“Мен олардың мүмкіндігі, Ресейдің ахуалына қарамастан, неғұрлым жақсы көрінеді деп ойлайтын едім”, -деп мәлімдейді Мэтью Максуэлл-Скотт (Matthew Maxwell-Scott).
Максуэлл-Скотт – бизнес бақылаушылары мен кәсіпкерлердің форумы болып табылатын Ұлы Британиядағы өнеркәсіп саласы Конфедерациясының ТМД елдерінің нарықтары бойынша маманы. Оның атап көрсетуінше, Мәскеудің Сахалин аралындағы ірі мұнай-газ көзін игеру жобасына қатысатын Голландияның патшалық Шелл (Shell) және басқа да шетел компанияларымен арадағы келісімнің өнімді бөлісу жөніндегі шарттарын қайта қарамақ әрекеті Ресей компанияларына деген сенімді жоғалтты. Кремльдің бұрынғы “ЮКОС” мұнай компаниясын бөлшектеп сатуы, -деп мәлімдеді Максуэлл-Скотт, -“РосНефть” компаниясының Лондон биржасында ІРО науқанын өткізуіне біршама бөгет болды. Кремль “ЮКОС” компаниясының қожайыны Михаил Ходорковскийді “салық төлеуден жалтарды” деген айыппен түрмеге жапты. “ЮКОС” өкілдерінің пікірінше, бұл айыптың “саяси астары” болды. Максуэлл-Скоттың сөзіне қарағанда, Ресейдің абырой-беделі “ЮКОС ісінен” кейін әлі оңалған жоқ. Ал “Сахалин жобасынан” туған қазіргі жанжал, - деп мәлімдейді Мэтью Максуэлл-Скотт, - Кремльге “ЮКОС ісінің” әлі сабақ болмағанын аңғартады.
Мұндай құбылыс - Тәуелсіз мемлекеттер достастығының (ТМД) өзге елдерінен мүмкіндік іздеген инвесторларға “қоңырау болды” деген пікірмен өзге сарапшылар да келіседі. Сондай сарапшылардың бірі - кеңсесі Вашингтонда орналасқан Ғалымдық кеңес беру компаниясының Ресей мен ТМД нарықтары бойынша маманы Чарльз Мовит (Charles Movit). Оның сөзіне қарағанда, “Сахалин жанжалы” – инвестициялар Ресейден теріс айналып, оның көршілеріне қарай бет бұрады дегенді білдіреді.
“Бұл - әрине инвесторлардың Ресейге деген сенімін төмендетеді. Егер Сіздің мүддеңіз әлемнің сол бұрышына ауған болса, онда мен басқа аймақтарға, сол аймақтың өзге елдеріне деген қызығушылық туғызады ғой деп болжаймын”, - деп ой бөліседі Ч.Мовит.
Бірақ, сонымен бірге, бұл - осы күзде Ресей компаниялары ІРО науқанын өткізбейді деген сөз емес. Алдағы апталарда, алдағы айларда өз акцияларын орналастыруды жоспарлаған Ресей компаниялары мен фирмаларының ішінен № 1-інші және 2-нші болып “РусАл” және “СуАл” алюминий компаниялары тұр. Оның алдында екі компания бір-бірімен қосылуды жоспарлап отыр.
Қазақстанның жеке меншіктегі “Казкоммерцбанк” коммерциялық банкі және табиғат ресурстарын игеруші “ENRC Kazakhstan Holding BV” корпорациясы да Лондонның Қор биржасына өз акцияларын орналастырмақшы. Ал ТМД-ның табиғат ресурстарына бай басқа елдеріне келетін болсақ, Чарльз Мовиттің пікірінше, ол елдерде болашақ инвесторлардың мүддесін қызықтыратын ресурстар көп. Барлық мәселе, деп ескертеді Мовит, ол ресурстарға қалай қол жеткізуге болады және сауданың қаншалықты ашық болуына келіп тіреледі.