Accessibility links

АҚШ пен Ұлы Британия Ирақтағы саясатының үлгілерін қарастыруда


Ирақтағы саясаттың өзгеретені анық болып келеді. Өткен дүйсенбі күні Американың 2 партия өкілдерінен құрылған тобы дүйсенбі күні АҚШ президенті Дж.Бушқа, ал сейсенбі күні ағылшын премьер-министрі Тони Блэрге Ирақтағы саясаттың жаңа стратегиясын қарастыру қажеттігін мәлімдеді. Жаңа саясаттың үлгі-нұсқалары әзірше құпия болып отыр, бірақ аталған топ келесі айда Ирақтағы саясатқа байланысты өзінің ұсынысын жариялағанша, Дж.Буш та, Т.Блэр де осы саясаттың өзіндік үлгілерін алға тартып жатыр.

7-нші қараша күні болып өткен “аралық” сайлауда Дж.Буштың Республикалық партиясы ойсырай жеңілгеннен кейін Ирақтағы ахуал – АҚШ саясатының ең өзекті мәселесіне айналды. Ең басты мәселе қазіргі президенттің Ирақтағы саясатын да, оған қарсы көзқарас ұстанған Демократиялық партияның “жаңа басшылыққа” шақыруын да ескеретін ортақ стратегияны таба білу болып отыр. Осы ортақ та жаңа стратегияның үлгісін Конгресс тарапынан құрылған қос партиялық комитет ұсына ма деген үміт бар.

“Ирақты зерттейтін топ” деген атауымен белгілі бұл комитетті – АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы әрі Буштар әулетінің жақын досы болып табылатын Джеймс Бэйкер мен демократтардың бұрынғы конгресмені Ли Хамильтон басқарады. Аталған топ өзінің ұсынысын келесі айда жариялауға тиіс. Бірақ баспасөз құралдарының жаппай хабарлауынша, құрамында 10 мүшесі бар комитет Ирақтан АҚШ әскерін саты-сатылармен шығару, сондай-ақ Иранмен және Сириямен арада келіссөз жүргізу керек деген ұсыныстарды талқылау үстінде.

Аталған комитеттің дүйсенбі күні Дж.Бушпен кездесуі және келесі - сейсенбі күні Т.Блэрмен сырттай телеконференция өткізуді жоспарлауы осы топтың жұмысына Вашингтон мен Лондонның да қатысуға үміт артуын және Ирақты зерттеу міндетінің қиын болатынын байқатады. “Ирақты ахуалды зерттеу тобымен” кездесуінен кейін Дж.Буш Ирақтан АҚШ әскерін шығарудың уақытын таңдау Ирақтағы қауіпсіздік жағдайын ескеруге тиіс екенін атап көрсетті.

ДЖ.БУШ: “Менің есептеуімше, бұл өте маңызды. Дегенмен де, ең жақсы әскери ұсыныстың елдегі ахуалға байланысты болатынын Ираққа қатысты ұсыныс жасайтын адамдар мойындауға тиіс”.

Сонымен қатар Дж.Буш Ираққа немесе басқа кез-келген іске қатысты Иранмен арадағы диалог, ең алдымен, Теһранның уран шикізатын байыту бағдарламасын тоқтатуынан кейін ғана жүргізілгенін қалайды.

ДЖ.БУШ: “Егер ирандықтар бізбен келіссөз жүргізуді қаласа, біз оларға алға жетелейтін жолды нұсқадық – ол уранды байыту жұмысын тоқтату жолы”.

Ендігі жерде АҚШ президентінің әкімшілігі мен Конгрестің 2 палатасында да басым дауысқа ие болған оппозициядағы Демократиялық партияның өзара қандай уәжге келуін болжап айту қиын. Бірақ оған ықпал етуге тырысқан дауыстар көп. Олар – Атлантиканың барлық бұрышынан естілсе, тағы бірі – Дж.Буштың Ирақтағы ең жақын одақтасы – Тони Блэрдің дауысы. “Ирақты зерттеу тобымен” арадағы сейсенбіге жоспарланған телеконференциясының алдында, дүйсенбі күні британ премьері өзінің Ирақтағы және Таяу Шығыстағы саясатының басым бағыттарын ашып берді. Лондонда сөйлеген сөзінде Т.Блэр Батысты Сириямен және Иранмен келіссөзге отыруға шақырды. Өйткені, оның айтуынша, Ирақтағы қантөгіс ішкі экстремистермен біріккен сыртқы экстремистердің тікелей іс-әрекеті болып табылады. Т.Блэр “зұлымдықты оятып”, демократияны тұншықтыру үшін “Әл-Қаида” ұйымы сүннитердің көтерілісін, ал Теһран - шийттердің қарулы жасақтарын қолдап отыр деп мәлімдеді. Оның сөзі бойынша, Ирақты бүкіл аймақтағы қақтығыстардың құрамдас бөлігі етуді мақсат еткен нақ осы элементтер бүкіл Таяу Шығыста әрекет етіп келді.

Т.БЛЭР: “Ирақтағы жалғанға айтылатын жауаптың ең үлкен бөлігі Ирақтың өз ішінде емес, оның сыртында, нақ сол күштер әрекет еткен бүкіл аймақта; экстремизм “гүлденіп” тұрған, үгіт-насихаты, бәлкім, толығымен жалған болса-дағы, бірақ араб көшелерінің көпшілігі үшін өте тартымды болып көрінетін осы ғаламдық терроризмнің түп тамыры табылуға тиіс. Міне осыны мен тұтас Таяу Шығыстың стратегиясы деп атаймын”.

Т.Блэрдің қойған талабына сәйкес, Иранның көмегі аймақты тұрақтандыруға тиіс немесе өзі “оқшауланып” қалады.

Т.БЛЭР: “Біз Иранға анық стратегиялық таңдау ұсынамыз: олар Таяу Шығыстағы бейбіт келіссөзге атсалысады, оған бөгет болмайды; олар Ливандағы немесе Ирақтағы терроризмді қолдауын доғарады; олар өздерінің халықаралық міндеттемелерінен жалтармай, орындайды. Осындай жағдайда, жаңа әріптестік құру – мүмкін немесе одан басқа жол – олар әлгі талаптарды орындамауының салдарын көреді – ол “оқшау қалу”.

Сонымен қатар Т.Блэр Израиль-Палестина жанжалын Таяу Шығыстағы проблеманың “өзегі” деп бағалап, радикализмнің тамыр жаюын тоқтату үшін оны шешуге шақырды. Бірақ, Таяу Шығыстағы саясат туралы ешқандай жаңалық айтқан жоқ. Бұл сөздерін Т.Блэр Израиль премьері Эхуд Олмерттің Дж.Бушпен кездесу үшін Вашингтонға ұшып келген дүйсенбі күні айтты. Жаңалық хабарларға қарағанда, Олмерт Иранның ядролық бағдарламасына деген Израильдің іс-қимылын талқылауды кейінге қалдыруға болмайтынын айрықша байқатуға тырысты.

Пікірталас қазған сайын Ирақтағы дағдарысты Таяу Шығыстағы өзге дағдарыстардан бөліп алып шешудің екіталай екені айқын бола түсті.
XS
SM
MD
LG