымында Skoda Octavia автокөліктерін шығара бастаған еді. Қазақстанда машина құрастыру зауытының салынуына негіз болған Бипэк-Авто компаниясының басшылығы биылғы жылдың соңына дейін осы Шкода маркалы 1300-дей автокөлік шығаруды жоспарлап отыр. «Азия-Авто» акционерлік қоғамының Алматыдағы өкілдігіндегі қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы Марина Ляшева ТМД елдері ішінде, Skoda компаниясы өз автоларын шығару үшін Қазақстанға ерекше ықылас білдіргенін айтады.

- Чехия жағы Қазақстанда озық технологиямен жұмыс істеуге болатынын келіп көріп кеткен соң, өздері осы елде жұмыс жасауға келісімін берді. Украинада Skoda көліктерінің сайман-бұйымдары жасалады, ал Қазақстанда машиналар зауытта құрастырылып, саудаға шығарылады.

Көліктің жаңа ыңғайлы түрін құрастырып жинау үшін, жаңа қондырғылармен жабдықтау мақсатына «Бипэк-Авто» компаниясы «Азия-Авто» зауытына 600 млн теңге инвестициялық қаржы салған. Ал «Азия-Авто» зауытының жұмысы 2003 жылы іске қосылған болатын. Зауыттың жабдығы жылына 45 мың көлік шығаруға қабілетті дейді кәсіпорын өкілдері. Дегенмен, кәсіпорын әзірге 11 мыңға жуық автомобиль шығаруды жоспарлап отыр. «Азия-Авто» акционерлік қоғамының Алматыдағы өкілдігінің маманы Денис Коновалов қазақстандық нарықтағы тұтынушылар туралы былай дейді:

- Біздің зауыттың шығарған көліктерін Астана мен Алматы тұрғындары жақсы тұтынады. Сонымен қатар, зауыт тұрған Өскеменде де тауар өтімді. Батыс аймақ тұрғындарының да Қазақстанда құрастырылған машиналарға сұранысы үлкен.

2006 жылдың соңына дейін «Азия-Авто» зауытнда 300-дей Skoda Superb көлігі жинақталмақ.
XS
SM
MD
LG