Грузия кәсіпкерлік компанияларын тіркеуді әлдеқайда жеңілдетті және жаңа кәсіпорын ашу үшін төленетін салықтың көлемін қысқартты. Оған қоса, экспорттық тауарларды кедендік рәсімдеудің мерзімі 54 күннен 13 күнге дейін қысқартылды.
Маклиш ханымның айтуынша, биыл Армения реформалар жағынан Грузия сияқты көзге көріне алмады, бірақ өткен жылдары ол да кәсіпкерлікке қатысты заңдылықтарын саты-сатымен жетілдіріп келді.
“Армения – меншік мүлік оп-оңай тіркелетін әлем елдерінің бірі”, - дейді Карали Маклиш ханым.
Арменияда меншік мүлікті тіркеу үшін орта есеппен 4-ақ күн керек болса, салыстыра айтсақ, Беларуссияда оған 231 күн керек (!). Маклиш ханымның айтуынша, Беларуссия – салықтың жиналуы жағынан әлемдегі ең нашар ел. Беларусь еліндегі фирмалар салық заңдылығын толық орындауы үшін жылына салықтың 125 түрін төлеп, барлық пайда-табысының 186,1 пайызын беруге міндетті. Салық төлеудің машақаттары жағынан көрші Украина Беларуссиядан ғана қалып келеді. Маклиш ханымның айтуынша, салық көлемінің тым үлкендігі ғана емес, “салық жүйесінің күрделі болуы” да Украинада компания-фирмалар үшін проблема туғызып отыр. Мысалға, Украинадағы фирмалар үшін жылдық салық декларациясы 92 беттен тұрады.
“Украинада барлық салық төлемін төлеймін деген орта қолды фирма үшін жыл сайын 2185 сағат қажет”, - деп мәлімдейді Маклиш ханым.
Сонымен қатар Украина мен Беларуссияның сыртқы сауда байланысында да көп қиындық бар. Дегенмен де Орта Азия елдерінде тіпті одан да қиын. Орта Азия елдерінің ішінен ең жоғарғы – 63-інші сатыда тұрған Қазақстанның сауда байланысының алдында да қаншама бөгет тұр. Мысалға, тауарды экспорттау үшін орта есеппен 93 күн, ал импорттап алуы үшін орташа есеппен 87 күн керек. Маклиш ханымның айтуынша, сауда шығындары ішкі бағаны көтеріп, отандық компания-фирмалардың экспортқа өнім шығару мүмкіндігін шектеп, дамуына тосқауыл болады және жемқоролықтың терең тамыр жаюына түрткі болады.
“Аталған аймақ елдерінің көпшілігінде кеден қызметі – іскерлікті реттеудің ең бұзылған саласының бірі. Оның көп себебінің бірі – сауда-саттықтың желкесінде қаншама сан-алуан құжат пен талай-талай рәсімдеу шарасының болуы. Егер Сіз рәсімдеудің барлық ресми шарасынан өткіңіз келсе, орасан зор уақыт кетеді. Міне сондықтан да кәсіпкерлер, көбіне, саудамен айналысу үшін, импорттау және экспорттау мүмкіндігінен айрылмау үшін пара беруге мәжбүр болады”, - деп атап көрсетеді Маклиш ханым.
Неліктен Грузия сынды кейбір ел кәсіпкерлікке қатысты нұсқаулар мен заңдарды ойдағыдай жетілдіре алса, ал Ресей сықылды елдерде, керісінше, реформалар неге тоқырап тұрып қалды? Маклиш ханымның пікірінше, оған саяси биліктің ниеті ғана емес, ондай реформаларды іске асыру үшін таңдап алынған уақыттың да зор әсер етуі мүмкін.