Accessibility links

Өзбекстан: бақылаушылар елдегі ахуал төңкеріске жеткізердей нашарлады деп есептейді


Алдағы жұма күні Өзбекстан тәуелсіздігінің 15-жылдығын тойлайды. Өткен кезеңде өзбек президенті И.Кәрімов: “Өзбекстан мен оның 26 млн. халқы шынайы демократияға ұмтылады және демократиялық реформалар – саяси дамудың жалғыз төте жолы”, деп мәлімдеген болатын. Алайда оның мұндай қызыл сөзі өмірдің шындығынан күрт ерекшеленеді: адам құқықтары аяққа тапталды, саяси бостандық пен сөз еркіндігі жойылды, қазіргі режимге қарсы айтылған кез-келген сын пікір қатаң жазаға тартылады. Саяси бақылаушылардың атап көрсетуінше, соңғы кезде елдегі ахуал күрт нашарлай түсті. Саяси сарапшылар Өзбекстанның таяу болашағы онша жарқын болмайды, оны үлкен сын күтіп деп санайды.

Совет Одағынан тәуелсіздігін алғаннан бері өткен 15 жылдан кейін Өзбекстан, кейбір сарапшының пікірінше, қайғылы да жаман абыройға ие болды. “Азаттық” Радиосына Ташкенттен берген сұхбатында тәуелсіз әлеуметтанушы Баһодир Мұсаев:

“Өзінің тәуелсіздігін жариялаған 15 жылдан кейін біз сол кездегі жағдайымыздан да кейін шегініппіз, біз әлеуметттік апатқа ұрындық демесем де, тығырыққа тірелдік. Оған бірден-бір мысал ретінде көрші Қазақстанды алуға болады. 1991-інші жылы Өзбекстан мен Қазақстанның жағдайлары бірдей болатын. Ал бүгін екеуінің арасында аспан мен жердей айырмашылық бар”, - деп мәлімдеді.

Өзбекстан - дәл қазір Орта Азияның ең бай еліне айналған Қазақстаннан ғана емес, өзге республикалардан кейін қалған сыңайлы. Ұлы Британияның Ташкенттегі бұрынғы елшісі әрі президент И.Кәрімов бастаған режимнің бітіспес сыншысы болып танылған Крэйг Мюррейдің пікірінше, саяси бостандық пен сөз еркіндігіне қарсы күресінде өзбек режимі Орта Азия елдерінің ішіндегі ең жыртқышы болып табылады, тіпті Түркіменстаннан да асып түсті.

“Мен Өзбекстандағы қуғын-сүргін өрши түсті деп ойлаймын. Саяси режим Түркіменстандағыдан да көп халықты қор қылды. Әлбетте, қуғын-сүргін саясаты “Әндіжан оқиғасынан” бері кең қанат жайды. Оппозиция өкілдерін де, дін өкілдерін де жаппай соттап жатыр, кейде оларды топ-тобымен соттайды. Өзбекстандағы саяси қуғын-сүргіннің ауқымы өсіп бара жатқан тәрізді”, - деп ой бөлісті бұрынғы британ елшісі Крэйг Мюррей.

Өзбек режимі өзінің саяси және діни қарсыластарына қарсы қудалау саясатын күшейтумен қарама-қатар, ел ішіндегі талай-талай шетелдік үкіметтік емес және қайырымдылық ұйымын не қысымға алды, не мүлде жауап тастады. Міне осындай саясаттың нәтижесінде шетелдік ұйымдардың көмегіне сүйенген Өзбекстанның азаматтық қоғам құрылымдары жоғалды. Сонымен қатар ресми билік жергілікті баспасөз құралдарын қатаң бақылауға алып, қуғын-сүргінге тап болған шетелдік журналистер Өзбекстанды тастап кетуге мәжбүр болды.

Өзбек оппозициясының өкілдері мен адам құқын қорғайтын белсенділер не абақтыға жабылды, не болмаса елден қуылды. Ел ішінде қалып әлі жұмыс атқарып жүрген санаулы ғана адам құқын қорғаушының бірі - Бахтиор Хамроевты 18-інші тамыз күні бір топ адам британ дипломаттарының көзінше таяққа жығып кетті. Оны сабап жатқан кезде милиция қызметкерлері үнсіз бақылап тұрды. Түрмеде жазасын өтеп жатқан тағы бір адам құқын қорғайтын белсенді әйел Мотабар Таджибаева, бір хабарға сәйкес, абақтыда зорлық-зомбылық көруде.

Өзбекстанның экономика саласындағы ауалы да онша жетісіп тұрған жоқ сияқты. Шетелдік инвесторлар үкіметтің қысымына душар болып жатыр. Осы айдың басында американ-өзбек бірлескен “Зарафшан-Ньюмонт” кәсіпорнын “банкрот” деп жариялап, оның барлық активін жауып, өндірген барлық алтынын тәркілеп алды. Өзбекстан үкіметі 24-інші тамызда өзбек-израиль бірлескен кәсіпорнын Алмалық тау-кен және металлургия комбинатына жататын стратегиялық металды өңдеуге берген айрықша құқынан айырды.

Міне мұның барлығы, сарапшылардың ортақ пікірінше, қалың бұқара халықтың қарсылығы күшейе түскенін сезген саяси режимнің сыр бере бастағаны. Енді осы жерде: “Өзбекстан қайда бара жатыр және елді қандай келешек күтіп тұр?” деген сауал туады. Крэйг Мюррейдің пікірінше, Өзбекстанды төңкеріс тосып тұр.

“Дәл қазір Өзбекстан, сөзсіз, саяси әрі экономика жағынан да әрі қарай оқшаулана береді. Ахуал осылайша нашарлай береді... Бірақ, ақыр-аяғында, мұның барлығы үлкен төңкеріске жеткізеді”, - деп мәлімдейді Ұлы Британияның Ташкенттегі бұрынғы елшісі.

Баһодир Мұсаев Мюррейдің мұндай пікірімен келіседі және өзі де ел бүліктің табалдырығында тұр деп есептейді.

“Ел ала-сапыранның жолына түсті. Халықтың қарсылығы барған сайын ұлғая түсіп, әлеуметтік төңкеріс жергілікті жерлерде, жекелеген аймақта көрініс беріп, бүкіл елге жайылады. Қазірдің өзінде ел бағынудан қалды. Ел резеңке таяқ пен қарудан ғана қорқып отыр”, - деп атап көрсетеді тәуелсіз әлеуметтанушы Б.Мұсаев.
XS
SM
MD
LG