Accessibility links

Ресей: Орталық банк төрағасының орынбасары тапсырыспен өлтірілді


Ресейдің Орталық банкі төрағасының бірінші орынбасары Андрей Козлов өзінің өміріне жасалған қастандықтан бүгін таңғы сағат 5.30-да (қыркүйектің 14- күні таң атқанда) есіне келмей ауруханада қайтыс болды. Сәрсенбі күні кешкісін Андрей Козловты Олений Вал көшесіндегі “Спартак” футбол алаңының аумағында белгісіз қаскүнемдер тасадан атып кетті. Козлов Орталық банктің командасында ойнаған футбол ойнынан кейін оған серік болып ерген оққағары мен көлік жүргізушісін қаскүнемдер бастарынан атып өлтірген. Козловтың өзі де бірнеше жерінен, оның ішінде басынан ауыр жараланған. Ресей ішкі істер министрлігінің тергеушілері бұл қастандықты марқұмның кәсіби қызметімен, нақты айтқанда – коммерциялық банктердің іс-әрекетін қадағалайтын құзырымен де байланыстырып отыр.

41 жастағы Андрей Козлов – Ресейде абырой-беделі зор тұлға болатын. Өзі Орталық банк төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған 4 жылдан аса уақыттың ішінде ол заңсыз алынған табыстарын заңдастырған және заңдылықтарды бұзған банктерге қарсы күрес науқанын бастады. Ресейдің банк жүйесінің “тазалығы” жолындағы “жалынды күрескер” ретінде кең танылды. Халықтың банктердегі ақша салымдарын сақтандыру жүйесі нақ Козловтың бастамасымен енгізілген (осы жерде айта кету керек: ақша салымдарын сақтандыру жүйесі Қазақстанда – сонау 1999-2000-ыншы жылдары енгізіліп, қазір толыққанды жұмыс істеп тұр) және соның қатаң ұстанымы бойынша, соңғы кезде апта сайын қаншама коммерциялық банк қаржы операцияларын жүргізу лицензияларынан айрылған. Тек үстіміздегі жылы ғана Ресейдегі 1200 банктің 44-і лицензиясынан айрылған.

Өткен 2005-інші жылы жүргізілген тексерудің барысында барлық банктің 95 пайызға жуығының “Қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес” заңын бұзғандығы анықталған. Нәтижесінде заңды бұзғандардың 1/3-іне жуығы лицензиясынан айрылып, қалған банктерге айыппұл салынған немесе ескерту жасалған. Ал биыл Орталық банктің заң бұзушылыққа деген ұстанымы бұрынғыдан да қатаңдай түскен.

Банкирлер мен Козловтың өзімен жақын таныс болған кісілер тапсырыс бойынша іске асырылған бұл қастандықтың Андрейдің осындай қызметімен тікелей байланысы барлығына еш күмән келтірмейді. Мысалға, Ресей банктері Ассоциациясының президенті Гарегин Тосунян “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында “Андрей Козлов өткен 4 жылда талай жау тауып алса керек” деген ойын білдірді.

“Банктердің жұмысын бақылайтын, соңғы жылдар бойы осындай реформаларды жүзеге асырған және банктердің өркениеттілігі мен тиесілі ашықтығын қамтамасыз ететін түпкілікті реформаларды іске асырған және нарықтағы белгілі “ойын” тәртібі мен ережесін қалыптастырған ол, әрине, өзіне қарсы көзқарас пен талай жау тауып алғаны түсінікті. Егер, әсіресе, өзінің осындай ісін адал да уәжге келмей атқаратын болса, бұл – абырой әпермейтін жұмыс. Менің ойымша, оның өлімі осымен байланысты”, - деп мәлімдеді Тосунян.

Андрей Козловты тасадан белгісіз 2 қаскүнем оқ жаудырып, өздері бас сауғалап үлгерген. Сарапшылардың болжауы бойынша, кісі өлтірушілер ПМ, яғни “Макаров тапаншасымен” немесе қолдан жасалған дыбыс шығармайтын тұмсығы бар ИЖ-71 тапаншасымен қаруланған болса керек. Мәскеу прокуроры Юрий Семин бастаған тергеушілер бригадасы қастандық болған жерді тінтіп, 9 миллиметрлік оқтың 3 қауызы мен 1 оқты және тапаншадан атқан кезде дыбыс шығармайтын тұмсық пен тапаншаның “шомпол” деп аталатын тағы бір тетігін тапты. Қазір қылмыс болған жердегі тергеу шарасы аяқталып, қылмыскерлердің ізін кесу үшін Мәскеуде “Вулкан-5” деп аталған жоспар іске асырылып жатыр.

Бүгін Ресей теледидары А.Козловтың “Мерседес” автокөлігінің жанында сұлап жатқанын көрсетті. Оның қазасы Ресейдің саяси және іскерлер қоғамын қатты дүрліктіріп, елдегі қауіпсіздік ахуалына деген алаңдаушылығын туғызды. Ресей үкіметінің Мәскеуде өткен бүгінгі мәжілісінде премьер-министр Михаил Фрадков:

“Бұл ауыр қаза болды. Біздің әріптесіміз... еліміздің Орталық банк басшыларының бірі... туғандарына, әйелі Екатерина Валерьевнаға, 3 баласы қалды... жақындарына мен көңіл айтқым келеді”, - деп ресми билік атынан көңіл білдірді.

Үкімет отысырында Ресейдің ішкі істер министрі Рәшид Нұрғалиев: “...қылмыстың ізінше кеше ол жерге қылмыс пен ұйымдасқан қылмыстарды тергейтін ең тәжірибелі тергеушілер, қалалық ішкі істер басқармасының бастығы келді және қазір барлық тергеу шарасын, іс жүзінде, өзім қадағалап отырмын”, - деп есеп берсе, Бас прокурор Юрий Чайка да тергеу барысын өзінің тікелей қадағалауына алғанын мәлімдеді.

Ал марқұм Козловтың әріптестері мен қаржыгерлері оның қазасын Ресейдің әлсіз әрі қара түнек тұстары көп банк жүйесіне ауыр соққы болды деп бағалайды. Ресей Мемлекеттік Думасының банк заңдылықтары комиссиясының төрағасы Павел Медведев:

"Осы қызметінде отырған 4 жылдың ішінде ол бақылауды айтарлықтай жетілдірді. Біздің банк жүйеміз ашық бола түсті. Міне дәл осы оның ресми міндеті де, арманы да болатын. Ол зор жетістіктерге жете алды – банк жүйесі бұрынғыдан әлдеқайда ашық бола түсті. Менің ойымша, Козлов атқарып кеткен істің маңызы біздің санамызға әлі бірнеше жылда ғана жетеді ғой деп ойлаймын”, - деп атап көрсетті.

Ресейдің қаржы министрі Алексей Кудрин Андрей Козловтың қол жеткізген жетістіктеріне жоғары баға беріп, оны “қаржылық қылмыстарға қарсы күрестің қайнаған ортасында болған өте қайсар әрі адал адам болды”, деп сипаттады. Қаржыгерлердің өткен аптада ғана Қара теңіз жағалауындағы Сочи қаласында болып өткен форумында сөйлеген сөзінде марқұм А.Козлов арам ақшаны заңдастырғаны және қаржы-қаражатты жасырудың заңсыз – “сұр” амалдарын қолданғаны аңғарылған банкирлерден лицензияларын тартып алумен қатар, кәсіби қызметімен айналысу құқынан да айыруға уәде берген көрінеді. Міне, оның осы “уәдесі” өзіне қарсы шығарған қатаң “үкімі” болса керек.
XS
SM
MD
LG