Accessibility links

АҚШ президенті Перуез Мұшарраф пен Хамид Қарзайды татуластыруға әрекет жасады


Пәкістан және Ауғанстан президенттері осы аптада Америка Құрама Штаттарын аралап жүр. Олар бір біріне сырттай қатты тіл тигізді, терроризмге қарсы күресте әлсіздік танытады деп бірін бірі қатты сөкті. Дегенмен, Перуез Мұшарраф пен Хамид Қарзай сәрсенбі күні Ақ үйде бетпе-бет кездесті, АҚШ президенті Джордж Буш берген қонақасында дастархандас болды. Осы кездесуден соң Пәкістан және Ауғанстан тіл табыса бастай ма екен?

Бір біріне қатты тіл тигізген екі көршілес елдің басшылары президент Буштың дастарханына келгенде қол алысқан жоқ. Олар Бушпен қол алысып амандасты, бірақ біріне қол берген жоқ. Қонақасы барысында олар бір бірінің көзіне қарамауға әрекет жасады. Буш болса Пәкістан және Ауғанстан президенттерін азиялық осы аймақта ислам радикализміне қарсы күресте негізгі серіктестері ретінде таниды. Буш екі президентті алда тұрған талай шаруаны бірігіп атқаруға шақырды:

- Біздің барлығымыз өз мемлекеттерімізді қорғауға міндеттіміз. Сонымен қатар біз барша әлемде көбірек тыныштық орнатуға міндеттіміз. Бүгінгі дастарханымызда бас қосып отырғанымыз – стратегиялық тұрғыда келісіп алуымызға мүмкіндік береді, әріптестік қажет деп сөйлесіп алуымызға болады, ел-жұрттың болашағы сенімді болады деп үміт беруіміз керек.

Президент Мұшарраф АҚШ телекомпаниясына берген сұхбатында Хамид Қарзай елінде нашарлап бара жатқан жағдайды көргісі келмейді, "Хамид Қарзай құмға басын тыққан түйеқұсқа ұқсап кетті" деді. Хамид Қарзай америкалық телекомпанияларға берген сұхбаттарында Пәкістан президенті Ауғанстанмен шекаралас аймағында Талибан сарбаздарына пана беріп қойды деп айтты. Қарзай Пәкістан президентінің Ауғанстан шекарасын мекендейтін тайпа басшыларымен келісім жасағанын тілге тиек етті. Исламшыл қозғалыс соңғы айларда күшейіп, Ауғанстанда қақтығыс көбейе түскені аян.

Хамид Қарзай мен Перуез Мұшарраф мұның алдында "Әл Қаида" басшысы Осама бин Ладен жайында да бір біріне айып айтқан болатын. Олардың әр қайсысы Осама бин Ладен біздің елде бекініп жүрген жоқ дейді.

Жалпы, екі президенттің кездесуінің алдында Ақ үй өкілі Тони Сноу олар терроризмге қарсы күресте ортақ мүдде танытып отыр, екі мемлекетте істі табысты атқарып жатыр деген. Ал енді қонақасынан соң Ақ үй жалпылама мәлімдеме жасады, әңгіме барысы "конструктивті" болды деп шектелді. Ақ үйдің жазбаша мәлімдемесінде "Қарзай мен Мұшарраф экстремизмді жою мақсатында үйлесімдік танытуға ынталы, олар барлау мәліметтерімен алмасып тұруға келісті, терроризмге қарсы келісіп қимыл жасауға келісті, Ауғанстан мен Пәкістан халықтарының жағдайын жақсартуға бірігіп қызмет етуге келісті" деп айтылады.
XS
SM
MD
LG