Accessibility links

Орта Азия: БҰҰ су қорын тиімсіз пайдаланатынын нұсқап отыр


9-ыншы қараша күні БҰҰ-ының Даму бағдарламасы “Адамзаттың дамуы” туралы өзінің жыл сайынғы баяндамасын жарыққа шығарды және бұл жолы баяндама дүние жүзіндегі су проблемаларына назар аударған. “Азаттық” Радиосының тілшісі БҰҰ-ының Даму бағдарламасы шығарған баяндаманың жетекшісі Тимоти Скотпен сұхбаттасқан болатын. Оның ескерткеніндей, Орта Азияның алдында су проблемасы бойынша аймақтық ынтымақтастықтың осалдығы және суару жүйесінің күйреуі сынды қос проблема тұр.

“АЗАТТЫҚ: - БҰҰ-ының баяндамасында Орта Азияның суару жүйесіндегі проблемалары көрсетіледі. Сіз нақты ненің бұрыс істеліп жатқанын сипаттап берсеңіз?

Т.СКОТТ: - Орта Азия туралы айтатын бір нәрсе – оның дүние жүзіндегі ең экспансивті, яғни ең ысырапсыз суару жүйесі бар. Бұл, шынында да, қоршаған ортаның есебінен ауыл-шаруашылығынан, әсіресе мақта шаруашылығы саласынан мейлінше қысқа мерзім ішінде барынша мол табыс алуды көздеген совет дәуірінен қалған “мұра”. Сол себепті де олар осындай ысырапсыз суару жүйесін қалыптастырды. Мұндай жүйенің күйреуі адамның дамуына тежеу болып, кедейліктің кең етек жаюына себеп болып отыр.

“АЗАТТЫҚ”: - “Күйреу” деп Сіз нені айтып отырсыз?

Т.СКОТТ: “Бұл жүйенің алдында тұрған бір проблема – жүйенің инфрақұрылымы мен тиімсіздігінде жатыр. Мысалға, кейбір өзеннің бассейнінде судың 40 пайыздан сәл азы арнасынан бұрылып, ауыл-шаруашылығына жетпей жоғалады. Кейде өзендердің тұздануы өткен 10 жылда 50 пайыздан да асты және жерасты суының көтерілуі ауыл-шаруашылығына орасан зор қатер төндіріп тұр. Мұндай тиімсіздік адамзаттың дамуына ғана нұқсан келтіріп қоймай, орасан зор шығынға түсіреді. Орта Азия мемлекеттері суару жүйесін тиімді пайдаланбауы салдарынан жылына шамамен 1.7 млрд. доллар шығынға батады.

“АЗАТТЫҚ”: - Сіз су проблемасы бойынша аймақтағы ынтымақтастық жайында айтып берсеңіз? Менің түсінігім бойынша, әлемнің осы бұрышында егер бір мемлекет өзінің суару жүйесімен бір нәрсе істесе, онысы көрші елге кері әсер етеді?!.

Т.СКОТТ: - Аймақтағы ынтымақтастықтың әлсіздігі басқа проблема болатын. Қолдан суаруға тікелей байланып қалған бұл аймақтың ауыл-шаруашылығы өзен суларын бөлісуге тәуелді болып отыр. Демек, ауыл-шаруашылығын қайта көтеруде аймақтағы ынтымақтастықты тереңдетудің өмірлік маңызы бар. Ол Орта Азиядағы 5 мемлекет үшін ғана маңызды емес, Қытай және Ауғанстан сынды басқа көрші елдер үшін де өзекті. Осы елдердің су ресурсынан тапшылық көруі Орта Азияның суға деген сұранысына да әсер етеді.

“АЗАТТЫҚ”: - Су проблемасы бойынша тығыз ынтымақтастыққа қандай бөгет бар?

Т.СКОТТ: - Шынында да, шешімі табылуға тиісті ең басты 4 проблема бар. Оның біріншісі – суға деген бәсекелестік пен ұлттық егемендіктің мәртебесін тым жоғары қою. Өзге проблема – саяси жетекшіліктің жоқтығы және проблеманы көре білмеу. Орта Азия мемлекеттерінің биліктері мен олардың келіссөздерінде түсіністік жоқ. Және, әрине, су бассеиндеріне қатысты халықаралық бастамаларға кейбір елдің қатыспауы – шешімі табылуға тиісті тағы бір проблема.

“АЗАТТЫҚ”: - Сіз бір сөзіңізде “су проблемасы кедейліктің етек жаюына себеп болады” дедіңіз. Соны қалай түсіндіруге болады?

Т.СКОТТ: - Әлбетте, олардың тікелей байланысы бар. Арал теңізі – бүкіл әлемдегі көзге түсетін бірден-бір мысал шығар... Осыдан 60 жыл бұрын Арал теңізі – бүкіл әлемдегі тұнық сулы ең ірі көлдің бірі болатын. Аймақтағы ынтымақтастық пен өміршең ауыл-шаруашылығы мәселелерінің бұрыс шешілуі салдарынан, енді, бұл көл өзінің бұрынғы көлемінен 4 есе тартылды. Сонымен бірге оның тартылуы көлдің төңірегіндегі тұрмыс-тіршілікке түрлі жолмен кесірін тигізуде. Кезінде өркендеп тұрған жергілікті балық шаруашылығы қазір құрдымға кетті. Оның орнын басқан ауыл-шаруашылығы енді тиімсіз және, өз кезегінде, жергілікті экономиканы демеуге қабылеті жетпейді. Одан да маңыздысы – адамның денсаулығына зор кесірін тигізеді. Қазір көлдің суы ластанған”.

“АЗАТТЫҚ”: - Орта Азияның су проблемасына арналған сіздердің толық баяндамаңыз бұл проблеманың барлығы да, шынында да, судың жетіспеуінен емес, дұрыс басшылықтың болмауынан шығып отыр айтуға тиіс пе?

Т.СКОТТ: - Әлемнің кейбір бұрышында, әсіресе ауа райының өзгеруі күшейе түскен сайын, су тапшылығы, әрине, бар. Бірақ сонымен бірге, бұл - біздің баяндамамыздың ең басты тарауы болып табылады, нағыз проблема тек судың тапшылығынан емес, шектеулі су ресурстарын тиімді пайдалануға деген саясаттың, саяси ықылас-ниеттің болмауынан туады.
XS
SM
MD
LG